Өмірзақ Айтбайұлы

Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы сәуір айының 5-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Балтакөл (бұрын Түркістан ауданына қараған) ауылында Қаратау, Сыр өңіріне белгілі Айтбай Айтмұхамет ақынның отбасында дүниеге келген. Онжылдықты аудан орталығы Шәуілдірдегі Жамбыл орта мектебінде бітіреді.

Ол өмір жолын 1953 жылы Кентау қаласындағы Мырғалымсай «Сантехмонтаж» мекемесінде темір шебері болып бастайды. 1954-1959 жылдары Әл-Фараби атындағы (бұрынғы С.М.Кирова атындағы) КазМҰУ-дің филология факультетінің студенті.

Ө.Айтбайұлы университетті бітірер жылы, яғни 1959 жылдың шілдесінен Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері болып қабылданады да, онда 1962 жылдың наурызына дейін жұмыс істейді, осы жылдар ол үшін шығармашылық өнерінің шыңдала түскен кезеңі болды. 1962 жылдың көктемінде Қазақ ССР ҒА тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Міне осыдан былай қарай ол ғылыми жұмыстармен түбегейлі айналыса бастайды.

1971 жылы «М.Горький фразеологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғайды.

1975 жылы Ө.Айтбайұлының «Ғылым» баспасынан «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» деп аталатын монографиялық  зерттеу еңбегі жарық көреді. 1974 жылдан 1981 жылға дейін аға ғылыми қызметкер, ал 1981 жылдан 1989 жылға дейін «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі ретінде қызмет атқарады. Өмірзақ Айтбайұлының басшылығымен және қатысуымен бірнеше ұжымдық кітаптар (Тіл мәдениеті және баспасөз. «Ғылым», Алматы, 1968, 10 б.т.; Өрелі өнер. Алматы, 1976, 8 б.т.; Сөз өнері.  «Ғылым», Алматы, 1978, 7 б.т.; «…ұлт саясатын бұрмалаушылар». «Ғылым», Алматы, 1981; Қазақ терминологиясының мәселелері. «Ғылым», Алматы, 1981, 10 б.т.; Аударманың лексика-стилистикалық мәселелері. «Ғылым», Алматы, 1987, 10 б.т.; Термин және олардың аудармалары.  «Ғылым», 1990, 12 б.т.) баспадан жарық көрді. Бұлармен қатар Ө.Айтбайұлының «Өнер алды» (Алматы, Жалын, 1978 жыл), «Ана тілі – ардағым» (Алматы, Қазақстан, 1990 жыл, Н.Уәлимен бірге) тәрізді ана тілін насихаттайтын жинақтары мен «Мемлекеттік тіл тынысын  кеңейтуде  «Қазақ тілі» қоғамының ролі»,  «Тіл майданы» (І-кітап, 2000, Ә. Қайдармен бірге),  «Тіл майданы» (ІІ-кітап, 2004 жыл) кітаптарының және  “Қазақ сөзі” (Қазақ терминдерінің негіздері) – Алматы, Рауан, 1997; «Основы казахской терминологий – Алматы, «Арыс» 2000 г. монологиялық еңбектерінің маңызы ерекше.

Бөлім меңгерушісі ретінде «Қазақ терминологиясының жасалу көздері» (1981-1984) және  «Қазақ әдеби терминологиялық лексикасының дамуы» (1985-1991) «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері» (1997-1999) деген күрделі тақырыптарға ғылыми жетекшілік жасады. Аталған тақырыптар негізінен қазақ терминологиясының мәселелеріне арналғандықтан, Ө. Айтбайұлы басқарған ғылыми қызметкерлер, ең алдымен бөлімнің картотекалық қорын жасауға кірісті. Бұл айтуға жеңіл болғанымен орындалуы қиын жұмыс еді. Өйткені сол 80-жылдарға дейін жарық көріп үлгерген екі тілді терминологиялық сөздіктердің бәрін жинақтап, әліпби тәртібіне келтіру қажет болатын. Бірнеше жылға созылған бұл күрделі жұмыс бөлімнің 500 мыңға таяу картотекалық қорының негізін қалады.

