ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАЙЫҚ

«Удостоверение личности» тіркесінің баламасы «жеке куәлік» емес. «Жеке куәлік» дегенді аударсақ, личное удостоверение болады. Дұрысында, жеке куәлік көп. Кез келген куәлік (жүргізуші куәлігі т.б.) – иесінің өзіне ғана тиесілі, жеке құжаты. Ал «удостоверение личности» дегеніміз – Қазақстан Республикасының азаматы екенін танытатын, 16 жасқа толғаннан кейін ғана берілетін, адамның жеке басын куәландыратын құжат, паспорттың бір түрі.
Паспорт екіге бөлінеді: ел ішінде қолданылатын және шет мемлекеттерге шыққанда қолданылатын құжат. Шетелге шыққанда қолданылатын құжат кез келген жаста беріле береді. Ал ел ішінде қолданылатын құжат Қазақстан Республикасының азаматы 16 жасқа толғанда ғана беріледі. Қытай қазақтары «удостоверение личности» тіркесінің баламасы ретінде «азаматтық куәлік» деп қолданып жүр. Шынтуайтына келгенде, бұл балама құжаттың сипаттамасына дәлірек келеді. Алайда «азаматтық» сөзінің орнына «азамат» деп қана алуға болады. Себебі қазақ тілінің табиғатына сәйкес зат есім басқа зат есімнің алдынан келгенде ешқандай қосымша жалғанбай-ақ анықтауыштық қызмет атқарады (алтын сағат, ағаш қасық т.с.с.). Оның үстіне «азамат» сөзін ер адамдарға ғана қатысты қолданып, әйел адамдарды «азаматша» деп атау да қазақ тілінің табиғатына жат. Қазақ тілінде -ша/-ше жұрнағы кішірейту мәнді қосымшаға жатады (сандықша, көрпеше, қобдиша т.с.с.).
Тілімізде ана, әйел, бәйбіше, қарындас, сіңлі, т.с.с. әйел адамдарға ғана қатысты қолданыстар болғанмен, ол жалпылық сипат ала бермейді. Сол себепті мәжіліс төрағасы, аға ғылыми қызметкер, аға сержант, аға лейтенант, т.с.с. тіркестер қыздарға да қатысты қолданыла береді. Апа (әпке) ғылыми қызметкер, апа (әпке) сержант, апа (әпке) лейтенант, т.с.с. тіркестер тілімізге қаншалық жат болса, төрайым, азаматша сөздері де қолданыстан шығарылуы керек. Сондықтан мұндай сөздерде әйел не ер адамға қатысты жіктеудің қажеті шамалы.
Осы тұрғыдан алғанда, «удостоверение личности» тіркесінің баламасы ретінде «азамат куәлігі» деп алсақ, тіліміздің табиғатына да сәйкес келер еді әрі құжатты дәл сипаттар еді. Елдігімізді танытатын, Қазақстан Республикасының азаматы екенімізді білдіретін құжаттағы қателіктерді жойып, терминдерімізді, жаңсақ түсініктерді реттестірудің орайы келді.
(Жалғасы бар)


Орынай Жұбаева
Филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі
#тілтазалығынсақтайық