Тұлғалар

Ысқақов Ахмеди Ысқақұлы (21.11.1910 – 15.12.1996). 1940 ж. Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін, 1941 ж. КСРО Ғылым академиясының КСРО халықтарының тіл және жазу институтының аспирантурасын бітірді.

1941-1942 жж. «Халық мұғалімі» журналының редакторы және КасПИ (қазіргі ҚазҰПУ) директорының орынбасары, 1942-1947 жж. Педагогикалық және оқытушылық институты директорының орынбасары және оқытушысы, 1947-1951 және 1953-1955 жж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, 1951-1953 жылдары Қазақ КСР Тіл және әдебиет институтының директоры,  1955-1961 жж. ҚазССР ағарту министрлігі Педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. 1961-1996 жж. Қазақ КСР ҒА Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі болып қызмет етті.

А. Ысқақов – қазақ тілтануының тарихы мен қазіргі жағдайы, грамматика (морфология), сөз таптарының теориясы және сұрыпталуы, лексика және лексикография, оқыту методикасына бағытталған 200-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. Әртүрлі жылдарда жарық көрген еңбектерін атап көрсетсек: «Наречие в современном казахском языке» (1950). «Қазіргі қазақ тiлi» (1964), «Қазақ тiлi: (фонетика, лексика, морфология)» (1972). «Қазіргі қазақ тiлi» (1974),  «Қазақ тiлi: 4 класс (1974) т.б. «Қазақ тiлi: 4 класс арналған оқулық (1986). «Қазiргi қазақ тiлi: морфология» (1991). «Қазақ тiлi: 5-сыныпқа арн.оқулық (1999). «Қазақ тiлiнiң фономорфологиялық құрылысын тарихи тұрғыдан сараптау: Оқу құралы (1999). т.б.

Ғалымның бастауымен он томдық «Қазақ тілінің сөздігі» мен «Абай шығармаларының сөздігі» құрастырылды. Ал 1968 ж. А. Ысқақовтың жалпы редакцияны басқаруымен «Абай тілі сөздігі» жарық көреді. Тіл біліміне сіңірген ерен еңбегі үшін А. Ысқақов «Еңбек Қызыл Ту Ордені», «Халықтар достығы» ордені, «Құрмет белгісі»,  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі ордендерімен марапатталды. ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген ғылым қайраткері атанды.

Қордабаев Төлеубай Рақымжанұлы (12.12.1915 – 27.04.2000).

1940 ж. Қазақ Педагогикалық институтын бітірді. Еңбек жолын Моңғолия Халық Республикасының Баян-Өлгий аймағында қызмет істеуден, ҚазПИ-де сабақ беруден (1946-1949) бастады. 1946-1993 жж. ҚазПИ-де, Қыздар педагогикалық институтында, Жоғарғы партия мектебінде, Қарағанды мемлекеттік университетінде қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан ғылым академиясының Тіл білімі институтында бөлім меңгерушісі болды. 1949 ж. қазақ тіліндегі етістіктің шақтары туралы кандидаттық диссертация қорғады.   ХХ ғасырдың 60-жылдары Т. Қордабаев синтаксис саласы бойынша зерттеу жүргізіп, 1961 ж. шыққан «Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис» оқулығының құрмалас сөйлем бөлімінің авторы болады.

Т. Қордабаев 1962-1967 жж. А. Байтұрсынылы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімін басқарды.

Т. Қордабаев – қазақ тілінің синтаксистік құрылым тарихын алғаш зерттеген ғалым. 1967 ж. ХV-ХХ ғасырлардағы қазақ жазбалары тілінің синтаксисінен докторлық диссертациясын қорғап, «Тарихи синтаксис мәселелері» (1961 ж.), «Қазақ жазбалары тілінің синтаксисі» (1966 ж.), «Поэзиялық шығармалардың синтаксистік құрылысына» арналған еңбектер жазды. Тәуелсіздік жылдары жарық көрген «Қазақ тіл білімінің мəселелері» еңбегі 1995 ж. толықтырылып, өңделіп «Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары» деген атпен жарыққа шығады.

Т. Қордабаев – 10-нан астам оқулық пен ғылыми-зерттеу еңбектердің, монографиялардың авторы. Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары қазақ тілінің тарихи синтаксисіне, мақал-мәтел және поэзия синтаксисіне, тіл графикасы мен орфографиясына, лексикасы мен лексикографиясына, сондай-ақ жалпы тіл білімі мәселелеріне арналған. Атап айтсақ, «Жалпы тіл білімі» (1975), «Түркология және қазақ тіл білімі» (1992), «Қазақ тіл білімінің мәселелері» (1991), «Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары» (1995).

