РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСЫНДА «ЕСКІШЕ ОҚЫҒАНДАР» ТҰР

Тарихы бұрмаланып, тамырына балта тиген халықтың жоғын түгендеп, еңсесін қайта тіктеуге ғасырдан да ұзақ уақыт керек сияқты.  Ұлттың ұлы тірегі болатын құндылықтардың жойылуынан ауыр қасірет жоқ. Елдің рухын қайта оятып, елдікті бекемдеп, егемендікті нығайту үшін бүгіннің ғалымдары кешегі өткен ғұламалармен жалғастықты сақтап, тереңнен толғанып, жан-жақты  зерттеулер жүргізіп жатыр. Дегенмен соңғы жүзжылдықта толассыз  жүрілген «тамырынан айыру» шапқыншылығының салдарынан ұлтсызданыңқырап кеткеніміз қабылдауға ауыр болса да ақиқат. Ал, тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақытта, діңкелеп қалған, санасы сан бөлініп  кеткен халқымыздың  өзін қайта тауып, өзін қайта танып кетуі үшін бізден  ұзақ уақыт, ұдайы жүрілетін күресті талап етуде. Яғыни ұлт ретінде қайтадан оянуға, шын мәнінде рухани жаңғыруға үлес қосып жатқан ғалымдарымыз, тарихшыларымыз, филологтарымыздың ізденісі мен  үндеулері көңіл көншідеті. Алайда, ондай ғалымдардың саны аз. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпасын» аққан жұлдыздай асығыс біздің ғасырымыз сәт сайын дәлелдеп тұрғандай. Ал біздің көз алдымыздан өтіп бара жатқан замана жылтырағы мен қалтырағы көп, «жаһандану» ғасыры болды. Бұл «жаһандану» там-тұмдап сақтап отырған құнды мұрамызды замананың сел-тасқынына ала кететін сияқты. Сондықтан, замана бізден көп ізденіс, құлшынысты, ұлтқа деген ұлы махабатты талап етеді. Ол үшін «тіл, діл, дін» деген үш тіректің тұтастығын сақтап, ұлттық құндылықты өткенімізден іздеп, баба сөзінің қадір-қасиетін қайта жаңғыртуымыз керек.

Ф.ғ.д, доцент Ботагөз Мырзабайқызының кезекті сабағынан осындай ой түйдік. «Ескіше оқу» мен жаңаша білім беру жүйесі: сәйкестіктер мен қайшылықтар атты семинарында ұстазымыз қазақ топырағынан шыққан ғұламалардың, әлем таныған шығыстық классиктердің, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқандардың, сондай-ақ, Әлихан, Міржақып, Ахметтердің, Мағжан, Ілияс, Мұқтарлардың бәрі де «Құраннан» бастау алатын көне оқыту жүйесінен мейілінше сусындаған тілге тиек ете келе,  бүгінгі білім жүйесіндегі  Хақты тану, адамтану, ғаламтану ісіне кереғар тұстарын ашып көрсетті.

Сөз иесі ғалам алғаш жаралғандағы архитектерден (су, от, ауа, топырақ) бастап, арысы адамзаттық ортақ дүниетанымды, берісі қазақтың ұлттық дүниетанымын қазіргі қолданыстағы әрбір мақал-мәтелдерден (ұлттық парамеологияқ қордан), діни дискурстан іздей келіп, ғасырлар өтінде қазақ болып қаламын дейтін жұрттың бүгіні мен ертеңіне керекті ұлттық кодтың қайнаркөзін нұсқап бергендей болды.

Біз Ботагөз апайдың осы тақырыпты сабақтарын бұдан бұрын да тыңдағанбыз. Жетекшіміздің әрібір дәрісінен кейін адам ретінде, қазақ ретінде, ордасын қайта тіккен елдің жастары ретінде терең ойларға кететінбіз. Ен жатқан елдің  егістігін «арам шөптерден» отап отыратын осындай сабақтар көп болып, осы тақырыпта кітаптар, оқулықтар, зерттеулер жазылып, заманға сай жасалған (теле-арнаға, сайттарға, смарт құрылғыларға лайықталған) дәрістер, бағдармалар молыға түсуі керек деген ойдамын. Өз халқының ұлылығын, өткен тарихтағы құндылығын оқып білген, түйсінген әрбір қазақ жастары ертең елдің тізгінін ұстай алары даусыз.

Бүгінгі семинар «қашықтан оқыту» формасында жүрілді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инститының барлық қызметкерлері экран алдында отырып, кезекті дәрісті тыңдады. Ботагөз Мырзабайқызы айтқан келелі тақырыпқа ықылас білдіріп, сүйінеқойған  тіл ғылымы жолындағы үлкен ғалымдардың, ізденіс үстіндегі жастардың «бәрекелді» деспегені жоқ.

Әділет Ахметұлы
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Грамматика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, магистрант Әділет Ахметұлы

 

You may also like...