«Латын әліпбиі: тәжірибе, пікір» атты халықаралық конференция өтті

Конференцияға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек, Түркия Кыркшехир-Ахиевран университетінің профессоры Осман Кабадайы, Назарбаев университеті Түркітану және қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, АҚШ Винконсин университетінің профессоры Юлай Шамилұғлу, Қырғыз елінің ғалымы, халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы, профессор Қадірәлі Қоңқабаев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қыздархан Рысберген, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Алдашова қатысып, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерге тоқталды. Алғаш боп сөз алған Лаззат Тұрлашов «Құрметті конференцияға қатысушылар! Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуіне баса назар аударылған болатын.

Мемлекет басшысы аталмыш мақалада латынға көшудің маңызы зор екендігін атап өтті. Бұл орайда латын қарпіне көшу кезеңдерін жүзеге асыру шаралары Алматы облысында қарқынды түрде жүргізілуде. Өткен жылдан бері Талдықорған қаласында ғана емес, облысымыздың әр өңірінде түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер, түсіндіру жұмыстары, көптеген жиындар ұйымдастырылды. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес  құрылған ақпараттық-түсіндіру тобы бірнеше елдімекенге барып, тұрғындармен жүздесті»-деді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек «Қазіргі таңда ғалымдардың қатысуымен  өзге аймақтарда да бірқатар жиындар өтуде. Негізгі мақсат — жаңартылған латын негізді әліпбиіміздің емле жобасының ережелерін жұртшылыққа таныстыру,  түрлі аудиторияның пікірін білу. Алдымыздағы жылы емле ережесінің соңғы нұсқасы бекітіледі деп жоспарлануда. Жыл аяғында орфоэпиялық, орфографиялық сөздіктер шығарылады»-деп ережелерде әлі де өзгерістер болуы мүмкін екенін айтып, елдімекен, ғимарат атауларын латын қарпінде жазуға асықпаған жөн деді. Шара барысында жиналған қауым сауал қойып, пікірлерімен бөлісті.

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры. Елбасы Жарлығы шыққаннан бері бірқатар мақсатты шаралар атқарылды. Ең алдымен, Қазақстан Республикасы Премьер министрінің өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді. Ұлттық комиссия құрылып, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу топтары жұмыс істей бастады. Аталған жоспардағы ең үлкен мәселе – үстіміздегі жылы жаңа әліпбидің емлесін әзірлеп, оны бекіту.

Осы маңызды мәселені орындау үшін жыл басынан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірқатар ғылыми жұмыстар мен ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды. Атап айтқанда, Тіл білімі институты емле ережелердің жобасын әзірлеп, біздің сараптауымызға ұсынды. Ол жоғарыда аталған жұмыс топтарына таныстырылып, оның ішінде орфографиялық және әдістемелік топтар осы емле ережелерді бірнеше рет сараптаудан өткізді.  Семинарларда ғылыми пікірлердің қайшылығы да болды. Бірақ ақылдаса, ойласа келе ғалымдар ортақ ғылыми уәжге тоқтады. Қыркүйек айының бастапқы күндерінен бастап біз еліміздің барлық жоғары оқу орындарының тіл кафедраларына емле ережелердің жобасын жолдадық, барлығы 52 кафедраға. Бұл кафедралар жобаны өздерінде ғылыми талқыға түсіріп, бізге хаттамаларын жіберіп отыр. Яғни емле ережелер еліміздегі барлық тілтанушы ғалымдарға таныстырылды. Оның бер жағында орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарына енбейтін тәуелсіз сарапшыларға да сараптауға ұсындық. Олардың да пікірі алынды. Осы келіп түскен пікірлерді, ескертпелерді, ұсыныстарды «Тіл-Қазына» орталығының ғалымдары және орфографиялық топ мүшелері сараптап, олардың ескеруге тиістілерін ақылдаса отырып, емле ережелер жобасына енгізуде. Жаңа әліпби емлесінің сынама жұмыстары тамыз айында Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында өткізілді. Мұндай сынамалар 3000-ға жуық адамды қамтыды. Жаңа әліпбидің емлесін бұлайша сынақтан өткізіп отырған себебіміз, әліпбиді ауыстыру – тек лингвистикалық құбылыс емес, сонымен қатар, әлеуметтік құбылыс деп қарауымыз қажет.