Тіл тарихы мен оның құрылымдық мәселелерін зерттеген көрнекті ғалым Т.Қордабаев «Еңбек Қызыл Ту», МХР-дің «Алтын ғадас» орденімен, Құрмет грамотасымен марапатталды.

Аққал Қалыбаева (Хасенова) (17.04.1923 – …). Орта мектепті 13 жасында үздік бітіріп, Ташкенттің техникумында оқыды. Кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында сырттай оқи жүріп, Ташкент Педагогикалық институтында өзбек тілі мен әдебиеті факультетінде оқиды. Оны үздік бітіріп, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Тіл және әдебиет институтының аспирантурасына түседі.

Еңбек жолын Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ұстаздық етуден бастады. Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында аға, жетекші ғылыми қызметкері, грамматика бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары қызметтерін атқарды.

1949 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі етіс категориясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ал 1960 ж. түркі тіл біліміндегі туынды түбір етістіктер мәселелерін зерттеп, түркі тіл білімінде, қазақ тіл білімінде әйел тілшілердің ішінен алғаш рет докторлық диссертация қорғады.

1951 ж. қазақ тіліндегі етіс категориясы туралы үлкен зерттеу еңбектердің бірін – «Қазақ тіліндегі етіс категориясы» монографиясын жарыққа шығарады.

А. Хасенова 1956-1978 жж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімін басқарды.

1967 ж. Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтында баспадан шыққан «Қазақ тілінің грамматикасы» (1-кітап) морфология бөлімінде М. Балақаев, Т. Қордабаев, А. Ысқақовтармен редколлегия алқасында болды. Қазақ тіл білімінде сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуына А. Хасенованың қосқан үлесі ерекше.

Қазақ тілі мәселелеріне байланысты 100-ге тарта ғылыми мақаласы жарияланды. Бірнеше медальмен марапатталды.

Оралбаева Нұржамал Оралбайқызы (15.05.1928 – 03.12.2020). 1949 ж. Қазақ Педагогикалық университетін бітірді. 1949-1952 жж. ҚазКСР ҒА Тіл білімі институты аспирантура бөлімінде оқыды. 1952-1962 жж. ҚазПИ-де оқытушы, 1962-1973 жж. доцент, 1973-1975 жж. осы институттың профессоры болды. Ал 1975-1989 жж. ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер, 1989-1997 жж. ҚазПИ-де қазіргі қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, 1990-1991 жж. осы институтта проректор, 1997 жылдан қазақ тілі кафедрасының профессоры қызметін атқарды.

1956 ж. профессор С.Аманжоловтың жетекшілігімен «Октябрьден кейінгі кезеңдегі қазақ жазуының тарихы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған ғалым зерттеуші еңбегінде қазақ жазуының кезеңдік тарихы сараланып, негізін С. Аманжолов қалаған кирилл таңбалары бойынша жасалған қазақ əліпбиінің өзекті мəселелері ғылыми тұрғыдан бағаланды.

1971 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғылыми жұмысында күрделі лексикалық бірліктердің сипаты жөнінде құнды теориялық пікірлер айтылды.

Нұржамал Оралбайқызы – қазақ тіл білімінде сөзжасам жүйесін жеке сала ретінде қалыптастырған ғалым. «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты авторлық ұжым жарыққа шығарған монографиялық зерттеу арқылы сөзжасам жеке сала болып қалыптасып, ғылыми-теориялық негізі қаланып, салалық метатілі, терминдер жүйесі түзілді.

Нұржамал Оралбайқызы Оралбаева – қазақ тілінің грамматикасына, жалпы тіл білімі мәселелеріне арнап жазған 100-ден аса ғылыми мақаланың авторы, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Жанпейісов Ербол Несіпбайұлы (27.12.1930 – 26.06.2012). 1948 ж. Жетісудің атақты байы Маманның атымен аталатын Мамания мектебін алтын белгімен аяқтады.

1953 ж. С. Киров атындағы ҚазМУ-ін бітіреді. Ербол Жанпейісов өзінің ғылыми жолын 1957 ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуден бастайды. Ғалым өмірінің соңына дейін осы Институтта аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер ретінде табан аудармай қызмет етті.

