«ЖАПОН-ҚАЗАҚ БІР ТУҒАН»
2019 жылдың 19 маусымында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында танымал алтайтанушы, көне жапон, көне түркі тілдерінің маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Әзербаев (РФ, Мәскеу) «Жапон және қазақ тілінің ұқсастығы» деген тақырыпта баяндама жасады.
Семинарда баяндамашы түркі тілі орал-алтай тілдер тобынан бөлек, финн-угор мен мадьяр-венгр тілдеріне жақындығына, тіпті маньчжур, жапон тілімен етене байланысты екендігіне тоқталды. Яғни, ежелгі түркі тілі мен көне жапон тіліне салыстырмалы-салғастырмалы талдау жасағанда, туыс тілдер болып шығатындығына көз жеткізді. Ғалым еңбектеріндегі жапон және қазақ ұқсастығын, түркі тілдерінің өткені мен бүгінгісі жөніндегі терең тұшымды ойларын ортаға салды. Жиын барысында жалпы түркі әлеміне, түркі тілдерінің тарихы мен рухани мұраларына, көне жапон тілі мен көне түркі тілдерінде кездесетін ортақ сөздерге, Кеңес одағы кезіндегі түркітанудың зерттелуі туралы біршама сөз қозғалды. Институттың зиялы қауымы, жас ғалымдар өз ой-пікірлерін білдірді, семинар қызу пікірталас пен сұрақ-жауапқа ұласты.
Түркітану ғылымының ілгері дамуына еселі үлес қосып келе жатқан профессор Ерғали Әзербаевтың семинары ауқымды ғылыми мәліметтер мен жаңа көзқарастарға толы болып, өте тартымды жоғарғы деңгейде өтті. Семинардың соңында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры ф.ғ.д., профессор Ерден Қажыбек өз сөзінде: «Қазіргі таңда өзіндік зерттеу жүргізу дәстүрімен ерекшеленетін бірқатар ғылыми мектептері, бағыттары бар, зияткерлік әлеуеті мықты, кадрлық және материалдық-техникалық базасы қалыптасқан қазақ тіл білімі мен түркітанудың өзекті ғылыми мәселелерін қарастырып жүрген мекемеміз – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына келгеніңізге үлкен алғыс. Сіздің түркітану ғылымына қосқан үлесіңіз орасан зор және әлі де жаңа тың еңбектерді дүниеге алып келеді деп сенеміз әрі сенім артамыз!» -деп алғыс білдірді.
Еліміздегі негізгі күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – түбі бір түркі тілдес халықтардың басын біріктіретін, түркі елдері арасындағы достық қарым-қатынасты өркендетуді, ортақ мәдениет пен тілді, тарих пен өнерді, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпты сабақтастыра зерттеуді, рухани игіліктерді келешек ұрпаққа көз қарашығындай сақтап жеткізуді, түркі дүниесінде ортақ тіл мен әліпби қолдану мүмкіндіктерін қарастыру. Аталған мақсатты орындауда тілдің тарихын көнеден қарастыратын, барлық тілдерде еркін ғылыми сараптама жасай алатын танымал алтайтанушы, көне жапон, көне түркі тілдері және электроника маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Әзербаев секілді ғалымдарымыздың еңбектерін жандандыру, жарияланбаған тұстарды халықпен қауыштыру мақсатындағы мұндай ісшаралар қазіргі ғылымға ауадай қажет екені сөзсіз.
Жанар Абитжанова, Балжан Ешметова
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері