Ұлы дала данышпанының 1150 жылдық мерейтойы (Мақсұтхан Жақып)

2020 жылдың 29 қаңтарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қалашығындағы  Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдық мерейтойының ресми салтанатты рәсімінің  ашылуы өтті.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ. Көшербаев, Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, Алматы әкімі Б.Сағынтаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БҰҰ, ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және т.б. халықаралық ұйымдардың, ҚР-дағы дипломатиялық миссиялар өкілдері, ЖОО ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ жетекшілері, шетелдік және еліміздің көрнекті ғалымдары және  БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында алғашқы боп сөз алған Қырымбек Көшербаев: «Тұңғыш президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» аты мақаласында әйгілі ғұламаның тұлғасы мен мұрасына лайықты бағасын берді. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат әл-Фарабидің жаңа орта­лығын құру және оның жұмысы БҰҰ мен ЮНЕСКО үшін маңызды»,- деді мемлекеттік хатшы.

Түркия Республикасының Ұлы ұлт­тық мәжілісінің депутаты Метин Гүн­доғду биылғы Фараби жылында Түркия Республикасының ресми өкіл­дері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірге Ыстанбұл мен Анкарада түрлі іс-шара өткізетіндігін жеткізді.

Салтанатты жиынның ресми бөлігін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің ректоры Ғалым Мұтанов қорытындылады.

Ұлы дала данасын ұлықтаған мерейтойдың құрметті қонақтарының қатарында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы профессор Ерден Қажыбек бастап барған Түркология жəне тіл тарихы бөлімінің қызметкерлері  тың серпін, терең ой түйіп қайтты. Тіл білім институты атаулы күнді атаусыз қалдырмайды. Мәселен, әл-Фараби жыл аясында өткізілетін халықаралық конференцияларға қатысуға, Əл-Фарабиге арнап шығарылатын энциклопедияға өзіндік үлестерін қосуға, ғылыми мақалалар жазуға жəне көп тіл білген дана ғалымның тіл білімі туралы еңбектерін, шет тілдеріндегі шығармаларын аударуға құлшына кіріспек. Институт сайтында «ӘЛ-Фараби әлемі-1150» мерейтойлық айдар ашылды.  Ендігі мақсат – ұлы ғалымның мерейтойына арнап, ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық ауқымда өтетін іс-шараларға институт ұжымы белсене қатысып, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы т.б ұйымдармен бірлесе отырып, маңызды жобаларды жүзеге асыру.

Əбу Насыр əл – Фараби: «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жәй ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек. Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтырлы ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды. Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбіңнен көп алыста жатады”,-деуі тегін емес. Бұл –  ұлттың бойтұмары, рухани темірқазық. Жаңғыру жолындағы бағдарымыз болмақ…


Мақсұтхан  Жақып,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
Түркология және алтаистика бөлімінің ғылыми қызметкері