Осы жылдары Мәскеудегі Ғылыми-техникалық терминология комитетімен (КНТТ) өте тығыз қарым-қатынас орнатылды. Бұл комитет терминология мәселесімен шұғылданушы барлық мекемеге әдістемелік жәрдем көрсететін.

Осы заман сұранысына орай, М.Әуезов атындағы Шымкент пединститутының профессоры Қ.Бекбаев тобымен өзара шартқа отырып, әлгі сөздіктер электронды есептеу машинасының сарабынан өткізілді. Ғылымның  ірі-ірі бес саласы бойынша жасалған бұл материал да болашақта түзілетін түрлі сөздіктерге негіз болды, өзінің зерттеушілері мен сөздік түзушілерін тапты. Олар: қоғамдық ғылымдар саласы, биология ғылымдары, физика-математика ғылымдары, жер туралы ғылым саласы және техника ғылымдарының саласы. Бұл түркі дүниесінде тұңғыш жасалған картотекалық қор.

Мұның  ішінен  бөлім  қызметкерлері  қазіргі  сұранысқа  ең  зәруі  деп «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің» екі томдығын түзіп шықты. Бұл бөлім атқарған ең күрделі жұмыстардың бірі. Ө.Айтбайұлы осы сөздікті құрастырушылардың бірі, ғылыми жетекшісі. Және жауапты редакторы.

Ө.Айтбайұлы өзінің түбегейлі ізденістері мен зерттеу ісін тұжырымдап, қазақ лингвистикасының тарихында тұңғыш рет қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы жайында көлемді де іргелі еңбек жазады. Ол 1988 жылы «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» деген атпен  «Ғылым» баспасынан жарық көреді. Мұнда ұлттық терминологиясының қалыптасуы мен даму кезеңдері, термин түзудегі қайшылықтар мен қиындықтар, негізгі принциптерден ауытқушылықтар тәрізді мәселелерді айқындайды. Бұл еңбек туралы кезінде баспасөзде бірнеше рецензиялар жазылып, ғалымдар жоғары баға берген.

Ө.Айтбайұлының ғылыми ой-тұжырымдары аталған салалармен ғана шектелген емес. Тіл мәдениеті, стилистика, лексикология, ономастика, диалектология, әдеби тіл, әдебиет, мәдениет, мемлекеттік тіл, аударма, қазақ терминологиясы мен аудармасының мәселелері туралы көп жылғы барлау, байқау, ізденістер негізінде 1992 жылдың басында «Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертатция қорғайды.

Ө.Айтбайұлының бұл диссертациялық жұмысы тың мәселені қозғаған жаңа бастама болды. Ең алдымен, бұған дейін ғылым объектісіне айнала алмай тарихымызда жұмбақ боп келген арыстарымыз – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының мұралары мен еңбектері тұңғыш рет тілдік тұрғыдан талданып лайықты бағасын алды. Әсіресе, А.Байтұрсынұлының қазақ лингвистикасын дамытудағы, оның ішінде қазақ терминологиясын жасаудағы өлшеусіз зор рөлі жан-жақты зерделенді.

Профессор Өмірзақ Айтбайұлы  1973 жылдан бері Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті (бұрынғы Министрлер Советі) жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, ғалым хатшысы ретінде де (1981-1991 ж.ж.) терминологиясының практикалық мәселелерінде көп жұмыс атқарды. Ғылымның түрлі саласында пайда болып, ала-құла қолданылып жүрген терминдердің бірізге түсуіне, ғылыми тұрғыдан реттелуіне атсалысты. Биология, физиология, химия, физика, математика, теміржол, музыка, спорт, компьютер саласына қатысты терминдер мен сөздіктерді рет-ретімен Мемтерминком талқысына салып, жұртшылыққа ұсынуда оның үлесі мол. Әсіресе Мемтерминкомның осы заман сұранысына лайықты ережесін қайта жазып, құрылымын нақтылай түсуі де Ө.Айтбайұлының атымен тікелей байланысты.