Сондықтан бұл орайда әлеуметтің көзқарасы айқындалып, жан-жақты сараптаулардан кейін шешімдер қабылданатын болады. Егер тілді сол халықтың өмір сүруінің, қарым-қатынасының, өзін бір халық ретінде сезінуінің ең басты айғағы дейтін болсақ, сол тілді жүйеге түсіретін, сол тілде жазу мәдениетін қалыптастыратын емле ережелерді тілдің конституциясы деуге болады. Емле ережелер тілдік ерекшеліктер мен құбылыстардың жүйеленген хаттамалық құжаты. Яғни тілдің табиғаты сақталу үшін мәдениет пен ғылым һәм сақталып, һәм даму үшін, халық өзінің тілінде білім алуы, әлемді тану үшін емле ережелердің маңызы орасан зор. Тіпті ол солардың барлығының да басты кепілі. Сондықтан да біз осы емле ережелерінің әзірленуі мен сарапталуына ерекше мән бердік. Қазіргі кезеңде «Тіл қазына» ұлттық орталығы жаңа әліпбидің және оның емле ережелерінің бірнеше мобильдік қосымшасын дайындай бастады. Қазақстанның әрбір азаматының қалта телефонында әліпби нұсқасы, емле ережелер жинағы болады. Яғни әркім өз телефонынан жаңа жазу ережелерін үйрене алады. Сонымен бірге «Тіл – қазына» деген үлкен портал дайындап жатырмыз. Былайша айтқанда, бұл портал әліпбиге байланысты бүкіл ақпарат жинақталған жаңа әліпбиіміздің «астанасы» болады. Емлені үйрену жолдары, лингвистикалық жаңалықтардың бәрі соның ішінде болады. Порталдың ішіне бір таңбадан екінші таңбаға автоматты түрде ауыстыратын конвертор орналастырылады. Яғни әрбір адам өзінің қалауынша, айталық, кириллдан латын, латыннан кирилл таңбаларына мәтінді аз уақыттың ішінде аударып ала алады. Емле ережелерінің жинағы үлкен таралыммен шығарылып барлық өңірлерге, мекемелерге, оқу орындарына таратылатын болады. Сондай-ақ, «Тіл- Қазына» ұлттық орталығы ғалымдары мен әдіскерлері жаңа емлені үйретуге арналған нұсқаулық та дайындамақ. Ол оқытушыларға, әдіскерлерге, жаңа емлені үйренушілерге арналмақ. Жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін сараптау жұмыстары жалғаса береді. Оны неғұрлым тыңғылықты сараптаудан өткізген сайын емленің сапалық деңгейі артады.

Международная конференция "Latyn álipbıi: tájirıbe, pikir" прошла в Талдыкоргане

Осман Кабадайы, Түркия Кыркшехир-Ахиевран университетінің профессоры. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның 2025 жылға дейін латын әліпбиіне толығымен өту ниетінде екендігін атап өтіп, ғылым мен білім саласындағы мамандардан өз пікірлерін білдірулерін ұсынды. Осы орайда Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр түрлі санатта ғылыми жиындар өтіп, тақырып қызу талқылауға түсіп жатыр. Мақалада Қазақстанның латын қарпіне өтуі туралы шешімінің тарихи оқиға екендігіне, Қазақстанның түркі әлеміндегі орны мен рөліне және жаңа қазақ латын әліпбиінің артықшылығы мен кемшілік тұстарына шолу жасалады, түркі әлемі үшін ортақ тіл мен ортақ әліпбидің түзілуі мәселесінің өзекті тақырыптар қатарында екендігі аталып өтіледі. Тәуелсіздіктеріне қол жеткізе сала Азербайжан, Түркіменстан және Өзбекстан елдері әліпби ауыстыру мәселесін бірінші кезекке қойды. Ал Қазақстанның бұл шешімі тарихи тұрғыда тиісті бағасын алатын, тәуелсіз елдің дербес шешімі ретінде қабылданатыны белгілі. Бұл бірінші кезекте білім беру жүйесінің тәуелсіздігіне алып келеді. Сонымен қатар Қазақстан экономикасының қарыштап дамуы мұндай ауқымды істің саяси, әлеуметтік және идеологиялық негізін қалайтын күші болады. Интернетпен бірге келген IT технологиялар, жаппай компьютерлендіру бір жағынан, біле білсек осы уақыттың өзінде көлік түрлеріндегі мемлекеттік нөмірлердің латын әліпбиінде берілуі, жеке куәліктегі индентификациялық кодтардың латын әліпбиінде жазылуы Қазақстанның латын әліпбиіне көшкендігін көрсетеді.