1958 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі модаль сөздер» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл ғылыми жұмыс қазақ тіл білімінде ғана емес, түркітануда модаль сөздер жайлы жазылған тұңғыш еңбек болды әрі модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде енгізді, есімді және етістікті модаль сөздер деп екіге бөліп, түркі тілдеріндегі модаль сөздер мен модальді тіркестердің жасалу жолдарының 6 түрін  көрсетіп берді.

Ғалымның  «Қазақ прозасының тілі» (1968 ж.), «Абай жолы» эпопеясының тілін», ондағы ұлттық кодтар мен символдарды этнолингвистикалық тұрғыда терең зерделеген еңбегі алдымен 1976 ж. қазақ тілінде  «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі» деген атпен, кейіннен орыс тілінде «Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведений М.Ауэзова)» (1989) деп жарыққа шығып, қазақ этнолингвистикасы мен этимологиясындағы іргелі зерттеу ретінде танылды. 1991 ж. «Қазақ тілінің этномәдени лексикасы» атты докторлық диссертациясын қорғады.

Е. Жанпейісов 2002 ж. жарық көрген Академиялық грамматиканың бас редакторы болды.

Профессор Е. Жанпейісов – қазақ тіл білімінде этнолингвистика мен тың сала функционалды грамматиканың негізін қалаған ғалымдардың бірі. Ғалым этимологиялық зерттеулерге барынша ден қойып, ҚР ҰҒА Хабаршысы журналының 4 санында (2005, №3, 2006, №1 2006, №4, 2007, №2) жариялаған «Төрт түлік төңірегінде» атты мақалалар сериясында қой, сиыр, жылқы, түйе малдарына қатысты атаулардың шығу төркінін зерттейді. Қазақтың этномәдени құндылықтарын терең зерделеген монографиясы «Қазақ ескіліктері» («Қазақ тілі», 2018 ж.) жарық көрді.

Әмір Рақыш Сәтұлы (09.01.1930 – 06.12.2020). 1946-1951 жж. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқыды. 1955 ж. филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1955-1987 жж. Қазақ ССР Оқу министрлігі Педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақ ССР Оқу министрлігі Педагогика ғылымдары ғылыми-зертгеу институтында бастауыш мектеп секторының меңгерушісі, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, осы университеттің филология факультетінің деканы, Алматы шет ел тілдері педагогтік институтының ректоры қызметтерін атқарды. Ғалым Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында: 1964-1975 жж.  аға ғылыми қызметкер, 1966-1968 жж. кәсіподақ ұйымының төрағасы, 1968-1972 жж. партия ұйымы секретары болды.

Ғалымның әр жылдары жариялаған еңбектері: «Жай сөйлем синтаксисі» (оқулық) (1998 ж.), «Қазақ тілінің грамматикасы: «Жалғаулықтар», «Демеуліктер» (1972 ж.).  «Қазақ тілінің грамматикасы: «Хабарлы сөйлем», «Сұраулы сөйлем», «Бұйрықты сөйлем» (1972 ж.). «Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 2-сыныбына арналған оқулық (1998 ж.), «Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған бақылау оқулығы» (2000 ж.).

1992 жылы  «Қазіргі қазақ тілі» курсынан дәріс оқыды, «Жай сөйлем синтаксисі» деген оқулық шығарды. «Тіл білімінің актуалды проблемалары», «Синтаксистің коммуникативтік аспектісі» арнаулы курстары бойынша дәрістер оқыды. Ғалым 1992 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ филологиясы кафедрасының профессоры болды. 80-нен аса ғылыми еңбектері, соның ішінде 7 монографиясы жарық көрді. «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамотасымен марапатталған, 5 ғылым кандидатын, 1 ғылым докторын тәрбиеледі.

Есенов Қайырболат Мұқанұлы (06.05.1931 – 12.01.1996).  1947 ж. Омбы педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін еңбек жолын Омбы облысындағы №1 жеті жылдық мектепте үш жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болудан бастады.