Сонымен бірге ол институт жанындағы ғылыми дәреже беретін ғылыми Кеңестің көп жылдан бергі мүшесі ретінде, ғылымның жас мамандарының өсіп, жетілуіне қолғабыс етіп келеді. Бұрынғы Одақтағы түркі тілдес халықтар ғалымдарын дайындауда бұл Кеңестің рөлі айрықша. Бүгінгі күнге дейін қаншама кандидат пен доктор осы Кеңес сарабынан өтіп, өмірге жолдама алып жатыр.

Ғылымды ұйымдастыру қарымының үстіне Ө.Айтбайұлының қайраткерлік қабілетінің айқын көрінген тұсы «Қазақ тілі» қоғамындағы жұмыстарымен тікелей байланысты. Бұл жұмыс, әрине әріден басталған. Ана тіліне бар саналы өмірін сарп етіп келе жатқан Ө.Айтбайұлы 80-жылдың басынан-ақ тіліміздің әлеуметтік болмысын, қоғамдық қызметін айқындап, оның беделін көтеру үшін, соған иелік жасайтын бір ұйым керек деген академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаровтың бастамасын бірден қолдайды. Тіл жөніндегі толғаныстар оған қолына қаламды ғана емес, домбыраны да ұстатып, көмейінен әуен төгіле бастайды. Сөйтіп, «Ана тілі» дейтін әні дүниеге келеді. Осы әнді өзі орындай отырып, ол қазақ радиосы арқылы жарты жылға таяу уақыт қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе қажеттігі жайында хабар жүргізеді. Сөйтіп бұл ән болашақ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өз әнұранындай болып, көптің көкейіне қона түседі.

Бұл күнде республика оқырмандары сүйіп оқитын басылымдардың қатарындағы «Ана тілі» газетінің де ұйымдастырылуы академиктер Ә.Қайдар мен Ө.Айтбайұлының тікелей араласуымен жүзеге асырылған игі шаралардың бірі болды. Әсіресе, 1988 жылы басталып, 1989 жылы қаулай бастаған тіл күресінің ол басы қасында болды. Бүкіл жұртшылық қолдаған бұл шерудің түйіні 1989 жылдың 20-21 қазанында шешілді. Сөйтіп тұңғыш Құрылтайда Республикалық «Қазақ тілі» Қоғамы құрылды. Онда делегаттар бірауыздан Қоғамның Президенті етіп Ә.Т.Қайдаровты, вице-президенті етіп Ө.Айтбайұлын сайлады.

Міне, осыдан былай қарай Ө.Айтбайұлы қоғам қайраткері ретінде айқынырақ таныла бастайды. Ол Ә.Қайдармен бірге Қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналуына қажетті шаралардың бәріне қатысады. Мемлекеттік Бағдарламаның түзілуі жөніндегі Республикалық үйлестіру кеңесінің жұмыс тобының мүшесі, Қоғам Жаршысы мен Бағдарламасын жазу процесіне оның тікелей қатысы болды. Ең бастысы Қоғамның жергілікті ұйымдарын құрып, оған іскер мамандар таңдауда және олардың күнделікті жұмыс бағдарын айқындауда Ө.Айтбайұлының еңбегі ерекше. Ол облыстық, қалалық, аудандық ұйымдардың тұңғыш жиындарына тікелей өзі қатысып, Қоғам атқаратын жұмыстар мен міндеттерін түсіндіріп, оның халықтық мәнін насихаттаумен болды. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде Қоғам ел алдында бедел алып, халықтық қозғалысқа айналды. Әсіресе Тіл Заңы мен Мемлекеттік Бағдарламаның іске қосылуына Қоғам қосқан үлес мол.

