БАСПАСӨЗ БАЯНЫ

2009 ж ақпан айында Мажарстандық қыпшақ текті түрколог ғалымы, белгілі қоғам қайраткері, түркі халықтарының ынтымағы жолында үлкен еңбек сіңірген Мандоки Қоңыр Иштванның туғанына 65 жыл толады.

Мандоки Қоңыр Иштван (1944, Карцаг Венгрия–1992, Макачқала, Дағыстан)  түркологиядағы айтулы тұлға, Еуропадағы құман-қыпшақтар мен түркі жұрттары арасындағы тарихи-мәдени байланысты зерттеу мәселесін  сапалық жаңа деңгейге көтере білген ғалым, түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетін аудару, зерттеу, насихаттауда үлкен еңбек сіңірген қайраткер. 1965 жылдан өмірден озғанға дейін Шығыс Еуропада Балқаннан бастап, Орта, Кіші, Кіндік Азия және Орал, Алтай, Памир, Орхон  бойына дейін жүріп өткен кең аумақта Қоңыр мыңдаған жандарға ой салды, ынтымақ пен ізгілікке шақырды. Түркітілдес бауырларының ортасында ғылыми іс-сапармен жүргенде, жүрек ауруынан дүниеден озған  Қоңырдың сүйегі  өз өсиеті бойынша қазақ жеріне – Алматыдағы Кеңсай зиратына жеткізілді.

Қоңырды есте қалдыру, оның мұраларын игеру барысында елеулі шаралар атқару – барша түркі  халықтары ерекше ден қояды, атқарылып жатқан шаралар аз емес.

Мандоки Қоңырдың 65 жылдығына орай халықаралық TҮРІКСОЙ ұйымы, Халықаралық түріктану орталығы (төрағасы Е.З.Қажыбек) және Қоңыр атындағы Алматы қ. №154 мектеп кешенді шаралар ұйымдастырып отыр. Атап айтсақ, ақпан айының 8, 9-күндері өткен Таэквандодан республикалық турнирге 17 облыс пен қаладан команда шақырылды.10-ақпан күні туған күні қарсаңында Кенсайдағы Қоңыр зиратын гүл шоқтарын қою, түстен кейін  №154 мектепте (Ақбұлақ ықшамауданы, Қ.Шәріпов к., 138) Түріктанудан жастар арасындағы ғылыми жобалар жарысы өтеді. Сондай-ақ  «Жаңа сахна» театры, «Қоңыр ұландары» КВН командасы бағдарламасы және Қоңыр мұражай-мүйісі тамашалауға шақырады.

Ақпан айының 11-күні  сағ 10. 00-да Қазақстан Жазушылар Одағының Мәжіліс залында Мандоки Қоңырға арналған 3 бірдей кітаптың тұсаукесері және  «Қоңыр оқулары» халықаралық оқулары басталады. Шараға республикамыздың әр түкпірінен және Түркия, Қырғызстан, Мажарстан (Венгрия), Татарстан, Башқұрстан, Дағыстаннан келген белгілі ғалымдар мен қаламгерлер, сондай-ақ  Қазақстандағы шетел Елшілері мен дипломаттары қатысады.

Тұсаукесерде Мажарстан қыпшақтарының қилы тағдыр-талайы мен Қоңырдың шығармашылығы, аңсары туралы сөз еткен Қоңыр мұрасын насихаттау, есте қалдыру саласында тер төгіп жүрген елтанушы Ернар Мәсәлімнің «БАЛАТОНҒА БАРАР ЖОЛ – ОДИНОКОЕ ДЕРЕВО» атты еңбегі (ExpressPro баспасы, 2008. 272 бет)  сондай-ақ Дағыстанның Халық жазушысы, ақын Бадрудтин  Магомедовтің  қаламынан туған Қоңырдың аңсарынан сыр шертетін «УЪЗЮЛГЕН УЪЗЕНГИ-ОБОРВАННОЕ СТРЕМЯ» атты (Макачкала: Дағыстан Мем Кітап баспасы, 2008, құмық, орыс тілінде, – 450 б.+сур) кітабы таныстырылады.

Түркі халықтарының тарихы мен ғылымына Қоңырдың қосқан зор үлесін ескере отырып,  Орталық ғылыми кітапхана Мандоки Қоңыр Иштванға арнаған ғылыми-ғұмырнамалық жинақты «Ұлы тұлғалар» атты  ғылыми-ғұмырнамалық серия бойынша жарыққа шығарған «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БІРТУАР ҰЛАНЫ» [Алты Алаштың ардақтысы, көрнекті түркітанушы, мәдениет қайраткері, Мажарстан ғалымы   Мандоки Қоңыр Иштванға арналады] 1944–1992. / Құраст. Л.Д.Әбенова. Бас ред.: ҰҒА академигі Б.Е.Көмеков, т.ғ.к. Б.Хинаят. Жауапты ред. К.К.Әбуғалиева. Ғылыми кеңесші Е.З. Қажыбеков. -Алматы: ОҒК,  2008. -386 б.+суретті.) еңбегінің тұсаукесері өтеді. Жинақта бұрын қазақ баспасөзінің бетінде жарық көрмеген Қоңырдың еңбектерінен таңдамалы үзінділер, өз қолымен жазған құжаттар, естеліктер, хаттар, Қоңыр еңбектерінің толық библиографиясы, ол туралы жарық көрген еңбектер  т.б. деректі материал мен мағлұматтар көрініс тапқан.

Шараларға келем деушілерге есік ашық.

 

Байланыс телефондары: 2566 086, 299 517  Э-почта:  yernar.massalim@gmail.com

Оставить комментарий

avatar
  Subscribe  
Notify of