Бүгіні

Қазіргі қазақ тілі грамматикасына қатысты көп жылғы ізденістердің нәтижесі ретінде 2002 ж. фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис салаларын қамтып, қазақ тілінің грамматикалық құрылысын қарастырған кешенді еңбек  «Қазақ  грамматикасы» деген атпен (784 бет) басылып шықты. «Қазақ  грамматикасында» ғалымдардың қазіргі қазақ тіліндегі соңғы жылдардағы нәтижелерді, қорытындыларды қамтыған оң талпыныстары көрінді. Онда морфонология, интонация, сөзжасам сияқты тіл білімі салаларының қамтылуын тек грамматикалық зерттеулердің жаңа деңгейінің көрсеткіші ғана емес, қазақ тіл білімінің соңғы жылдардағы елеулі табысы деп бағалаған жөн.

«Қазақ грамматикасының» авторлары сөзді топтастырудың морфологиялық және синтаксистік принциптерін негізге ала отырып, бұрыннан танылып жүрген 9 сөз табының қатарына модаль сөздерді қосып,  қазақ тілінде  10 сөз табы бар деген тұжырымға келуін де елеулі жаңалық ретінде таныған жөн.

Соңғы кезде тілдік категорияларды мағыналық жағынан қарастыру жаңа қарқын алды. Қазіргі тіл білімінің зерттеу парадигмасында жүйелік-құрылымдық зерттеулерден антропоөзектік қағидаға негізделген, тілдің когнитивтік, прагматикалық қызметін ашатын, дүниетанымдық әлеуетін ғылыми тұрғыдан пайымдауға арналған зерттеулер кең өріс алуда. Әсіресе, функционалды-семантикалық категорияларды егжей-тегжейлі сипаттауға бағытталған зерттеулерде осы мәселеге ерекше мән беріліп отыр. Бөлім қызметкерлерінің зерттеулері сипаттама лингвистикадан функционалды бағыттағы зерттеулерге ойысып, тілді динамикалы, үнемі өзгеріп, дамып отыратын құбылыс ретінде қарастыруға басымдық беріле бастады.  Қазақ тіл білімінде функционалды грамматиканың алғашқы нышандары А. Байтұрсынұлы, Қ. Кемеңгерұлынан, бертінгі Ы. Маманов, С. Исаев еңбектерінен бастау алса, кейін З. Ахметжанова («Сопоставительные исследования лексики тюркских и русского языков» (канд. дисс.) (1981); «Принципы сопоставительного функционального исследования казахского и русского языков» (докт. дисс.) (1989), Қ. Рысалды «Сын дәрежесі категориясы: функционалды-коммуникативтік табиғаты» (қазақ және неміс тілдері негізінде) (докт. дисс.) (2007) және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жалғасын тапты.

Соңғы жылдары  грамматика бөлімінен Б. Қапалбековтің «Көсемше бағыныңқылардың дамып, қалыптасуы мен мағыналық түрлері» (канд. дисс.) (2000), С. Құлмановтың «Қазақ тіліндегі мүмкіндік модальдылығының функционалды-сематикалық өрісі» (2004, канд. дисс.), М. Жолшаеваның «Аспектуалды семантика: форма және мазмұн» (2009, докт. дисс.), А. Солтанбекованың «Қазақ тіліндегі шақтық локалдылық/шақтық бейлокалдылықтың функционалды-семантикалық категориясы» (2010, канд. дисс.) А. Жаңабекованың «Қазақ тіліндегі уақыт ұғымының тілдік парадигмасы» (2012, монография), «Функционалды грамматиканың метатілі» (2012, монография), «Қазақ тіліндегі функционалды-семантикалық темпоралдылық категориясы» (2012, монография), А. Солтанбекованың «Функционалды грамматикадағы шақтық локалдылық категориясы» (2012, монография), «ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» (О. Жұбаева және т.б., 2013), О. Жұбаеваның «Қазақ тіліндегі когнитивтік грамматика» (2014, монография), «Грамматикалық дүниенің тілдік бейнесі» (2014, ұжымдық монография),  Б. Момынованың «Қазақ тілінің морфологиясы» (2014, оқу құралы); «Қазақ тіліндегі функционалды қосымшалар» (2016, монография), «Жұмсалымды грамматика»  (2016,  ұжымдық монография), «Функционалды грамматика: ұғымдары мен категориялар» (2016, ұжымдық монография); «Язык и языковая личность в эпоху глобализации: когнитивные, аксиологические, сравнительно-сопоставительные характеристики» (2017, монография), «ХХ ғасыр басындағы латын әліпбиінің қазақ әдеби тілінің дамуындағы орны» (2017) жарық көрді.

Грамматика бөлімі, 2011 ж.
 
1-қатар (солдан оңға қарай): Айман Жаңабекова, Орынай Жұбаева, Сәрсенбай Құлманов;
2-қатар (солдан оңға қарай): Вера Жүнісова, Ермұхамет Маралбек, Альфия Бөлекбаева.

«Латын графикалық жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» (2018-2020) жобасы аясында «ХХ ғасырдың басындағы латын әліпбиінің қазақ әдеби тілінің дамуындағы орны» тақырыбы бойынша ХХ ғасырдың басында жарық көрген терминологиялық сөздіктер мен аударма еңбектер, емлеге қатысты еңбектер жинақталып, атау сөздер, терминдердің функционалдылығы, құрылымы, уәжділік принциптері анықталды; 1924 ж. Қазақ білімпаздарының съезі, 1929 ж. ғылыми-орфографиялық конференция материалдарының негізінде ХХ ғасырдың басындағы терминдерді, латын графикасына көшуде шеттен енген сөздерді таңбалаудағы ұстанымдар (дыбыстар тіркесімі, дыбыстардың игерілуі, қосар дыбыстарды таңбалау, қосымшалар қабылдаудағы ұстанымдар т.с.с.) нақтыланып, «ХХ ғасыр басындағы терминологиялық сөздіктер – ұлттың рухани коды» (2018) кітабы әзірленді.

Грамматика бөлімі, 2021 ж.
 
1-қатар (солдан оңға қарай): Альфия Солтанбекова, Бағдан Момынова;
2-қатар (солдан оңға қарай): Қымбат Слямбек, Меруерт Иманғазина, Талғат Рамазанов.

Бүгінгі таңда Грамматика бөлімі антропоөзектік бағытта зерттеулер жүргізіп келеді. Зерттеу парадигмасының  антропоөзектік ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметінің: когнитивтік және коммуникативтік қызметтерін тереңінен айқындап, тіл білімін заман талаптарына сай жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған. Сол себепті тіл – ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі, этномәдени код ретінде сипатталып, грамматикалық категориялардың қалыптасуындағы адам болмысы, коммуникативті актіге қатысушылардың объективті жағдаятқа қатысы зерттелуде.

Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Мемлекеттік тілді латынграфикалы ұлттық әліпбиге көшіруді қамтамасыз ететін жаңартылған нормативті сөздіктер мен академиялық басылымдар сериясын әзірлеу» (2021-2023) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша зерттеу тақырыбының негізінде Грамматика бөлімі «Қазақ тілінің академиялық грамматикасын» жарыққа шығаруды жоспарлап, фонетика, морфология, морфонология, сөзжасам, синтаксис салалалары бойыша жаңа ізденістерді қосуды көздеп отыр.

0 Shares