1990 ж. «Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңын» жүзеге асыру жөніндегі Қазақ ССР ҒА Жалпы жиналысының сессиясына қатысып сөйледі; Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының органы «Ана тілі» газетінің (22 наурыз 1990 ж.) дүниеге келуіне зор үлес қосып, редакция алқасына мүше болды; «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда (1990 ж. 2-4 ақпан) облыстық құрылтайына; 1990 ж., 24 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облыстық ұйым құрылтайына; сол жылы Алматы облыстық ұйым құрылтайына қатысты. Сондай-ақ 1990 ж. 27-29 желтоқсанда Алматыда өткен І Бүкілодақтық «Түркі фонетикасы» конференциясының жұмысына қатысып баяндама жасады. «Қазақстандағы тіл саясаты және оны жүзеге асырудың жолдары» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның өтуіне ат салысты (1990 ж. 28-30 мамыр).

Ө.Айтбайұлы Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының ІІ құрылтайын өткізуде үлкен белсенділік танытты. Қоғамның бұл құрылтайына Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Қоғам жұмысына жоғары баға берді. 2-Құрылтайдағы баяндаманы Ө.Айтбайұлы жасап, Қоғамды ендігі жерде Халықаралық ұйым деп атау қажеттігін дәлелдеді. Сөйтіп бұдан былай бұл ұйым Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деп аталатын болды және оның президентінің бірінші орынбасары болып Ө.Айтбайұлы сайланды.

«Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тіл мәселесін бірінші күннен бастап назарда ұстады. Ол облыстық кеңестердің сессиясында Мемлекеттік Бағдарламаның арнайы қаралып, осыған орай нақты шаралар белгіленуін қадағалады. Осындай мақсатты көздеген Ө.Айтбайұлының тікелей басшылығымен өткен алқажиындардың (Ақмола, 1991; Ақтөбе, 1991; Алматы, Семей, 1994, 1999; Жамбыл, 1992, Талдықорған, 1993; Павлодар 2002; Өскемен, 1994, 1998, 2003) маңызын кезінде радио, теледидар, баспасөз жан-жақты сөз еткен болатын. Бұл алқажиындарды өткізер алдында жер-жерде, әрбір облыс, аудандарда мемлекеттік тілдің барысы жайында әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, нақты деректер жинақталды. Сөйтіп облыстардың басшылары қатыстырылған бұл жиындарда әрі халықтық, әрі мемлекеттік мәні айрықша тіл мәселесі салиқалы әңгіме болды. Нақты шаралар белгіленіп отырылды. Бұған қосымша әрбір облыс, қала, аудан, бастауыш ұйымдар жергілікті жердің сұраныс ерекшеліктеріне орай нақты шаралар қабылдап отырды. Оның бәрі қоғамның жұмысына жүйелілік пен мақсаттылық бағыт берді.

Қоғам тілге қатысты салалардың бәріне араласып, өзінің тіл жоқшысы, бірден бір қамқоршысы екенін үнемі дәлелдеп отырды.

Ө.Айтбайұлы ғылыми-практикалық конференцияларда, Қоғамның алқажиындарында өзі баяндама жасап, басқарып отырды. Қоғам мүшелерінің оның іскерлігі мен біліктілігіне, әсіресе осындай алқалы жиындарда көздері жете түсті.

