Елдеске арналған тұңғыш конференция

Биылғы жылдың 17-ші мамырында Ұлттық кітапханада ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, ҚР Ұлттық кітапханасы мен ҚР Орталық мемлекеттік архиві бірлесе отырып  дарынды ғалым, педагог, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері Елдес Омаровтың тұңғыш конференциясын ұйымдастырды.

Бұл шараға шетелдік ғалымдар, Отандық айтулы ғалымдар, Мемлекеттік мұрағат басшылары, ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер, докторанттар мен магистранттар қатысты. Конференцияны тізгіндеген  ҰҒА корреспондент мүшесі Ерден Задаұлы Қажыбек бүгінде Алаш арыстарын дәріптеп, олардың ғылыми мұраларын таныту қолға алынып жатқандығын, осы мақсатты жүзеге асыруда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бірнеше конференция ұйымдастырғанын, Алаш арыстарының бірталай еңбектерінің жарыққа шыққанын айта келіп, латын әліпбиіне көшуде осы ғалымдарымыздың ұстанымдарын шамшырақ ететінімізді жеткізді. Одан кейін сөз алған Орынбор облыстық «Халықтар достығы үйі» қоғамдық ұйымының төрайымы Сәуле Советханқызы Ресей мен Еуразия кеңістігіне тарыдай шашылған қандастарымызды бір ортаға біріктіретін, рухани жақындастыратын Алаш арыстарының идеялары екенін айтты. Сондай-ақ бұл ауқымды конференцияға алаш арысы Қошке Кемеңгерұлының шөбересі Л.Гумилев атындағы Ұлттық университеттің доценті Қайырбек Кемеңгер арнайы келіп, алаш арыстарының әлі зерттеуді қажет ететін ғылым айналымға түспей жатқан еңбектері хақында өз ойымен бөлісті.

Отандық Алаштанушы ғалымдардың, атап айтқанда, Айгүл Ісімақованың «Е.Омарұлы – ахметтану, қошкетану, әуезовтанудың негізін қалаушы» тақырыбындағы, Фаузия Оразбаеваның «Қоғам  қайраткері,ғалым  Е.Омарұлының  руханимұрасы:  педагогика  және  тілтаным» тақырыбындағы,  Бейбіт Қойшыбаевтың «Елдес Омаров – ұлт азаттық қозғалыстың қайраткері»,  Ақылбек Шаяхметтің «Ел қамын жеген Елдес», Анар Салқынбайдың «Елдес Омарұлы зерттеулерінің қазіргі кездегі өзектілігі», Светлана Смағұлованың «Елдес Омарұлы қазақ тарихы хақында», Орынай Жұбаеваның «Елдес Омарұлының терминжасам ұстанымдары» т.б. баяндамалары конференцияға қатысушыларға Елдес Омарұлының өмірі мен шығармашылығынан мол ақпарат берді. Елдестің туысы, техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Шуақаев «Елдес Омарұлының математикалық зерттеу әдістері» тақырыбындағы баяндамасында ғалымның тілді математикалық дәлдікпен зерттеуінің ерекшелігін көрсетті.

Сонымен қатар ҚР ОММ директорының орынбасары  Мәрзия Жылысбаева, ҚР Ұлттық кітапхананың сирекқолжазбалар бөлімінің меңгерушісі Толқын Зәмзаевалар Елдес Омарұлына қатысты архив деректері мен қорларда сақталған ғалымның еңбектері туралы айта келіп, өткенімізді түгендеу кезек күттірмейтін мәселе екендігін жеткізді.

Жиын барысында Елдес Омарұлының шығармалары мен Орынборлық ғалым Татьяна Тугайдың «А.Байтұрсыновтың Орынбордағы жолы» атты кітабының тұсаукесері болды. Филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева (конференцияның ұйымдастырушысы) Алаш арыстарының рухына арнап дастархан жайып, құран бағыштады.

Елдес Омарұлы кім? (оқырманға түсініктірек болуы үшін).

ХХ ғасырдың басы қазақ тарихында рухани ояну дәуірі болғандығы белгілі. Ұлттың өзіндік белгісін сақтап қалатын негізгі қасиеттерінің бірі– тілекенін терең түсінген қазақ зиялылары өз беттерінше білімін жетілдіре отырып, қазақ тілі бойынша оқулықтар жазған, баспасөз беттерінде түрлі пікірталастар ұйымдастырып отырған. Елдес Омарұлы – ұлттық  тіл білімінің қалыптасып, дамуына өзіндік үлес қосқан дарынды ғалым, педагог, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері. Елдес Омарұлы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне сүйене отырып, ұстазының ойларын сол күйінде алмай, сан қырынан қарастырып, толықтырып отырған. Ғалым қазақ тілінің табиғатын, дыбыстық жүйесін сезініп қана қоймай, тілдегі дыбыстарды жан-жақты тексеріп, түрлі аппараттарды қолданған. Ғалымның ой-тұжырымдары «Тіл заңын бұзбау керек», «Қазақ тілінің дыбыстары», «Емле өзгертуге арналған жоба», «Емле мәселесі», «Жазу мәселесі», «Қазақша жазу жайы», «Айнымалы дыбыстарды жазу ережесі», т.б. мақалаларында, «Қазақ тілі» оқулығында, 1924 жылғы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының бірінші съезінде, 1926 жылы Баку қаласында өткен Бүкілодақтық конференцияда, 1927 жылы Ташкентте әліпби мәселесіне байланысты айтыс, 1929 жылы Қызылордада өткен ғылыми-орфографиялық конференцияда сөйлеген сөздерінде т.с.с. көрініс тапқан.

Ғалымның еңбектері осы уақытқа дейін ғылыми айналымға толықтай ене алмай келеді. Оның басты себебі – еңбектерінің араб жазуымен сақталуында. Ғалым еңбектерінің құндылығы жыл өткен сайын арта түсуде, әсіресе, бүгінгі латын әліпбиіне көшу барысында емле, терминжасам, шет тілден енген сөздердің берілуінде ескеретін тұстары өте көп.

 Шормақова Арайлым

Грамматика бөлімінің қызметкерi


Оставить комментарий

avatar
  Subscribe  
Notify of