Әлімхан Жүнісбек

Әлімхан Жүнісбек – фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Әлімхан Жүнісбек 1938 жылы 12 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы (қазіргі Отырар ауданы), Қарғалы аулында туған. 1955 жылы Түркістан қаласындағы № 19 қазақ орта мектебін бітірген. 1958 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп шыққан.

Университет бітірісімен ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының (қазіргі ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты) Фонетика бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-1967 жылдары А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіндегі (қазіргі Санкт-Петербург университеті) акад.Л.В.Щерба атындағы Фонетика лабораториясында тәлімгер-зерттеуші болып өткізеді. 03.02.64 – кіші ғылыми қызметкер, 28.03.75 – аға ғылыми қызметкер, 30.01.86 – бөлім меңгерушісі, 01.01.01 – бас ғылыми қызметкер. 1995-2008 жылдар арасында Жоғары аттестация комиссиясының сараптау тобының мүшесі.

Ленинград университетінің профессоры Л.Р.Зиндердің ғылыми жетекшілігімен 1969 жылы «Қазақ тілінің дауысты дыбыстары» атты тақырып бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, 1989 жылы «Түркі тілдерінің сөз просодикасы және қазақ тілінің сингармонизмі» атты тақырып бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғап шығады. 1999 жылы профессор ғылыми атағын алады.

Ә.Жүнісбек қазақ фонетикасына, орфография мен орфоэпия мәселелеріне, сингармонизм теориясына еңбек сіңірген ғалым. Ол жалпы, түркі және қазақ тілтанымындағы сөзқұрауыш (просодика слова) мәселесі; қазақ тіліндегі сингармонизм (үндесім түрленім) заңы; қазақ тілінің артикуляциялық базасы (моделі) құрамындағы артикуляциялық үлгілер; қазақ тіліндегі буын және морфеманың дыбыс құрамы мен желісі (линейная величина); латын әліпбиіне көшу мәселелері; қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесі мәселелерімен айналысады.

Сингармониялық бағыт Ә.Жүнісбек еңбектердің арқасында қалыптасып, ғылыми айналымға түсіп, қалың оқырманға танымал болды. Негізгі еңбектері: «Қазақ грамматикасы» (сегментті фонетика бөлімі). Астана, 2002; «Қазақ фонетикасы». Алматы, 2009; Введение в сингармоническую фонетику. Алматы, 2009. Қазақша-орысша фонетикалық сөздік. Орал, 2009), «Қазақ тіл білімінің мәселелері», Алматы, 2018. Түркі тілдерінде сөздік екпіннің жоқ екендігін дәлелдеп шыққан. Қазақ тілі үндесім (сингармониялық) тіл болғандықтан, оның дыбыс құрамына тән ұғымдар мен атаулардың өз ерекшелігін көрсете білді. Мыңнан аса фонетикалық атауларды құрастырып, айналымға ендірді.

Ә.Жүнісбек Қ-А. Ясауи, Ал-Фараби, Демирел және Абай университеттерінде «Теориялық (академиялық) қазақ фонетикасынан» дәріс берді және жалғастырып келеді. Әр жылдары Халықаралық ИНТАС қорының (бұрынғы Кеңес республикаларының ғалымдарына көмек қоры), Халықаралық «Сорос-Қазқстан» қорының (үш дүркін), Аджип ККО компаниясы гранттарының иегері, Қазақстанның «Ұлттық идея» бағдарламасы бойынша тақырып жетекшісі.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Нұр Отан» ХДП-ның ІІ дәрежелі Дипломымен (2009) марапатталған.

Талапкерлерге ғылыми жетекшілік жасап келеді.

Электронды поштасы: aleke@list.ru

Телефоны: 87013739910