РУХПЕН СЫРЛАСУ НЕМЕСЕ ЕСКЕРТКІШ, Әділет Ахметұлы

РУХПЕН СЫРЛАСУ НЕМЕСЕ ЕСКЕРТКІШ, Әділет Ахметұлы

21.02.2020 Off By Администратор

 (Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылына, поэмадан үзінді)

«Қашықтасың туған жер – қалың елім,
Не бір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен. Қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.

Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Әкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түңіледі».

  • Әбу Насыр әл-Фараби

 

Еске түсіп туған жер, есіл елің,
Шамда сен шабыт мініп отыр едің.
Құм секілді құбылған адамзатқа,
Қасіреттен қайғы еміп көкірегің.

Күмбір-күмбір күндерде күрсініп те,
Түбі терең түндерден түршігіп те.
Мың екі жүз жылдан соң мен де жүрмін,
«Зиялы аз бір тұтам тіршілікте…»

Әбу-ай, адамзаттың әулиесі,
Ақиқаттың ойшылы һәм жүйесі.
Оқи алмай келемін мол мұраңды,
Отырардың болсам да заңды иесі.

Данышпаным, айбыным, қара нарым,
Рухыңмен жер жүзін араладың.
Көз алдыма келеді Шам елінде,
«Шаңыт жолға» үмітпен қарағаның.

Ніл бойында жүрдің-ау жыр шығарып,
Сыр жататын ол сәтте кілкіп ағып.
Бір қыпшақ кеп қалар деп күттің бе екен,
Ауылыңның ақжарма құртын алып.

Тұранда туған мекен жерің қалды,
Арыста алтын тұғыр елің қалды.
Бізді күтіп шаршаған ақ жүрегің,
Ақыры Дамашықта демін алды.

Тырысып тылсымыңды аңғаруға,
Адамзат бар назарын аударуда.
Сағыныш сарығыңды баспаған ел,
Санасы сан бөлініп сандалуда.

Далаңның өлеусіреп мың жылғы әні,
Қобыздың зар илейді мұңлы ырғағы.
Шынның жүзін көруден жасқануда,
«Қайырымсыз қаланың тұрғындары».

«Жақсыларын жаманы жазғырмаған,
Әділетін әзәзіл азғырмаған».
«Ізгі қала болса» деп армандадың,
Арманыңның сұлбасын жаздың, Бабам!
Ұлы дала ұл-қызын оятатын,
Рухыңмен ұлы жыр жаздыр, маған!

Алысып дүиенің жұмбағымен,
Ғаламды бір оятқан, туғаным ең!
Өлеңмен бір ескерткіш қойдым саған,
Өзіңнен қалған жырдың жұрнағымен!


Әділет Ахметұлы   

Ақын,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері