Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар

Қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Türk Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық Қазақ тілі қоғамының құрметті президенті (1992-2004), ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы саналы ғұмырының жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласына арнап келеді.

Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, өз еркімен сұранып майданға аттанады. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталады.

Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітіреді. Міне, осылай басталған аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР Ұлттық ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағында өтуде.

Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған 500-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 б.т. астам) зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. Солардың ішінде жеке кітап түрінде жарық көрген монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен кітапшаларының жалпы саны 60-тан асады.

Академик Ә.Қайдардың жарық көрген барша зерттеулерін іштей саралап, тақырыптық топтарға жіктеп, тіл білімінде қалыптасқан құрамдық салаларға сәйкес сұрыптап қарағанда оның жалпы түркология әлеміндегі, соның ішінде қазақ және ұйғыр тіл біліміне қосқан үлесі, салған өзіндік өрнегі: 1) лексикология, 2) диалектология, 3) этнолингвистика, 4) тіл құрылысы, 5) түркітану және алтаистика, 6) ғылым тарихы, 7) тіл саясаты, 8) ғалым ретіндегі оқулық жазу және тағы басқа көптеген лингвистика салаларынан және оларға тікелей қатысты сөзтану, этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразеология, т.б. тараулардан, олардан туындайтын толып жатқан проблемалық тақырыптардан айқын байқалады.

Осы салалар бойынша жазылып, ғылыми орта игілігіне айналған ғалымның еңбектері жалпы түркітануға, қазақ тіл білімі мен ұйғыр тіл білімін дамытуға қосылған салмақты үлес болып саналады. Бұл еңбектердің негізінде мыңдаған жас ғалымдар мен тіл мамандары, студенттер мен мектеп оқушылары ұзақ жылдар бойы білім алып, тілге деген ұғым-түсінігін кеңейтуде.

Осылардың ішінде, автордың түбір сөз проблемасына арналған «Структура односложных корней и основ в казахском языке» (Алма-Ата, 1986.) атты еңбегі – түркология әлемінде ғалымдардың назарын бірден өзіне аударған зерттеу. Аталған еңбек қазақ тіл білімінде ғана емес, сонымен қатар жалпы түркітану әлемінде өз бағасын алғаны белгілі. Бұл еңбегін ғалым түркологияда бұрыннан сөз болып жүрген үлкен екі бағдарламаның іске асуының ғылыми «беташары» деп санаған еді. Олар: 1) «Түркі тілдері бір буынды түбірлерінің корпусы» деп аталатын іргелі еңбек. 2) Соның негізінде жасалуға тиісті «Қазақ тілінің бір буынды және екі буынды этимологиялық сөздігі».

Қазақ этнолингвистикасы – бүгінде жаңа ғылыми бағыттан жеке ғылым саласына айналған дербес пән. Тәуелсіз Қазақстанның туын биік ұстар ұлтжанды ұрпақ, білікті маман тәрбиелеу – Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің мемлекеттік бағдарламасында алға қойылған басты мақсат. Осы мақсатқа сай «Этнолингвистика» пәні еліміздің жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде оқытылып келеді. Пәннің оқу-әдістемелік кешенін, типтік-оқу бағдарламасынжасауда ғалымның тікелей бағыттауымен қазақ тілінің табиғаты мен ерекшелігіне сәйкес жазылған ғылыми зерттеулер басшылыққа алынып отыр.

Ғалым зерттеген келелі проблемалар, ұсынған ғылыми ой-тұжырымдар, ұстанған ғылыми принциптер тіл білімінің кең өрістеуіне игі ықпал етіп отыр. Академик Ә.Қайдар бүгінде күллі түркі әлемі мақтан тұтатын бірнеше лингвистикалық мектепті қалыптастырды. Біріншісі – «сөз тануға», «түбір тануға» қатысты приориттетті бағыттағы мектеп (синкретизм, плеоназм, имитативтер, моносиллабтар, гомогенді омонимдер, қос сөздер, киелі сөздер т.б.); екіншісі – «этностаным» мен «тілтаным» тоғысынан туындайтын этнолингвистикалық бағыттағы мектеп; үшіншісі – қазақ және басқа да түркі тілдерімен монғол, корей, жапон тілдерінің қарым-қатынасын зерделеуге, «алтай теориясын» тектеуге, тексеруге бағытталған қазақстандық алтаистикалық мектеп.

Осымен байланысты ғалымның үзбей зерттеп келе жатқан мәселелерінің бірі – түркі тілдеріне соның ішінде қазақ тіліне қатысты этимологиялық ізденістерінің негізгі мақсатын төмендегідей сипаттауға болады: а) түркі тілдерінің өте көне дәуіріне тән ортақ түбірлерін анықтау; ә) түркі тілдерінің ішінде өзара жақын топтарға ортақ лексикалық элементтердің сыр-сипатын ашу; б) әрбір тілдің, мәселен, қазақ тілінің сөздік қорындағы жалпы түркі тілдеріне, соның ішінде қыпшақ тобына енетін тілдерге ортақ, сондай-ақ тек қазақ тілінің өзіне ғана тән бір буынды түбірлер мен туынды түбірлердің табиғатын ашу; в) қазақ тіліне әр түрлі тарихи, мәдени, саяси, географиялық себептерге байланысты араб, парсы, монғол, қытай, орыс, т.б. тілдерден енген лексика-грамматикалық элементтерді анықтау, олардың дыбыстық, тұлғалық, мағыналық өзгерістерін белгілеу, лексикалық элементтердің өзара қатыстығы мен алшақтығы тілдің даму процесіне байланысты заңды құбылыс екенін дәлелдеу т.б. Соның айғағы – зерттеушінің лексикологияның ауқымды салаларының бірі ономастикаға қатысты «Қаңлы: тарихи шежіре» (Алматы, 2003.) атты көлемді монографиясы мен көптеген мақалалары қазақ ономастикасының тарихи даму жолдарын, оның бүгіні мен болашағын айқындаған күрделі зерттеулер болып саналады.

