Еленген еңбек

2019 жылдың 19 наурызында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мәжіліс залында институт директоры Қажыбек Ерден Задаұлына мемлекеттік тілді латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшіру жұмыстарын іске асыруда қосқан үлесі үшін АҚШ-тың «StrategEast» зерттеу орталығы «Тілдік және мәдени вестернизация» аталымының сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. «StrategEast Westernization Award» сыйлығын тапсыру үшін орталықтың қазіргі маманы, Израильдің Қазақстандағы бұрынғы елшісі Михаэл Бродский мырза мұхит асып, сонау Америкадан келді.

Жиынды Ерден Задаұлының өзі ашты. Ұжым мүшелеріне келген қонақты таныстырды. Ғалым өзінің кіріспе сөзінде тіліміздің небір нәубеттерден аман өтіп, бүгінгі күнде мемлекеттік тіл дәрежіне жетіп отырғанын, алайда оның үстемдік құрып, қоғамның барлық саласында іс жүзінде кең қолданылмай отырғанын, ендігі мақсат туған тілді тұғырына қондырып, оған қажеттілікті арттыру, ана тілдің жұмсалым аясын кеңейту, тілді латын әліпбиіне кезеңмен көшіру екенін атап өтті.

«Тіл – кез келген ұлттың, мемлекеттің негізгі тірегінің бірі. Сондықтан мықты ел болу үшін оның тілінің қарыштап дамуы қажет болатыны сөзсіз. Осы орайда Израиль елінің де жаңаша жаңалықтарымен де танысқан да артық емес. Өйткені көне заманғы жерінен айырылып, жер жүзіне тарыдай шашылған еврей жұрты ескі жұртына қайта оралып, ел болды. Ал елдік құрған елге ресми тіл қажет болады. Бұл жолда еврейлер өлі тіл саналған ивритті қайта жаңғыртып, Израилдің ресми мемлекеттік тілі дәрежесіне дейін көтерді. Ендеше, жоғалған елі мен тілін қайта қалпына келтірген жұрттан үйренеріміз көп, бірақ бұл елмен байланыс әлі де дұрыс жолға қойылмай келеді», – деді Ерлан Задаұлы.

Өз кезегінде сөз алған Бродский мырза: «Соңғы жылдары Қазақстан қоғамындағы латыннегізді әліпбиге көшу туралы мәселеден хабардармын. Өзім де сіздің елде үш жыл елші болып жұмыс жасағанмын. Бұл тәуелсіз Қазақстанның өзі қалаған, таңдаған шешімі, оның сәтті болатынына сенімім мол. Бұл – бірден жүзеге аса салмайтын, ұзақ та қиын үдеріс. Бұл жолда бұрынғы жылдары латын әліпбиіне көшкен Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан елдерінің тәжірибесін де ескерген дұрыс болатын шығар. Латын әліпбиіне көшу елдің әлемдік өркениет көшінен қалмауын қамтамасыз етеді, әлем елдерімен, әсіресе ағылшын тілдес елдермен саяси-экономикалық, мәдени, тарихи және т.б. байланыстар орнатуға, жылдам, жаңа ақпарат алуға мүмкіндік береді. Біздің Орталық, негізінен, жаңа технологиялар, инновациялар, ақпараттар таратумен айналысады. Орталық басшылығы кезекті сыйлығымызды Ерден Задаұлына беруді ұйғарды. Сіздер бұл сыйлыққа лайықсыздар», – деді.

Ерден Задаұлы: «Израиль жұртының ұйымшылдығына, жұдырықтай жұмыла алу қасиетіне таң қаласыз. Екі елдің де ортақ тұстары баршылық. Қазақта да ел болу, өз ұлтын сүйе білуді, бірлікті білдіретін «Әр қазақ – менің жалғызым, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер», т.б. толып жатқан мақалдар бар. Сондықтан Израиль елімен екі жақты өзара тиімді байланыстар орнату қажет. Ондай елден үйренеріміз мол. Бізде де иврит тіліне байланысты көне жазулар, тіпті Алматыда көне иврит тілінің ерекше диалектісі сақталған деген де ақпарат бар. Сондықтан  алдағы уақытта екі ел арасындағы ғылыми байланыс», – деп, иврит тарихына, тіліне байланысты қызықты әңгіме өрбітіп отырды.

Қонақ та ондай мақалдардың иврит тілінде де барлығын мақұлдады. Содан кейін Израиль елінің құрылуы, оның ресми тілінің пайда болуы мен даму тарихы туралы қызықты мәліметтер айтып өтті. «Израиль мемлекетін құру, оның ресми тілі ретінде көне, өлі тіл, дін тілі саналған – көне иврит тілін ресми тіл ретінде алу кезінде сенімсіздік тудырды, яғни жүзеге аспайтын арман сияқты көрінгені белгілі. Әдетте өлі тіл саналған тіл тарих сахнасынан жоғалады. Ал Израиль мысалында ол басқаша болды. Еврей жұртының ауызбірлігі, сенімі мен ұйымшылдығының арқасында бүгінгі алдыңғы қатарлы технологиялар мен инновациялар елі – Израил мемлекеті пайда болды, өлі тіл саналған иврит тілі қайта жаңғырып дамыды.

Рас, алғашында заманауи заттарды атауға жаңа сөздер, жаңа сөздер жасауға көне тілдің әлеуеті нашар болды, Бірақ сол көне сөздерге тиісті көптеген жұрнақтар (префикс, суффикстер, постфикстер) жалғау арқылы жаңа сөздер жасай алды. Бүгінде елде кез келген халықаралық сөзді өз тілімізге икемдеп алуға тілдің мүмкіндігі артып отыр», – деп сөзін аяқтады америкалық қонақ. Ол сөзінің соңында институт ұжымына зерттеу жұмыстарында, тіл үшін күресте сәттілік тіледі.

Жиынды қорытындылаған Ерден Задаұлы арнайы келген Бродский мырзаға алғыс білдіріді. Бұл марапат тек бір өзінің ғана емес, бүкіл ұжым еңбегіне берілген ерекше сыйлық екенін де тілге тиек етті. Болашақта Қазақстанның Еуропа, Америка сияқты елдермен түрлі салаларда қатынастар дами беретінін сенім білдірді.

Нұрлан Шүленбаев,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

Оставить комментарий

avatar
  Subscribe  
Notify of