Әлеуетті әліпби – әлеуметтік көңіл-күй, Н.Қ. Шүленбаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: «Латын графикасына өту мәселесі бойынша да айтқым келеді. Оның үстіне, бұл мәселе Ұлттық кеңес отырысында көтерілді. Ондай мәселеде асығыстық жасауға болмайды. Жаңа әліпбиді енгізудің барлық аспектілерін мұқият, салыстыра, жан-жақты талдап және жетілдіру талап етіледі. Латынның ұсынылған үш нұсқасы да жетілмеген болып шықты. Сондықтан бұл мәселеде жеңіл қарауға болмайтын, шынайы, ғылыми тәсілдеме  қажет. Мәселе тек кириллицадан латынға қарапайым ауысу ғана емес, қазақ тілін реформалау, оны жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың беделді пікірін күтеміз. Тағы да айтамын, біз тек қазақ тілін реформалаймыз. Ұлт үшін мұндай тағдыршешті мәселеде науқаншылыққа, жеңілтектікке жол берілмейді!» деп, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде мұқият сараптама жасау қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін қазақ ұлтының тағдырына, болашақта оның Мәңгілік ел болып қалуына қатысты тағдыршешті, тарихи үндеу тасталған болатын-ды. Ол ­­– 2025 жылға дейін қазақ жазуын латыннегізді жаңа қазақ ұлттық әліпбиге көшіру. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Латыннегізді жаңа ұлттық қазақ әліпбиі – рухани жаңғырудың бір әрі бірегей белгісінің бірі, қазақ ұлтының келбетін, болмысын танытатын ерекше бояулы нақыш, ұлттық әлпет, бренд.

Бұл шешімді жалпы қазақ қоғамы қолдап, дереу үн қата бастады. Алайда бұл «ұр да жық», «шаш ал десе, бас алатын» науқаншылықты, асығыстықты қаламайтын үдеріс болуы тиіс еді. Келіп түскен мыңдаған әліпби жобаларын жақсылап електен өткізіп, талқылап, ішінен дыбыстарды дәл таңбалауға ыңғайлы, көзкөрімге әсерлі көрінетін үздік жобаны таңдау – қиынның қиыны және ол біреудің атақ-лауазымына, беделіне артықшылық беретін науқан емес. Мұнда латын әліпбиге ілгері жылдары көшкен түркінегізді елдер тәжірибесі де зерттелсе, тіпті де орынды.

Өткеннен еш сабақ алмаған халқымыз бұл үдерісте де асығыстыққа, науқаншылыққа бой ұрды. Жетілдірілген, соңғы шешімі жарияланған әліпби нұсқасы қабылданбай жатып, алғашқы екі нұсқа бойынша жазу етек алды. «Осы әліпбиде еңбектер жазып, оқулықтар, оқу құралдарын, сөздіктер шығаруды бастайық» деушілер де табылды. Тіпті кейбір оқыту орталықтары акутты әліпбиді оқытуға лицензия алып, әліпби шеберлерін даярлап, оларға сертификаттар табыс етті. Көшедегі баннерлер, маңдайшадағы жарнамалар, мекеме, кәсіпорын, тіпті аудан, қала, ауыл, көше атаулары әлі жетілдірілмеген әліпбиде жазыла бастады. Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында бұл үлкен шығынды қажет етері рас. Онда әліпби әр ауысқан сайын атауларды өзгерту қажет болады.

Алғаш халық назарына ұсынылып бекітілген екі әліпбидің бірін «диграф (қосәріпті) әліпби, екіншісін «апастрофты (әріптен кейінгі үтір, дәйекше) әліпби» деп атап алдық. Бұл екі жобаның да өрескел кемшіліктері көзге ұрып тұрды. Бұларда «бір дыбысқа ­– бір әріп» қағидасы сақталмады, дыбыстар дәл таңбаланбады, жазуда ыңғайсыздық туды және тіпті бір қараған адамға әріптер көзкөрімге оғаштау көрінгені де белгілі. Одан кейін 2018 жылғы 19 ақпанда тағы да жаңа әліпби нұсқасы бекітілді. Енді мұны «акутты (ноқатты) әліпби» деп атай бастадық. Ол да жұрт көңілінен шықпады. Тіпті мұны халық арасында «жылауық әліпби», «жаңбырлы әліпби», «биттеген әліпби» деп, «ат қойып, айдар тағып» алды.

