Қазанама. Орны толмас қаза…

Қазанама. Орны толмас қаза…

13.01.2020 Off By Администратор

Жаңа жылдың алғашқы айының  9 жұлдызында, қазақ, жалпы түркітану тіл білімінің білгірі, белгілі қоғам қайраткері, майталман тілші-журналист, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтбаев Өмірзақ Айтбайұлы қайтыс болды.

Қазақ тіл білімі мен мәдениетіне орасан зор үлес қосқан тіл сардарының қазасы қалың қазақ жұртының, тіл сүйер қауымның қабырғасын қайыстырып, қайғыртып кетті. Қазақ ғылымы мен білімі орны толмас тұлғадан айырылды. Соңында қалған ел-жұрты, туыс-жақындары аза тұтуда.

Айтбаев Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылдың 5 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтагөл аулында белгілі ақын Айтбай отбасында дүниеге келген.

ҚазМҰУ-дің филология факультетін бітірген Ө. Айтбайұлы «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері болып қабылданып, онда 1962 жылдың наурызына дейін қызмет істеді. Сол жылы Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданды. 1971 жылы «М. Горький фразиологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» атты тақырыпта диссертация қорғады. 1981 жылдан Терминология бөлімінің меңгерушісі, кейіннен бас ғылыми қызметкер болып қызмет жасап келді. 1992 жылы «Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының  қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Академик Өмірзақ Айтбайұлы 1973 жылдан бері Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті (бұрынғы Министрлер Советі) жанындағы Мемлекеттік Терминология комиссиясының мүшесі, ғалым хатшысы болды. Ол 1998 жылы ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, 2003 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды.

Үкімет Ө. Айтбаевтың ғылым мен білімге қосқан үлесін жоғары бағалап, бірнеше орден-медальдармен, түрлі марапаттармен награттады. 1996 жылы Ы.Алтынсарин атындағы медальмен, 1998 жылы Президент жарлығымен «Құрмет» орденімен, ал 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, 2007 жылы Қазақстан Республикасының «Парасат» орденімен, 2011 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ғылыми зерттеу тақырыптары бойынша түрлі ғылыми жинақтарда ғылыми жорналдарда мақалалары жарияланды. Бірнеше монография, 600-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

Академик Өмірзақ Айтбайұлының қазасына орай, жұбайы – Гүлзамира Айтбаеваға, қызы – Ләзиза Айтбаеваға және барлық туған-туыс, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

Қазақтың руханиятына, тілі мен мәдениетіне ұшан-теңіз үлес қосқан Өмірзақ Айтбайұлының жарқын бейнесі халқымыздың есінде мәңгі сақталады.

Бақұл бол, сардар аға, қазақтың абыз ақсақалы…