АҚЫЛ-ОЙДЫҢ БРЕНДІ (Базарбаева Зейнеп Мүслімқызы)

АҚЫЛ-ОЙДЫҢ БРЕНДІ (Базарбаева Зейнеп Мүслімқызы)

27.01.2020 Off By Администратор

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Бұл еңбектің негізгі идеясы – «Абай сөзін бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігін көрсету». Абайды терең танып, шығармашылық мұрасын әлемдік деңгейде насихаттау және Қазақстанның бренеді, символы ретінде жұртшылыққа кеңінен таныстыру.

Президент көп жыл дипломатиялық қызметте болғандықтан әлемдік деңгейдегі көптеген тұлғаны назардан тыс қалдырмайды. Ғылымды, мәдениет пен әдебиетті дамытуға зор үлес қосқан, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ғұламалар еңбегі қандай рөл атқарса, Абай еңбектері де сол сияқты, ол ғаламдық құндылыққа айналатын алып тұлға деген сенім алға тартылады. «Мысалы, Қытайда Лао-цзы мен Конфуций, Ресейде Достоевский мен Толстой, Францияда Вольтер мен Руссо. Ал қазақтардың мәдениетін, дәстүрін, бітім-болмысын Абай арқылы танытуға болады, дейді Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Абай шығармаларын мұқият оқуға шақырады, себебі оның «түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса маңызды. Қазақстандықтардың үйінде Абайдың кітаптары және М.Әуезовтың «Абай жолы» романы болуы тиіс дейді. Төрінде Абайы тұрған қазақ рухани өсіп-өркендейді, өркениеттен артта қалмайды деген ойды санаға ұялатады. Абай шығармаларына мән берсек, ақынның ғылым мен білімге ерекше назар аударғанын аңғарамыз. Әлемнің өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер еткені тағы аян. Ол Батыс пен Шығыстиың мәдениетін шебер ұштастыра білді. Сондықтан да Абай өзге тілдерді үйренуге шақырады.

Абайдың бұл көз қарасы қазіргі заман талабына сайма-сай. «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» дейді. Басқа елдермен бәсекелес болу үшін, дамыған елдер қатарынан қалмау үшін қай салада болсын көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеру маңызды. Сондықтан да біз алдыңғы қатардағы елдердің құрамына кірудің бір шарты ағылшын тілін білу деп санаймыз. Мақала авторы айтқандай, «өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін оның тілін меңгерудің маңызы зор, ағылшын тілін үйренуге басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді».

Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, жаза білетін маман ғана бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Өзге тілдерді білетін адамның танымы кеңейіп, басқа халықтың мәдениетін, тарихын, дәстүрін үйренеді, рухани болмысы байиды.

Қазақ халқының жан дүниесі, рухани негізі болатын ана тіліміз Елбасы айтқандай «Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет». Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек» деді. Демек, бұдан шығар қорытынды – «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» болуы тиіс.

Абай шығармашылығына бүгінгі уақыт тұрғысынан баға берсек, оның білім мен ғылым туралы ой-пікірлері әлі де маңызы мен мәнін жоғалтпағанына көзіміз айқын жете түседі. «Адамның білімі қақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпен болады» – деген ұлы ақын. Абайдың бұл тұжырымы қазіргі қоғам үшін өте өзекті. Осы бір рухани серпіліс ғылым саласы жеткілікті қаржыландырылып жағдайымыздың алдағы уақытта жақсара түсетініне иландырады. Ғалымдардың жұмысы көзге көрінбейтін «инемен құдық қазғандай» деп бекер айтылмаған. Күннен-күнге жүйелі түрде еңбектенбесең жемісті нәтиже шықпайды. Сондықтан жастарымыз ғылымға бара бермейді, өз отбасын бағу үшін олар жұмыстан тез нәтиже күтеді. Ал кітап жазып, монография шығару үшін таланты айтпағанда, уақыт пен шыдамдылық керек.

Талап бойынша, докторлық дәреже алу үшін, мақалаларды халықаралық scopus базасындағы журналдарда ағылшын тілінде жариялау керек.  Сондықтан ғалым болғысы келгендер ағылшын тілін үйренеді. Қазіргі кезде орта деңгейде өмір сүру үшін ғалымдарға бірнеше ғылыми жобаға қатысу қажет. Жобаны алдын ала дайындап, оны ғылым комитетіне ұсынғанша қаншама тер төгіледі. Сондықтан ғылымға қазіргі кезде тек энтузиастар, ғылымды шын мәнінде сүйетін тұлғалар барады.  Ал қоғамның ғылымсыз алға баспасы белгілі. Бұл ретте Президент мақаласында: «Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келеді» дейді.

Абайдың өлеңдері және қара сөздері жастарды азаматтық рухта тәрбиелеуге, өз елін құрметтеп, патриоттық сезімді орнықтыруға және интеллектуалды ұлт қалыптастыруға шақырады. Абайдың негізгі зерттеу нысаны – адам. Хакімнің «толық адам» деген тұжырымы – бұл өзі терең философия. Мұны терең және жан-жақты зерттеу керек. Ежелгі заманнан бері адамдар «толық адамның» мәнін түсінуге тырысты. «Толық адам» дегеніміз қай жағынан алғанда да мінсіз дегенге жақын. Толық адам барлық жағымды қасиеттердің жиынтығы деп түсінеміз. Мақала авторының тұжырымдамасы бойынша бұл «өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адам». Демек, бұл моралды, интеллектуалды, жаупкершілігі мол  адамдарға ғана тән сипаттама. Президенттің «толық адам» концепциясы, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деген ойыға қосыла отырып, Абайдың мол мұрасы «қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызметет ететініне сенеміз. Президент мақаласы ұлы ақын, композитор, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау қарсаңында шыққаны Абай шығармаларын қайтадан жаңа көз қараспен, жаңаша пайыммен, тереңдеп оқып талдауды талап етеді


Зейнеп Мүслімқызы Базарбаева – филология ғылымдырының докторы, профессор,
ҰҒА корреспондент-мүшесі