Акутты әліпбидің де мынадай кемшіліктері көзге айқын ұрып тұрды:

  1. Әліпби көзкөрімге көріксіз, қолдағдыға қолайсыз болды.
  2. «Бір дыбысқа – бір әріп» принципі сақталмады.
  3. Әртүрлі әріптер бір таңбамен таңбаланып жазуда шатасу орын алды.

Мысалы, әліпбиде х, һ дыбыстарын белгілейтін һ, с дыбысын белгілейтін s таңбасы барын ескерсек, бұл дыбыстар сөзде қатар келгенде оларды тану, түсіну қиындығы туды. Мысалы: ashana (асхана ма, жоқ ашана ма), Аshat (Асхат па, жоқ Ашат па) shema (шема ма, жоқ схема ма).

  1. Әдетте акут белгісі орыс тілінде белгілі бір екпін түсіп тұрған

дыбысқа қойылатын және соған біздің де көз үйреніп кеткен. Сондықтан сөздерімізді жазғанда басқа ұлт өкілдері де төл дыбыстарымызды белгілеген акут таңбасын екпін түскен дыбыспен шатастыруы да бек мүмкін еді.

Әлем елдері тәжірибесінде диакритика әдетте дыбыстардың жуан-жіңішкелігін, екпін түсуін, ызың және жұмсақ (палаталь) дабыстарды белгілеуде, сөз жігін ажыратуда қолданылатыны белгілі. Дыбыстарды түрлі дәйекшелер қойып таңбалаудың еш әбестігі жоқ. Мәселе сол дәйекшелердің дұрыс қойылуында, яғни белгілі бір дыбыстың қызметін, реңктерін білдіретіндігін орынды таңбалауында. Ал енді апостроф дәйекше емес, диакритика – дәйекше, яғни жалпы атау. Диакритика дегенініміз – әріп үстіне, астына қойылатын әр түрлі белгілер, ноқаттар. Диакритиканың бірнеше түрі, атаулары бар. Олар: әріпасты седиль және бревис диакритикасы /Şş/, әріптүсті карон диакритикасы /Ğğ/, дауыстылардың жіңішке жұптарын таңбалайтын әріпүсті умлаут диакритикасы /ӓ/, дауыстының ұзақтығын, созылыңғы жұптарын білдіретін макрон (Ā), ызың дауыссыздарға (ч, ж, ш) қойылатын гачек (Č) диакритикасы, дыбыстың жұмсақтығын да (палатализация) білдіретін седиль (Ņ) диакритикасы және дауыстының жуан сыңарын белгілеуде циркумфлекс (Û) диакритикалық таңбасы, т.б. Мұның бәрі, сайып келгенде, А.Байтұрсыновтың бір ғана «дәйекше» сөзімен астасып жатыр.

Бұл белгілер жайында белгілі фонетист-ғалым Ә. Жүнісбеков былай дейді: «Біздің жерден жеті қоян тапқандай болып «апостроф» деп әріптің бір шекесін шертіп сәндеп, «диакритика» деп әріп төбесіне сызықша қойып шендеп, О әріпінің белінен тартып ө жасап мәндеп, ае-ні қосақтап ә деп егіздеп жүргеніміздің бәрі – Ахаңнан қалған үлгі. Ендеше, қазіргі жоба авторлары алып отырған жуан-жіңішкелік белгілер (әртүрлі нұсқасына қарамай) – сол А. Байтұрсынұлы салған  саражол. Арабы таңбалар негізінде туындаған дәйекше  дауыстылардың жуан-жіңішке таңбасына таңылып, кирилшеге көшті. Енді, міне, кирилшеден «апостроф, қос нүкте, сызықша, қосақ әріп болып», мың құбылып, латынша жобаларда жүр. Қалай құбылса да бәрінің мазмұны, яғни емле қызметі – сол бір дәйекше».

Әріптердің қосымша белгілері жайлы тағы бір танымал фонетист-ғалым З.М. Базарбаева: «Қазақ тілінде үнемдеп жазуды алғаш рет ұсынған қазақ тіл білімінің қабырғасын қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы еді. Сингармонизм заңы бойынша, қазақ сөздер я бірыңғай жуан, я бірыңғай жіңішке айтылатыны белгілі. Сөздерді бірыңғай айту үшін ғалым олардың алдына «дәйекше» деген таңбаны (белгіні) қолданған. Қазақ әліпбиін үнемдеу жайында қазақ филологиясының алғашқы профессоры Құдайберген Жұбанов та жазған. Ол 1935 жылы ғалым қазақ әліпбиін орфографиясын өзгерту жайында жоба ұсынған болатын, жазуды үнемдеу мақсатында дауыстылар мен дауыссыздарды азайтып, бірнеше фонеманы бір әріппен таңбалауды көздеген. Әр тілдің әліпбиі дыбыстарды шартты түрде таңбалайды. Оның жетіспеушіліктері мен кемшіліктері орфографиялық қағидалармен өтеледі. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасағанда фонологиялық және орфографиялық заңдылықтарды да ескеру қажет» дегенді айтады.

