БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМДАР БАС ҚОСТЫ

2019 жылдың 13-14 маусым күндері Алматыда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты, «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы, Қазақстан ұлттық кітапханасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  «Жазба жәдігерлер және рухани мұра ғылыми-зерттеу» орталығы және Кыршехир Ахи Евран университеті Түрік тілі бөлімі бірлесіп ұйымдастырған Түркі халықтарының  ортақ мұрасын зерттеуге арналған «Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеу (Қолжазбаларды жариялау, каталогын жасау және цифрлау)» атты Халықаралық симпозиум өтті.

Симпозиумға түркиялық белгілі ғалым, Гази университетінің профессоры, доктор Ахмет Бижан Ержиласун, Кырыккале университетінің профессоры, доктор Билгехан Атсыз Гөкдағ, АҚШ Висконсин университетінің профессоры Юлай Шамилоглы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы, профессор Тұрсын Жұртбай бастаған  50-ден астам көрнекті ғалым қатысты.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының (бұдан әрі – Институт) директоры, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерден Қажыбектің бастамасымен «Түркітану және алтаистика» бөлімінің құрылған болатын. Симпозиумға қатысқан белгілі ғалымдар Ахмет Бижан Ержиласун мен Юлай Шамилоглы Институт қызметкерлерімен жүздесіп, ғылыми ұйымның тыныс-тіршілігімен танысты.

Кездесу барысында Институттың бас ғылыми қызметкерлері, профессорлар – Әлімхан Жүнісбек, Мырзаберген Малбақов, Асқар Жұбанов, Жамал Манкеева өз кезегінде жылы лебіздерін білдірді.

Институт директоры Ерден Қажыбек өз сөзінде: «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Біз өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түгендегеніміз жөн» – деп, түркітану ғылымына жаңа міндеттерді қоса жүктеп отырғандығын атап өтті, алдағы уақытта халықаралық деңгейде ғылыми ынтымақтастық байланысты арттыру мақсатында бірнеше жобаның қолға алынып жатқанын мәлімдеді.

ҚР БҒМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Оставить комментарий

avatar
  Subscribe  
Notify of