1955 ж. қазіргі Қазақ ұлттық университетін тәмамдағаннан кейін екі жыл Көкшетау облысы, Мұғалімдер білімін жетілдіру институтында қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі болып, 1957 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР Ұлттық ғылым академиясының Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, 1991-1996 жж. бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Қ. Есенов – қазақ тіл білімі синтаксисінде күрделенген сөйлемдер категориясының теориялық негізін қалаған ғалым. Ол «Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқылы сөйлемдер» атты тақырыпта кандидаттық, «Қазіргі әдеби тіліміздің күрделенген сөйлемдердің негізгі мәселелері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

 Ғалым күрделі құрылымдар мәселесін терең қарастырып, 1982 ж. «Сабақтас құрмалас сөйлемнің құрылысы», 1985 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік қатынастар» атты монографияларын жарыққа шығарды. Қайырболат Мұқанұлы – 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 7 монографияның авторы.

Исаев Сейілбек Мұхамеджарұлы (13.03.1938 – 09.06.1999). Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі.

1957 ж. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі. Университеттi үздiк бітіріп, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тiл бiлiмi институтында кiшi ғылыми кызметкер болып еңбек жолын бастайды. 1975-1988 жж. С.Исаев ҚазМҚПИ-де қазақ тiлi кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы, 1999 ж. дейін университет ректоры қызметтерін атқарды. 1991 ж. С.Исаевтың бастамасымен ҚазМҚПИ-де 6 мамандық бойынша аспирантура бөлімі ашылды.

Ғалым 1966 ж. «1920 жылдардағы мерзiмдi баспасөз тiлi» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1970 ж. доцент ғылыми атағы берiліп, 1974 ж. «Қазақтың мерзiмдi баспасөз тiлiнiң қалыптасып дамуы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1979 ж. профессор ғылыми атағын алды.

200-ге тарта ғылыми, ғылыми-әдістемелік, ғылыми-көпшілікке арналған еңбектердің авторы. Әртүрлі жылдарда жарық көрген еңбектері: «Кейбiр сөздердің этимологиясы» (1965). «Сын есім //Қазақ тiлiнiң грамматикасы. 1 бөлiм» (1967). «Қазiргi қазақ тiлiндегi негiзгi грамматикалық ұғымдар (грамматикалық мағына мен грамматикалық форма)» (1990). «Қазiргi қазақ тiлiндегi сөздердің грамматикалық сипаты» (1998).  Ғалымның қазақ әдеби тілінің тарихы, дамуы мен қалыптасуы, қазақ тіліндегі сөздердің негізгі грамматикалық сипаты жайлы жазған іргелі еңбектерінің маңызы зор. Ол еңбектеріне «Қазақ тілі» (1993); «Қазақ тілі жайында ойлар» (1997) және т.б. жатады.

1981 ж. «Үздік еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», 1992 ж. Ы.Алтынсарин атындағы медальдармен марапатталды.

1995 ж. ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі болып сайланды.

Қасым Балқия Қасымқызы (05.12.1948). Павлодар педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтын бітірді. Кейін ҚР ҰҒА Тіл білімі институтында аспирантурада, Абай атындағы ҚазҰПУ-да докторантурада оқыды.

1976-1991 жж. ҚР ҰҒА-ның Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, 1991 ж. бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ  филологиясы факультетінде аға оқытушы, доцент, профессор, 1993-1997 жж. факультет деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2003-2013 жж. ҚазҰПУ-дың мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі болды. 2013 жылдан бері «Академик С. Қирабаев атындағы Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасында профессор қызметін атқарып келеді. 2010 ж. Педагогикалық білім беру Халықаралық ғылым академиясының академигі атағын алды.

1992 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі етістіктер» атты кандидаттық  диссертация, 2002 ж. «Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негіздері» атты докторлық диссертация қорғады.

430-дан астам жарияланған ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде 10 монографиялық еңбегі бар. Функционалды грамматика, когнитивті семантика және қазақ тілінің сөзжасам, морфология, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы, когнитивті лингвистика салалары бойынша зерттеулер жүргізіп,  еңбектер жазды.

2007 ж. және 2014 ж. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. 2008 ж. ғылым беру саласындағы еңбегі  еленіп, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2010 ж. «Педагогикалық қызметтегі табыстары үшін» Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды. 2016 ж. ҚазҰПУ «Құрметті қызметкері», 2019 ж.  «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атанды, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 90 жыл мерекелік медалімен марапатталды.

Момынова Бағдан Қатайқызы (26.06.1957). 1974-1979 жж. С.М. Киров атындағы ҚазМҰУ-дың филология факультетінде, 1989-1993 жж. осы университеттің аспирантурасында оқыды. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ филологиясы кафедрасында 1993-2014 жж. қызмет істеді. 2000-2003 жж. ҚазҰУ-де филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2007-2014 жж. қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі; 2010-2014 жж. университет ғылыми кеңесінің, 2005-2010 жж. ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комитеттің мүшесі. 1993 ж. «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика» тақырыбымен кандидаттық, 1999 ж. «Қазақ газеттерінің лексикасы: жүйесі мен құрылымы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады, 2001 ж. профессор атағын алды. 15 кандидаттық, 1 докторлық, 3 PhD докторының, 50-ден астам магистрлік диссертациялық жұмыстардың  ғылыми  жетекшісі.

Б. Момынова –  «Қазақ» газеті, Ш. Құдайбердіұлы шығармаларының тілін тұңғыш кешенді талдаған монографиялардың авторы. Профессор Б. Момынованың  еңбектері: «Қазақ тілі тарихи грамматикасы» (1997 ж.), «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика» (1998 ж., монография), «Газет лексикасы: жүйесі мен құрылымы» (1999 ж., монография), «Қазақ әдеби тілі тарихын зертеу жүйесі» (2001 ж., оқу құралы), «Қоғамдық-саяси лексиканың түсіндірме сөздігі» (2004 ж.), «Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика: сөзжасамы, әлеуметтік-бағалауыштығы» (2005 ж., монография), «Қазақ тіліндегі ым-ишараттың орысша-қазақша түсіндірме сөздігі» (2006 ж., С. Бейсембаева), «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (2006 ж., оқу құралы), «Қазақ тілінің морфологиясы. Есімдер» (2007 ж., оқу құралы, Ж. Саткенова), «Шәкәрім поэзиясының тілі» (2008 ж., монография), «Тілдегі жаңа бағыттар мен типтік қатынастар» (2009 ж., монография), 2011 ж. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (оқулық, ҚР БжҒМ грифі), «Қазақ тілінің морфологиясы» (2014 ж., РОӘК, оқу құралы), «Махамбет тілінің сөздігі» (2012 ж., серіктес автор), «Қазақ ым-ишараттары: сөйлеу этикеті мен қатысым мәдениетінде» (2016 ж., монография), «Қазақтың тілші ғалымдары» (2016 ж., оқу құралы), «Қазақ ым-ишараттарының түсіндірме сөздігі» (2017 ж.), «Қазақ ым-ишараттарының қазақша-орысша-қытайша түсіндірме сөздігі» (Пекин, 2017 ж., С. Бейсембаева, Жаң Диңжин), «Қазақ ым-ишараттарының суретті түсіндірме сөздігі» (2021 ж.) т.б. 230-дан астам ғылыми мақала авторы. 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың, ЖОО-ның бакалавр, магистратура, РhD бойынша оқу стандарты авторларының  бірі. СКОПУС журналдарында 6 мақаласы жарық көрді. ҚР Үкіметі жанынан құрылған Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі (2017-2021 жж.).

Профессор Б. Момынова Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (2005); 2007 ж. және 2011 ж. ЖОО-ның үздік оқытушысы мемлекеттік грантының иегері. 2017 ж. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Құрметті докторы» төсбелгісімен марапатталды.

2015 ж. бері  ҚР ҰҒА А. Байтұрсынұлы атындағы ТБИ Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, 2020 жылдан Грамматика бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп келеді.

Ерназарова Зәуреш Шаршынбекқызы (15.11.1962). 1980-1984 жж. Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірді. 1990-1994 жж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантура бөлімінде оқыды.

1989-1989 жж. Қызылорда қаласында орта мектептің мұғалімі, 1989-1990 жж. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде аға оқытушы, 1995-2002 жж. Қазақ мемлекеттік заң университетінің доценті, 2002-2008 жж. Абылай хан атындағы ҚХҚжӘТУ-дың қазақ филологиясы кафедрасының жетекшісі болды. 

1994 ж. проф. Қ. Есеновтің жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі көсемше оралымды сөйлемдердің лексика-грамматикалық аспектісі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаса, 2002 ж. докторлық диссертациясын қорғады. 2005 жылы профессор атағын алды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша орта білім беру жүйесінде орыс тілінде білім беретін мектептерге арналған 7-сынып, 8-сынып және 11-сыныптардың «Қазақ тілі және әдебиеті» мектеп оқулықтарының авторы.  Сондай-ақ «Казахская лингвокультура: язык, человек, этнос» (2016), «Прагматический  аспект дискурса» (2017) сынды монографияларды жазды.

Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы (08.12.1962). 1985-1991 жж. әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыды. 2004 ж. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде филология және лингвоелтану мамандығы бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтті.

1991-2007 жж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөлімінде кіші ғылыми қызметкерліктен Грамматика бөлімінің меңгерушісіне (1999-2007 ж.ж.) дейін көтерілді. 1999 ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы диссертациялық кеңесте «Көсемше бағыныңқылардың дамып қалыптасуы мен мағыналық түрлері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2007-2009 жж. Алматы қаласы әкімдігі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры болып істеді. 2009 ж. бастап «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» атқарушы директоры.

200-ге тарта ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Оның біразы ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының термин жасамы, әдістемесі және тіл білімі теориясына қатысты көзқарастарын, бүгінгі күнге дейін ғылыми мәнін жоймаған тұжырымдарын қайта түлетуге, ағартушы ғалымның әліппесі мен әдістемелік ұстанымдарын оқу үрдісіне қайта енгізуге арналған. Б. Қапалбек қазақ тілін өзге аудиторияда оқытуға арналған бірқатар оқу құралдар әзірлеп, жарыққа шығарды.

Жұбаева Орынай Сағынғалиқызы (22.08.1970). 1994 ж. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіргеннен кейін С. Аспандияров атындағы Қазақ медицина институтында оқытушы болып қызмет етті. 1995-1998 жж. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің оқу басқармасы бөлімінде жұмыс істеді.

Орынай Жұбаева 1998 ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты аспирантурасының күндізгі бөліміне түсіп, 2002 ж. 1 наурызында Институт жанындағы Диссертациялық кеңесте академик Рәбиға Сыздықтың жетекшілігімен «Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы мен лингвистикалық тұжырымдамалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 2002 ж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөліміне ғылыми қызметкер, 2004-2007 жж. аға ғылыми қызметкер, 2007-2020 жж. осы бөлімнің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2010 ж. филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қ. Ахметжанованың жетекшілігімен «Қазақ тілі грамматикалық категорияларының антропоөзектілігі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімінің 2003-2005 жж. арналған «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы», 2006-2008 жж. арналған «Қазақ синтаксисінің коммуникативтік-прагматикалық аспектісі» тақырыбындағы жоспарлы зерттеу жұмыстарының, 2009-2011 жж. жоспарланған «Қазақ тіліндегі квалитативтік және квантитативтік өрістер» тақырыбы бойынша ғылыми жұмысты орындаушылардың бірі. 60-тан астам мақала жариялаған зерттеуші ғалым.

Жолшаева Майра Сатыбалдықызы (08.07.1974). 1996 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетін үздік дипломмен аяқтады. Сол жылы аталған факультеттің Қазақ филологиясы кафедрасына аспирантураға қабылданып, профессор Т. Сайрамбаевтың жетекшілігімен сөз тіркесі синтаксисінің өзекті мәселесіне арналған ғылыми зерттеу жұмысын қолға алады. Еңбек жолын Алматы экономика және Құқық колледжіне оқытушы болудан бастайды.

2001 ж. 25 мамырда А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы Диссертациялық кеңесте кандидаттық жұмысын сәтті қорғап, осы жылдың маусым айынан бастап аталған Институттың Грамматика бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылданады.  

2009 ж. «Қазақ тіліндегі аспектуалды семантика: форма және мазмұн» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды.

М. Жолшаеваның ғылыми еңбектері қазақ тілінің грамматикасы, грамматикалық семантика, функционалды грамматика бағыттарын қамтиды. Әр жылдары жарық көрген «Қазақ тіліндегі сын есімдердің валенттілігі» (2008), «Қазақ тіліндегі етістіктер және аспектуалды семантика» (2011), «Семантика: етістік» (2018) атты монографиялардың, «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» (2010),  «Жұмсалымды грамматика» (2016) ұжымдық монография авторларының бірі. 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша орта білім беру жүйесінде қазақ тілінде білім беретін қазақ мектептеріне арналған 5-сынып, 6-сынып және 11-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» мектеп оқулықтарының авторы. 

2008 ж. бастап қазіргі кезге дейін Сулейман Демирель атындағы университетте Педагогикалық және гуманитарлық мамандықтар факультетінің «Тілдік білім беру» кафедрасының профессоры қызметінде.

0 Shares