«Ерінбеген етікші болады, Ұялмаған өлеңші болады» демекші, Президент сөзінен кейін әліпби ұсыну науқаны жаңа қарқынмен басталды. Жер-жерде түрлі топтар жаңа нұсқалар әзірлеп, оны талқылауға жолдай бастады. Осындай талқылаулар жақында Алматы қаласы әкімдігінде, Ұлттық кітапханада жүргізілді. Онда негізінде үш жоба қаралған. Ал жоғары оқу орындары мен зерттеу институттарының ғалымдары ымыраласып ұсынған жоба, неге екенін және кімдерге ұнамағанын білмеймін, талқылауға жіберілмеген.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әдетте белгілі бір заттың шығу тегі, авторы, деректемелері мен мекенжайы болатын сияқты еді. Талқылауға ұсынылған жобаның авторы қай ұйым немесе кім екені айтылмады. Тек үш жобаның бірі – «акут (А)», екіншісі – умлаут (Ә) және үшіншісі «аралас жоба» деп аталыпты. Сөйтіпті де умлаут жобада басқа да диакритикалық белгілер қойылыпты.

Алғашқы екі жобаны (акут-умлаут) «егіз жоба» жоба деп атауға келетін сияқты. Айырмашылықтары: ә, ғ, ң, ө, ү, ң дыбыстары бірінде (акутта) әріп шекелеріне акут (‘) белгісі қойылып берілсе, екінші нұсқада тиісінше бревис ( ̆ ), умлаут (¨) , седиль (,) дәйекшелерімен берілген. Сонда қолмен жазғанда да әр әріптің төбесін түртіп отыру үшін екі қимыл керек (акутқа екі, умлаутқа үш қимыл) болады. Акут нұсқада Ң дыбысы акут (‘), умлаут нұсқада Ŋ (энг) таңбасымен берілген.

Аралас жобада ә,ө, ү,ұ әріптері кириллше беріліпті. Әрине ә әріпі басқа түркі тілдерінде (әзірбайжан – Әә, түркімен – Ää) бары рас. Ал латыннегізді қазақ әліпбиінде ө,ү,ұ әріптерін латынша белгілеу ләзім. Өйткені, не дегенмен, әліпби латыннегізді жаңа қазақ әліпби емес пе. Жобада (Ф,В,Х(Һ)) тәрізді кірме дыбыстар тағы қалып қойған. Оларды да, мүмкін болса, әліпбиден аластау қажет.

Енді кеңейтілген талқылауға енбей қалған тілші-ғалымдардың жобаларына шолу жасап көрелік.

 

 

 

 

 

Бұл әліпбиде бұған дейінгі әліпби жобаларында дау туғызған ә,и,й,і,ы,ө,у,ұ,ү,ш,ч әріптерінің таңбасы дұрыс таңбалануымен ерекшеленген. Әдетте «жақсы әліпби – әріптері фонемалардан аз әліпби» деп айтамыз. Ендеше авторлар оны да ойластырыпты (32 әріп). Әліпби тұрпаты жып-жинақы, әріптер көзкөрімге көркем әрі қолдағдыға қолайлы.

Мұнда «й» дыбысы «y» əрпімен беріледі: bay, say, ayaq. Ал «і» дыбысының сыңары саналатын «ы» дыбысы нүктесіз «ı» таңбасымен белгіленеді: qır, jır. Ғалымдар «w»-мен дауыссыз «у» дыбысын таңбалауды ұсынған: taw, sawap. Бұл – көптен бері көпшілік қолдап жүрген таңба.

Әліпби авторлары, сонымен қатар, екі ұқсас дыбысты бір таңбамен, беруді, яғни ықшамдау тәсілін шебер пайдаланып отыр. Мысалы, «u» таңбасымен төл сөздердегі дауысты «ұ»  мен кірме сөздердегі дауысты «у»-ды, төл сөздердегі дауысты «і»  мен кірме сөздердегі дауысты «и»-ді бір ғана «і»-таңбасымен беру ұсынылған. Мұнда төл сөзде келетін ұ дыбысы мен кірме сөздегі у дыбысын, төл і мен кірме и дыбысын шатастыру бола қоймас. Ал балаларға жылдам да дұрыс үйрету – білікті педагогтардың болашақ жұмысы.

