Ұлт ұлысы ұлықталды, Н.Қ. Шүленбаев

Ұлт ұлысы ұлықталды, Н.Қ. Шүленбаев

06.02.2020 Off By Администратор

Абай – дана, Абай – дара қазақта.

Бүгін Алматы қаласы Жетісу аудандық ғимараты алдына ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбаевқа арналып орнатылған ескерткіш-мүсіннің ресми ашылу салтанаты болып өтті. Іс-шараға қала әкімі, қала жұртшылығы, ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымы, ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам және мемлекет, мәдениет пен спорт қайраткерлері (М.Әуезов, Н.Нүсіпжанов, Ж.Үшкемпіров, т.б.), ЖОО оқытушылары мен мектеп мұғалімдері қатысты.

Ұлы Абайға тағзым етуге келген қала жұртының қарасы қалың. Хакім Абайдың мүсін-ескерткішін әкім Бақытжан Сағынтаев пен жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубаев ресми түрде ашты. Бюстінің жалпы биіктігі – 4 метрге жуық. Оның авторы Қазақстан сәулетшілер Одағының мүшесі академик Бинашев Тілеуберді ағамыз екен. Ақын мүсіні жиналған жұртты баурап алғаны соншалықты, алдымызда тірі Абайдың өзі жымия, сынай қарап тұрғандай күй кештік, көпшілік біраз абдырап қалды, көздеріне қуаныш жасы келді, ерекше қайталанбас сезімге бөленді.

Өз алғысөзінде әкім Б. Сағынтаев Абай қазақтың басты идеологы екенін айта келе, оның қара сөздері мен өлеңдерінен дәйексөздер келтіре отырып, шағын да мағыналы баяндама жасады. Бұл шара «Рухани жаңғыру» аясында, «Шексіз қала» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқанын, Абай ескерткіші маңы да қала халқының демалатын сүйікті орындарының бірі болатынына сенім білдірді. Әкім қаланы абаттандыру, қала халқының жайлы өмір сүруі үшін 7-8 бағытта жұмыстар жасалып жатқанын, алда бұл игі істер жалғасын табатынын тілге тиек етті.

Келесі сөз иесі жазушы Смағұл Елубаев: «Абай ескерткіші Қазақстанның еш қаласында орнатылған жоқ, ал Алматыда Абайға арналған үшінші ескерткіш бой көтерді. Қазақстанның қай бұрышына барсаңыз да Абайдың рухы, оның ілімі сезіліп тұрады, қара сөздері, өлеңдері, әндері мен күйлері әлдеқашан танымал болған, олар халық рухының ажырамас бір бөлшегі іспеттес, ал ескерткіш қою – басқа бір әлем. Өйткені ескерткіш адамға сол адаммен тілдесуге, соған мұң шағып, арыз айтуға, онымен етене жақын сырласуға тікелей күш береді, адам одан ғарыштық қуат алады», деді. Жазушы жұртты Абай ілімін зерттеп-зерделеуге, оны тек бір жыл жүзінде ғана емес, тұрақты түрде наихаттауға шақырды «Абай – қазақ рухы. Оның рухын танысақ, ілімін жадымызға тоқып, терең ұқсақ, сонда ғана Абайға лайық ұлт боламыз. Абай арқылы тәрбиеленіп қана есімізді жиып, барымызды ұқсатып, жоғамызды жоқтай аламыз» деді жазушы.

Содан кейін сөз алған сәулетші Амандос Әтибекұлі Ақанаев: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шығармашылық өкілдеріне зор жауапкершілік пен сенім артып отыр. Ол бізге ерекше шабыт берері ақиқат. Ұлы Абайдың келісті мүсінін Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал сәулетші-академик Тілеуберді Бинашев жасап шықты. Ескерткіш маңы болашақта қаланың ең көрікті жері атанатынына, жастарға патриоттық тәрбие беретін, оларды отансүйгіштікке баулитын рухани орын боларына сенім зор», – деді. Сәулетші мүсінді жасауға қаржылай көмек көрсеткен қала әкімдігіне, меценат-демеушілерге суретші-сәулетшілер атынан алғыс білдірді.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әктөрі Б. Әбділманов Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен таңдалып, сұрыптап-жинақталған ақын монологын оқыды. Орындалған қойылымның әсерлілігін ауызбен айтып жеткізуге тіптен сөз жетпес, оны тек көрген адам ғана бойына дарытады, түйсігімен қабылдайды, сезім елегінен өткізеді,  Абаймен бірге өмір сүреді, содан тағылым алады, сөйтіп, жиналған жұрт ерекше бір тылсым да тұңғиық, қиял әлеміне, Абайдың рухани әлеміне тағы да бір сапар шегіп қайтады…

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Опера және балет театрының әншілері Абайдың композиторлық қырын да барынша ашып берді. Олар ақынның классикаға, әлемдік музыка өнерінің шедевлеріне айналған  «Айттым сәлем, Қаламқас, «Желсіз түнде жарық ай» сынды сезім қылын шертетін әуезді әндерін тамылжыта орындап халықты тағы да желпіндіріп тастады. Ән тыңдаушысын тапты. Баяу басталған ән шарықтау шегіне, өз эпогейіне жетіп, жоғары нотада аяқталды. Халық тағы да сең соққан балықтай әсерге бөленді, өйткені жүректен шыққан ән жүрекке жеткен еді. Ал бұл әндер:

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар…» деп Абай жырлағандай, есті әндер қатарынан екен-ау, сірә!

Жиын соңында қайырлы қаланың қарапайым тұрғындары ескерткіш-мүсінді тамашалады, суретке түсті, біраз уақыт әкіммен әңгімелесті, оған Абайды ұлықтағаны үшін алғыс білдіріп жатты, әкіммен және ескерткіш-мүсін алдына естелік суреттерге түсті.

Сөйтіп оңтүстік астана халқы өз ұлтының ұлысын ұлықтады, оның рухына тағзым етті, өсиетіне адал болуға, болашақта ел болуға ұмтылуға уәде бергендей тарасты… Онда барған әрбір адам ерекше бір рухани азық алып, бойына тасыған қуат құйып, санасына терең ой түйіп қайтқанына бек кәміл сенімдімін. Ендеше, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек…» деп хакім Абай айтпақшы, ел мен жер, тарих пен тіл, діл мен дін үшін майданда сергек те қырағы жүрейік, ағайын. Бабалар аманатын болашақ өскелең ұрпаққа қиянатсыз жеткізейік дегім келеді.


Н.Қ. Шүленбаев,
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
терминология бөлімінің ғылыми қызметкері