Латын әліпбиін қолдану тұрғысында 1928 ж. бері тәжірибе жинақтаған Түркияның жүріп өткен жолы, осы елде атқарылған әртүрлі бағыт пен саладағы істерге барлау жасау — құптарлық іс болмақ. Сонымен қатар кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне жақында өткен Түркіменстан, Өзбекстан мен Азербайжан сияқты елдердің іс-тәжірибелері де ұдайы назарда болса құба-құп. Аталмыш елдердің ресми қолданысқа енгізген латын әліпбилерінің кейбір кемшілік яки қателіктерін ескере жүргеніміз, елге естіртіп, құлағдар етіп отыруымыз маңызды істің қатарынан орын алмақ. Қазақстан латын әліпбиіне өтуі арқылы Түркия, Азербайжан, Солтүстік Кипр, Түркіменстан және Өзбекстан сынды түркі елдері құрайтын жалпытүркілік мәдени-гуманитарлық салаға алғашқы қадам басатындығын да есте ұстауымыз абзал. Мұндай мәдени үрдіс уақыт өте келе барлық түркі елдері халықтары түсінісе, сөйлесе беретін «түрік эсперантосының» тууына да түрткі болуы мүмкін.

Қыздархан Рысберген, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері. Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық жазуымыздың латын графикасына көшуі, бір жағынан, әлемдік ақпараттық кеңістікке, халықаралық ғылыми, мәдени өріске еркін енудің тиімді жолы болса, екінші жағынан, тіліміздің төл табиғатын қайтару, реформалау арқылы сақтап қалар тетік болмақ. Байқағанымыздай, әліпби ауысса да тіліміздің қолданыстағы орфографиясының базалық қағидаттары негізінен сақталмақ. Орфографиядағы сабақтастықты сақтай отырып, латын графикасына көшуге байланысты кейбір іргелі сипаттағы қағидаттармен толықтыру да аса қажет. «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ емлесінің ережелерін» қоғам қазір жан-жақты талқылауда. Жаңа латынграфикалы әліпби тек орфографиялық емле ережелердің жиынтығы емес, бұл қазақ жазуының өзге жүйедегі графикаға көшіру, яғни транслитерация ережесі де. Жаңа әліпбиде дәстүрлі базалық қағидаттар сақталды, олар өзге тілдер орфографиясына тән универсалиялар, мәселен, бас әріппен жазу, бірге, бөлек, дефис арқылы жазу т.б. Жазуымыздың латын графикасына көшуіне байланысты жаңалықтар көп. Олар, ең алдымен, кирил графикасындағы дыбыстық жүйемізге жат Ё, Ц, Ю, Я, Ь,Ъ сынды әріптерден бас тарту. Талқылау кезінде қиындық тудырған кірме атаулардың жазылуы болды. Тартыс әлі күнге жалғасып келеді. Кәсіби лингвист мамандардың арасындағы пікірталас осы кірме атауларға қатысты екіге жарылып отыр. Бірі тіл тазалығын сақтауды, шет сөздерді тіліміздегі айтылу бойынша жазуды ұсынатын «пуристер» (фабриканы пәбрік, физиканы пизика деп жазу). Және тілде фонематикалық (аралас) принципті жақтаушы «модернистер».

Қазіргі кезде республикадағы құжаттаушы орындар көптеген қиындықтарға тап болып, азаматтарымыздың аты-жөндері туу туралы куәлік, жеке куәліктерде кейбір жағдайларда бұрмаланып жазылып келеді. Әсіресе орыс тілінде транслитерацияланған есім-фамилияларда көптеген қателер кездеседі. Жүздеген, мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Ономастика бөліміне құжаттаушы орындардың талабы бойынша келген азаматтарымыздың аты-жөндерінің бұрмаланғандығы соншама, семантикасы өзгеріп кеткен. Оның басты себебі екі фонетикалық, әліпбилік жүйенің алшақтылығында екендігін жақсы білеміз, яғни қазақ есімдеріндегі төл дыбыстар орыс тілінде жоқ болғандықтан, қазақ жазуын, кісі есімдері мен тектерін адекватты түрде толық жеткізе алмай келеді. Төл жазуымыздың латын әліпбиіне көшірілуі тек әліпби ауыстыруында емес, тіліміздің төл табиғатын сақтап жазылуында, айтылуында. Қазақ жазуының латын графикасына көшудің тағдырлы сәтінде тұрмыз. Бірге арқалаған жүк жеңіл болады дегендей, ғылыми-педагогикалық ресурстар мен үкіметтік, үкіметтік емес мекеме мамандары, қоғам боп жұмылуымыз керек. Сонда ғана тілімізді реформалау жұмыстары сапалы әрі сәтті болмақ.