Ш дыбысының да таңбалануы оңтайлы шешімін тапқан. Ол ағылшынның s әріпіне седиль (,) дәйекшесі қойылып, Şş нұсқасында ұсынылыпты. «Ч» дыбысын да осы таңбамен берген жөн шығар. Сонда кірме сөздердегі ш-ны да, ч-ны да осы таңбамен белгілеуге болады. Мысалы, şаr, şеmodan, şеmpion, şеk, т.б. Ал әліпбиде кірме ч дыбысы Ç таңбасымен беріліпті.

Сондай-ақ, тіл мамандары халықаралық практикаға сəйкес, кейбір кірме дыбыстарды төл дыбыстарды таңбалайтын əріптерімен белгілеуді жөн санаған. Бірақ бұл көп емес, өйткені әліпби латтынегізді әліпби болуы керек. Мысалы, «і» әрпі төл сөзбен келгенде әдеттегідей «і» (ini, kim, til, din) ретінде оқылса, ал кірме сөздерде «и» дыбысына (ministr, internet) айналады. Төл сөздегі «ұ» дыбысын «u» деп белгілеу, дәл осы таңбамен кірме сөздерде кездесетін дауысты «у» дыбысын да (universitet, prokuratura) жазу ұсынылған.

Әліпбиде ң дыбысы Ŋŋ таңбасымен беріліпті. Несі бар, алғашында көзге оғаш көрініп, қолға ыңғайсыздық туғызса да үйреніп кетерміз. Ал менің ойымша, бұл дыбысты N (н) әріпінің астыңғы жағына седиль (,) дәйекшесін қойып, Ņņ таңбасымен берсек дұрыс болар еді.

Бұл әліпби бойынша х,һ-дан басталатын сөздер қ арқылы айтылып, жазылатын болады. Мысалы: һаbаr (хабар), һаt (хат), halık (халық) – qabar, qat, qalıq (қабар, қат, қалық) және т.б.

Жұл жобада екі кірме әріп (ф, ч) қана қалып отыр. Мүмкін болашақта оларды да алып тастауға қол жеткізуге болатын шығар. Сонда әліпбиде бас-аяғы 30 әріп болады. Міне, ғалымдар айтып жүрген «ықшамдылық, «үнемдеу» дегеніміз.

Бұл нұсқа Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты 2006-2015 жылдар аралығында жүргізген кешенді зерттеу нәтижесінде жарық көрген «Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау» атты және Халықаралық Түркі академиясы 2017 жылы арнайы шығарған «Түркі ортақ латын әліпбиі» атты монографияларына, «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрамындағы «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» жөніндегі жұмыс тобының және түркі тілдес мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастық ұйымы «Түрік кеңес» шешімдеріне және бірнеше халықаралық ғылыми конференция қарарларына толығымен сәйкес келеді.

«Осы күні Мемлекет басшысы тапсырмасын орындау барысында Мәдениет және спорт министрлігі ең соңғы және жауапты кезеңге жетіп отырған тұста, ұзақ мерзім ішінде жан-жақты қарастырған, көптеген құжаттармен рәсімделген тіл мамандарының ортақ пікірі негізге алынатынына үмітіміз зор»,– дейді Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек мырза.

Белгілі тілші-ғалым Бижомарт Қапалбек қалған кірме дыбыс-таңбаларды әліпбиден түгел алып тастауды ұсынады. Ол: «Бұрынғы президент бекіткен жобаларда Ц және Ч таңбалары болған. Олар қазір жоқ. Неге? Өйткені оларды саясат сүйреп жүрген еді. Ғылым қабылдамаған соң кетті. Үшеуі қалып қойды (Ф,В,Х( Һ)). Қазақ тілінің жүйесі үшін бұлар вирус, бөтен. Тіл жүйесі, тілдің ішкі заңдары бұларды керек қылып отырған жоқ. Бұны жобадан-жобаға сүйреп жүрген саясат және саясатқа жалтақтаған ғалымдар» деп қалған төрт кірме таңбаны да алып тастауды ұсынады. Осылайша, ғалым «Ұлттық әліпби жобасын» енгізуге кеңес береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Меніңше, кірмелердің бәрін шығарып тастасақ, олардың орнын ауыстыруға төл әріптеріміздің де пәрмені жетерлік тәрізді. Несі бар, бұрын бұл әріптермен берген дыбыстарды төл дыбыстарымызбен айта, жаза береміз. Мысалы: fabryka (фабрика), bagоn (вагон) һаbаr (хабар), һаt (хат), halık (халық) сөздері тиісінше, fabryka, bagоn, qabar, qat, qalıq (пабрійка, багон, қабар, қат, қалық) болып таңбаланады әрі дыбысталады.

