ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДІ…

Биыл қазақ тілінің дамуына өзіндік үлес қосқан ғалым, профессор, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Әсет Болғанбаевтың 90 жылдығы. Осыған байланысты Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы конференция залында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың 7 қыры» атты мақаласынының аясында «Сөз сиқырын зерделеген ғалым» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел барысында Ә.Болғанбайұлының «Сөз әлемі» кітабының салтанатты тұсау кесу рәсімі өтті.     P.S. Дөңгелек үстелдің жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысқан Бибігүл Болғанбаеваға, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының беделді қызметкерлері филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Манкееваға, ф.ғ.к. А.Әмірбековаға, жас маман-ғалымдарға алғыс айтамыз.

Бүкіл ғылыми еңбек жолын қазақ тіл біліміне сарп еткен көрнекті ғалым Қарағанды облысындағы киелі Ақтоғай жерінде дүниеге келді. Әкеден ерте айырылды, еңбекке ерте араласты. Мектептен соң, Қарқаралы педучилищесін тәмәмдап, арман қуып Алматыға жол тартты. Қазіргі  әл Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық  университетінің  филология факультетіне түсіп, үздік оқып, зерделігімен, білімге құштарлығымен ғалымдардың назарына ілікті. Оқуды бітірісімен, Қазақстан ғылым академиясының Тіл білімі институтына қызметке тұрды. Осынау киелі ғылым ордасында Әсет Болғанбайұлы жарты ғасырдай еңбек етті. Азамат ретінде, ғалым ретінде ол осы жерде қалыптасты. Тіл білімінің күрделі саласы – лексикология мен лексикографияға арналған ғылыми монографиялары тек ғалымның ғана емес, қазақ лингвистикасының шыққан биігі десек, артық айтқандық болмас еді.   Ә. Болғанбайұлы   қазақ  тіл  білімінде зерттелмей жатқан күрделі де тың сала сино­нимдерді зерттеуді алғаш қолға  алған адам.  Ол Ғ.Мұсабаевтың  жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі зат есімдік синонимдер» атты кандидаттық (1956), А.Ысқақовтың кеңесшілігімен «Қазақ тіліндегі синонимдер» (1972) атты докторлық диссертацияларын қорғады. Оның «Қазақ тіліндегі синонимдер» (1970) атты ғылыми монографиясы қазақ, түркі тіл білімінде жоғары бағаланып, ғалымды түркологиядағы жетекші лексиколог дәрежесіне көтерді. Қалың жұртшылыққа танытты.  Сонымен қатар, оның есімінің ұлттық тіл білімі саласында мәңгілік алтын әріптермен жазылуына алғышарттар жасаған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1961), «Абай тілі сөздігі» (1968), 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986), сәл кейінірек жарық көрген 1 томдық түсіндірме сөздік сынды еңбектер болды.  Әрине, мұндай ауқымды еңбектерді ғалым бір өзі жазып шықпаса да, кезінде ат салысқан барша зерттеуші ғалымдар Ә.Болғанбаев еңбегін, ғылымға қосқан ерен үлесін бір ауыздан мойындаған болатын. Сондай-ақ ғалымның қаламынан жоғарғы оқу орындарына арналған «Қазақ тілінің лексикологиясы» және «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты оқулықтары жарық көрді. Қазақ тіл білімінің аса өзекті деген мәселелері бойынша ғалымның жариялаған екі жүздей мақалалары, ғылыми сипаттағы дүниелері де жетерлік.

Орыс лингвистика ғылымында С.Ожеговтың алатын орны ерекше. Ал, қазақ тіл білімінде сол ғалымның еңбегінен кем түспейтін Ә.Болғанбаев әзірлеген түсіндірме сөздіктер түркі тектес елдердің бірде-бірінде сол тұста болмағанын ескерсек, ғалымның тіл саласына сіңірген ерен еңбегін түсінген болар едік. Өкініштісі, ғалым 2000 жылы жарық көрген 1 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» және өзі жинастырып, толықтырған тоғыз мыңнан астам сөзді құрайтын синонимдер сөздігін көре алмай кетті. Кейіннен сол сөздіктерді өңдеп, толықтырып жарыққа шығарған ғалымның шәкірті С.Бизақов болды.

Ғалымның көзін көрген замандастары, шәкірттері Әсет Болғанбаев туралы: «Азаматтық ажары мен ғылымдағы ғұламалығы жете ұштасқан, турашылдығы, әділет ұғымын бәрінен де жоғары қоятындығы, асқан шешендігі, көне тарихтан, ұлы тұлғалар ғұмырынан сыр шерткен білімдарлығы, сұлу мінезі, өзгені тартып тұратын кісілік келбетімен дараланатын. Сөз  өнерінің  шебері,  халқымызға  танымал  тілші-ғалым, бойында ұлттық рухы мол, елін, жерін, халқын сүйетін патриот еді. Еңбексүйгіш,  жинақы,  қарапайым болатын,  үлкенмен  үлкенше,  кішімен кішіше  сөйлесетін  ақжарқын,  тұла  бойына  біткен  толып  жатқан  жақсы қасиеттерімен дараланатын, халқының қасиетін қадірлейтін, әдет-ғұрпын сыйлайтын, аналарды қастерлеп, қыздарын айрықша аялайтын. Жазылған дүниелерді ерінбей қарап шығып, қамқор көңілін көрсетіп, ыстық лебізін білдіріп,  жылы  қабақ  танытатын  адамгершілігі  мол,  кісілігі  биік  жан болатын», деген естеліктер айтады. Бұл адами қасиеттері, ғылым жолындағы өлшеусіз еңбегі, тым қарапайым болмысы, өзгеге жәрдем жасауға деген құлшынысы, өзін құрметтейтін шәкірттерінің көптігі Ә.Болғанбаевтың өмірдегі азамат ретіндегі қалпын ашады.

2001  жылы  қыркүйекте  Қарағанды  облысы,  Ақтоғай  ауданы, Үшарал ауылындағы мектепке Қазақстан Республикасы Мемлекетік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Әсет Болғанбайұлының есімі берілді. Мектеп ішінен арнайы мұражай ашылып, сыртқы қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Елі танымал тұлғасын құрметтеді.

А.Пиязбаева  

А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері

 

Оставить комментарий

avatar
  Subscribe  
Notify of