Алматыда Ұлы даланың жеті қыры мақаласы туралы дөңгелек үстел өтті

Алматыдағы Достық үйінде Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бастамасымен «Ұлы даланың жеті қыры: прототүркіден қазақ тіліне дейін» атты ғалымдар мен тарихшыларды бір арнадан тоғыстырған халықаралық дөңгелек үстел өтті.  Басқосуда Елбасы мақаласындағы Ұлы даланың тарихына, салт-дәстүріне, өнері мен фольклорына, музыкасына, ұлы есімдеріне, киносы мен телевизиясына, сондай-ақ тарихи сананы жаңғыртуға арналған ұстаным-тұжырымдар сараланды.

Ғалымдар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихымызды тереңнен тануға, кезінде түрлі идеологиялық  тыйымдар мен қилы замандардың қыспағынан бізге жете алмай қалған асыл-мұраларды зерделеуге жол ашады деп есептейді. Мақалада баса айтылған тақырыптар, тарихымызға қатысты қордаланып қалған  мәселелер  шоғыры бүгінде жоспарлы әрі жүйелі түрде қолға алына бастады. Алдағы жылдан бастап Тіл білімі институты бұл тұрғыда арнайы әзірленген бағдарламасын жүзеге асырамыз деп отыр. Бұл ұлы дала мұрасын сала-сала бойынша зерттеуге мүмкіндік тудырмақ.

«Біз өзіміздің Елтаңбамызға, басқа да ұлттық рәміздерімізге алтын адамның кейбір өрнектерін енгіздік. Десе де ресми ғылымда скиф, сақтар бізге ешқандай қатысы  жоқ сияқты көрінеді. Классикалық тарихқа жүгінсек, бір кездері біз бұл жерлерге ауып келдік, бұрын мұнда басқа елдер тұрды деген сияқты теориялар бар. Таза лингвистикалық тұрғыдан, кейбір антропологиялық тұрғыдан жасалған зерттеулер бұларды жоққа шығарған. Бірақ осыларды ғылыми деңгейде дәлелдеу, жүйелеу және әлемге паш ету күні бүгінге дейін қолға алынбаған. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осы олқылықтардың орнын толтырып, ежелгі өркениетімізді  тануымызға, әлемге әйгілеуімізге нақты бағдар көрсетіп отыр» – дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек.

– Бір кездері тарихты тура айту қауіпті болды. Бекмаханов «Кенесары» туралы еңбегі үшін қандай қиындыққа тап болғанын жақсы білеміз. Бұл оқиға қаншама тарихшыларға сес болды. Амалсыздан, ата-бабаларының ерлігі мен өрлігін ашық айта алмады. Бұл шындықтарды ашық айтқан, бұл процесті ең алғаш бастаған сөзсіз қаламгерлер қауымы деп айтар едім. Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов бастаған қазақ жазушылары айтылмай қалған тарихты көркем шығармалары арқылы көрсете бастады. Бізде барымызды салдық, сол үшін басымыз талай дауға қалды. Бірақ ақиқаттан айныған жоқпыз. Егемендік алып, еңсемізді тіктеген тұста ғасырлар қойнауына қатталған шынайы тарихымызды тура танитын кез келді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бәрімізді осыған шақырады, – дейді белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов Басқосуда қазақ халқының прототүркіден келе жатқан ежелгі тарихы, ұлы даланың Ұлы есімдерін насихаттау, түркілер тарихына жаңа көзқарас қалыптастыру,  қазақ түркологиясының міндеттерін нақтылау сынды маңызды тақырыптар талқыланды.

Толығырақ: https://egemen.kz/article/almatyda-uly-dalanynh-zheti-qyry-maqalasy-turaly-doenhgelek-ustel-oetti

Оставить комментарий

avatar
  Subscribe  
Notify of