Ө.Айтбайұлы академик Ә.Қайдармен бірге Қоғам бөлімшелерін республикадан тыс жерлерде де ашуды ойластырды. Бұған негізгі себеп болған сыртта жүрген отандастар тағдыры еді. Осы мақсатпен ол Мәскеу, Астрахан қалаларында болып, ондағы қалалық ұйымдар конференцияларына  қатысады. Ол 1989 жылдың желтоқсан айында Киев, Вильнюс, Рига, Таллин

қалаларында болып, сол қалалардағы тіл қауымдастықтарының жұмысымен танысады, тәжірибе жинақтайды. Омбы, Қорған, Орынбор, Сарытау, Санк-Петербург т.б. қалаларындағы бөлімшелерге нақты әдістемелік кеңес береді. Сондай-ақ АҚШ, Англия, Сауд Аравиясы, Қытай, Түркия елдерінде болып, онда да ұйым құру жөнінде нақты сөз қозғады. Соның нәтижесінде аталған қалалардың көбінде қазір Қоғам бөлімшелері жұмыс істеуде. Туысқан Қырғыз халқының тіл қоғамын құруда да Ө.Айтбайұлының еңбегі айтарлықтай. Қазір оларда да «Қырғыз тілі» қоғамы жұмыс істеп отыр.

Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайын өткізу идеясын да көтергендердің бірі – «Қазақ тілі» қоғамы болатын. Өзге қоғамдық ұйымдармен (Жазушылар Одағы, «Қазақстан» қоғамы) қатар мұның ұйымдастыру жұмыстарының басы қасында Ә.Қайдаровпен бірге Ө.Айтбайұлы да болды. Сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамы Қазақстанда өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің де мәдени орталықтары болуын көтерген еді. Нәтижеде бұлар қазір Қазақстан халықтары ассамблеясы дейтін үлкен ұйымға айналды.

Ол 1998 ж. ҚР Орталық сайлау комиссиясының құзырында құрылған Лингвистикалық комиссия (Ә.Қайдар, М.серғалиев, К.Хұсайын, Ф.Оразбаев және Ө.Айтбаев) мүшесі ретінде президенттікке үміткерлерден (Н.Назарбаев, Ә.Қажыгелдин, С.Әбділдин, Ғ.Қасымов, К.Асанов, Э.Ғаббасов, А. Асылбек, Б.Жақсыбеков) мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтау мақсатында өткізілген мемлекеттік емтиханға қатысып, үлкен жұмыс атқарды.

2005 ж. қыркүйек айында ҚР Орталық сайлау комиссиясының шешімімен президенттікке үміткерлерден (Н.Назарбаев, Ж.Түлкібаев, Ә.Бәйменов, М.Елеусізов, К.Асанов, т.б. тәрізді 18 адам) емтихан қабылдайтын Лингвистикалық комиссияны (Ө.Айтбаев, М.Серғалиев, Ф.Оразбаев, Р.Нұрғали, Д.Қамзабек) басқарып, қазақ тілінің мемлекеттік беделін асқақтатқан аса жауапты шаруамен айналысты.

Өмірзақ Айтбайұлының ғылымтану, адамтану іліміне қосқан үлесі де едәуір. Мәселен, оның белгілі ғылым, мәдениет, өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылық еңбегіне бағышталған баяндама, мақалалары қазақ қауымына ой салар, Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов, Сейділ Талжанов, Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаев, Әбдуәли Қайдаров, Зәки Ахметов, Рабиға Сыздықова, Шора Сарыбаев, Телғожа Жанұзақов, Сапарғали Омарбеков, Рақыш Әміров, Тұрағұл Қоңыров, Сейіт Қасқабасов т.б. ғалымдар жұмысына жасаған талдамалары мен  өмірнамаларын еске алсақ та жеткілікті. Өмірзақ Айтбайұлының еңбегі үкімет тарапынан да, ғылыми қауымдастық тарапынан да жоғары бағасын алып келеді. Ол 1994 жылы Академияның жалпы Сессиясында ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі болып сайланады. 1996 жылы оған Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев арнайы құттықтау жолдады. 1996 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль;1998 жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» ордені, ал 2001 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, 2004 – Ғылым беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісі; 2007 жылы  Президент жарлығымен «Парасат» ордендерімен, 2011 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, 2013 жылы Еуропа ғылыми – өнеркәсіптік палатасының шешімімен «За высокачественную профессиональную деятельность и фундаментальный вклад в лингвистику» дипломы және «Алтын медалімен» (Бельгия) марапатталды. Сондай-ақ, ол 1997 жылы Экология  халық академигі болып, ал 1998 жылы ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланады.