Бүкіл саналы ғұмырын қазақ тілінің дыбыстар жүйесін, әліпбиін, емлесін, жалпы үндестік заңын терең зерттеуге арнаған Ә.Жүнісбек пікірі неге ескерілмейтініне түсінбей жүрмін. Менің ойымша, Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бастап, Әлімхан ағай мен басқа да белгілі тілші-ғалымдар бір ауыздан келісіп, ымыра-пәтуә жасасып ұсынған жобаға басымдық берген абзал. Келесі жолы жалпыхалықтық талқылауға осы Тіл білімі ғалымдары бірлесіп ұсынған жоба мен Ұлттық әліпби жобасы ұсынылса, ең оңды шешім болар еді.

«Ауыруын жасырған – өледі» дейді қазақта. Жасыратын не бар, елге, тілге қатысты тағдыршешті мәселе қарарда, жоба не бағдарлама жүзеге асырарда қолында билігі, қоржынында қаражаты бар органдар қажетті, білікті ғалымдарды дұрыс таңдап, іріктей алмай жатады. Тіпті сол салаға мүлдем қатысы жоқ мамандар жұмысқа алынады. Кейбір атағынан ат үркетін ғалымдарымыз өздерінің жеке басараздықтарын қоздырып, өзімбілемдікке салынып, әдептен озып, тізеге басып өзге ғалымдарды шеттетіп жүргенін құлақпен естіп, көзбен көріп жүрміз. Ендеше, ел боламыз, сол елге тап-тұйнақтай әліпби ұсынамыз десек, «бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып», ынтымақпен әрекет етейік. Әркет түбі – берекет!

«Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден»

деп ұлы хакім Абай ескерте жырлағандай, ел үшін жасар игі істе оспадар, оғаш қылықтарға бармайық. Әйтпесе «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деген ғұлама ойшыл өзі іргетасын қаласқан қазақ әдеби тілінің «бөтен сөзбен былғанғанына» налып, ұрпақтарының жетесіздігіне күйініп, жоғарыдан күңірене үн қататын болады. Қалың қазақ жұртының наласына, достың күлкісіне, дұшпанның табасына қалып жүрмейік.

Біреулер «мына әріп таңбасы қарақалпақта бар, ана әріп өзбекте бар, ал мынау әзірбайжан мен түрікте бар, олай болмайды, біздің әліпби басқалардан ерекше, теңдессіз болу керек» деп байбалам салады. Дұрыс та шығар. Алайда жаңа әліпби жасауда әлем елдерінің, түркітектес елдердің қателіктерін есекергеннің, озық үлгілерін пайдаланғанның еш оғаттығы жоқ дегенді айтқым келеді.

Қорыта айтқанда, әлі де кейбір әріптердің таңбаларын өзгертіп, оларды жетілдіріп, тек содан кейін ғана тап-тұйнақтай емле ережелерін жазып шығуға болатынын байқап жүрміз. Бұл істе асығыстыққа, науқаншылдықққа жол берудің еш қажеті жоқ. Әріптердің артық-кемшілігі оларды қолданғанда (жазғанда, оқығанда) белгілі болатын тәрізді. Алда әлі қыруар жұмыстар жүргізілуі тиіс. Оның ішінде компьютер пернатақтасына төл дыбыстарымызды беретін таңбаларды орналастыру мәселесі де бар.

Қысқасы, бұрынғы акутты әліпбиді жылы жауып, одан бас тарту керек. Ол өзінің сөздерді таңбалауда еш әлеуеті жоқ әліпби екенін көрсетті. Енді жаңа ұсынылған әліпбилерді жетілдіріп, ширата түсу жолында келелі пікір, салиқалы ой, сындарлы ұсыныстар айту, қалың жұртшылықтың, зиялы қауымның, әсіресе тілші ғалымдардың азаматтық, ғалымдық парызы деп білемін. Өйткені әліпби астарында елдің көкейкесті арман-мақсаты, кемел келешігі тарих таразысына түсіп тұр.

Н.Қ. Шүленбаев,
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
терминология бөлімінің ғылыми қызметкері