Ал 2003 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Жалпы жиналысында академияның толық мүшесі болып сайланады.

Ғалым, қайраткер Ө.Айтбайұлы туған Оңтүстік өлкесіне де мейлінше сыйлы, қадірлі. Ол 1996 ж. Түркістан қаласының, Арыс және Отырар аудандарының  Құрметті азаматы болды.

Ө.Айтбайұлы – ғылыми ізденістер нәтижесін практикалық тәжірибемен ұштастырып ұстаздық өнеге танытып жүрген ғалым. Оның жетекшілік етуімен алты кандидаттық диссертация (С.Жетпісов, М.Қожаева, Ә.Кәрібаева, М.Нұрғалиева, А.Қоңырова, Ә.Әбдірахманов), екі докторлық  Ш.Біләл, Л.Дүйсенбекова қорғалды. Әлденеше ізденуші жұмысын бітіру үстінде. 80- жылдардың басынан Қарағанды, Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларындағы Жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтихан төрағасы ретінде және дәріс беру арқылы тіл мамандарын, жалпы филологтарды дайындауға үлкен үлес қосып келеді. Ол  1994-1995 жылдары Алматы Қыздар пединститутының, ал 1996-1997 жылдары Қ.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры ретінде дәріс береді. 1998 жылдан бастап “Қайнар” Университеті филология факультетінің деканы.

Ө.Айтбайұлы қайраткерлік қабілетін шыңдаумен бірге ғалым ретіндегі іздену, зерттеу, ұйымдастыру жұмыстарын жан-жақты тереңдете түсуде. Ол қазір «Тіл біліміне кіріспе» пәні мен қазақ тілі лексикологиясы тармақтарынан дәріс жүргізеді, курстар мен арнаулы семинар өткізеді. Осы салалар бойынша Жоғары оқу орындары , оның ішінде Қайнар университеті, филология факультетінің түлектеріне арнап оқулық дайындады.

Ө.Айтбайұлы 600-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

Ө. Айтбайұлы – ғылым мен өнерді қатар алып келе жатқан ғалым. Оның сазгерлігін танытатын бірнеше, атап айтқанда, белгілі «Жар сәлемі», «Жас ойшыл»,  «Ана тілі»,  «Тіл өнері дертпен тең»,  «Ақ қоян»,  «Өренім» тағы да көптеген әндері жұртшылыққа мәлім.

Ө.Айтбайұлының өнерсүйер қауымды тамсандырған әншілік өнердегі таланты өз алдына. Оның орындаған әндері мен күйлері қазақ радиосының  «алтын қорына» жазылып, көркем фильмнің («Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері») саз-әуеніне арқау болды.

2003 жылдың 28 ақпанында Ғалымдар үйінде өткізілген «Көңілімде бір сыр бар айтылмаған» атты екі жарым сағаттық шығармашылық кештің тағылымдық мәні айрықша болды. Мұнда профессор қазақтың көп орындала бермейтін халық әндері мен халық композиторларының туындыларын орындап, күйлерін шертті.

Ө.Айтбайұлының ғылыми зерттеулері, шығарған кітаптары, қоғамдық қызметі туралы әріптестері тарапынан әлденеше рет баспасөз беттерінде жылы лебіздер, жағымды пікірлер айтылды, ал әншілік-домбырашылық  өнердегі қырларын өнертанушылар аса жоғары бағалады.

Ө. Айтбайұлының ғылыми-зерттеу, тәлімгерлік-ұстаздық, қоғамдық қызметінде әлі де мол еңбектер берері сөзсіз.

Тел: 87011115312