Ал қазақ тілінің термин жасау принциптерін жүйелеп көрсеткен бағдарламасы мен құнды пікірлері қазақ терминологиясының өзекті ғылыми-практикалық мәселелерін анықтайды.

Ә.Қайдар – лексикография саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан ғалым. Бұл салада оның: «Уйгурско-русский словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (авторлардың бірі) (1966), «Қазақша-орысша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004) және 3 томдық «Қазақтар: ана тілі әлемінде: этнолингвистикалық сөздік» (Т 1. Адам. Алматы, 2009; Т. 2. Қоғам, Т. 3. Табиғат. Алматы, 2013) және«Қазақ тіліндегі қос сөздер сөздігі: зерттеу және сөздік» (Алматы, 2013) т.б. еңбектерін атап айтуға болады.

Академик Ә.Қайдар – қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым. Этностың инсандық болмысы мен дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіншіліктері, яғни «этностаным» мен «тілтаным» арасынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес саласының бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындау, ғылыми тұжырымдамасын негіздеу – ғалымның осы саладағы соңғы кездегі зерттеулерінің негізгі арқауы.

Ғалымның қазақ этносы туралы зиялы қауымның сауалына және көпшіліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың ментальдық ерекшелігін көрсететін «Қазақ қандай халық?» (Алматы: Дайк-Пресс, 2008) атты көлемді еңбегі жарық көрді. Этностың болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы мен синтезін таныту мақсатында «Қазақтар: ана тілі әлемінде «Адам», «Қоғам», «Табиғат» атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздігі жұртшылық назарына ұсынылды (1-том Алматы: Дайк-Пресс, 2009; 2, 3-томдар Алматы: Сардар, 2013). Бұл еңбектер келешек ұрпаққа ұлттық қасиеттерімізді басқа бұлақтардан емес, тек тіл бұлағынан ғана сусындап білуге көмектесері сөзсіз.

Ә.Қайдар – алтаистика атты ғылымға түркі-монғол тілдерінің грамматика, фонетика және базистік лексика саласындағы байланыстарына қатысты құнды зерттеулерімен ғана емес, бұл іске тіл мамандарын тартып, шәкірт тәрбиелеумен де өз үлесін қосып келе жатқан алтаист-ғалым. Алтайтану саласындағы ғалымның зерттеулері монғол тілдерінің түркі тобындағы тілдермен тектік, тарихи жақындығы мен өзара қарым-қатынасын айқындау мәселесіне барып саяды. Ғалымның тікелей ғылыми жетекшілігімен Базылхан Бұхатұлы қазақ пен монғол тілдерінің, Эрколь Әзербаев қазақ және басқа да түркі тілдерінің жапон, тұңғыс-манжұр тілдерімен қарым-қатынасын арнайы зерттеді.

Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге бағытталған тіл саясатының қалыптасуына академик Ә.Қайдардың тіл маманы, қоғам қайраткері, тұғыры биік азамат ретінде атсалысқаны қалың жұртшылыққа белгілі. Осы жалпыхалықтық әрекеттің басы-қасында болған академик Ә.ҚайдардыңХалықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оның президенті ретінде Республикада тіл саясатының қалыптасуына ықпал жасағаны мәлім. Осымен байланысты академик Ә.Қайдардың ғылыми шығармашылығының өзекті бір саласын оның мемлекеттік тіл пробемасына, тіл заңына, тіл экологиясына байланысты көптеген көкейтесті мәселелерді қарастырған еңбектері құрайды.

Ғалымның есімі ғылымдағы үздік өнегесімен ғана белгілі емес, сонымен қатар, еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтықтың жоғары деңгейінен көрініп келеді. Оны біз ғалымның 50 жыл бойы атқарып келген, әлі де жалғастырып отырған еңбек жолынан айқын көреміз. Солардың кейбіреулері, яғни ғалымның міндетті қызметтерінен басқа атқарған қоғамдық тапсырмаларының біразы мынадай: 1) тіл білімі бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғау кеңесінің төрағасы (23 жыл); 2) ҚР Ғылым академиясының «Хабарлары» атты ғылыми журналдың бас редакторы (8 жыл); сондай-ақ Бүкілодақтық «Советская тюркология» журналының, «Білім және еңбек», «Парасат» журналдарының редакция алқасының мүшесі; 3) кезіндегі «Достық қоғамдары» мен ҚР Халықтар Ассамблеясының мүшесі (20 жылдан астам); 4) Мемлекеттік терминологиялық комиссия төрағасының орынбасары әрі мүшесі (25 жылдан астам); 5) Мемлекеттік ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары (12 жыл); 6) СССР Министрлер Советі жанындағы СССР-дің Ғылым мен техника саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитетінің мүшесі (2 жыл); 7) Ел президентігіне 8 үміткердің ішінде бірінші елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан қазақ тілі бойынша мемлекеттік емтихан алған комиссияның басшысы болды; 8) Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Қазақ ССР-інің ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі; 9) СССР Жоғары аттестациялық комиссияның мүшесі, ҚР ЖАК-ның Төралқа мүшесі (3 жыл); 10) ҚР «Тіл туралы заңның» жаңа жобасын жасаушы Комиссияның мүшесі; 11) ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі; 12) Академик Ә.Қайдардың редакторлығымен 76 еңбек (монография, жинақ, сөздік), соның ішінде 2 энциклопедия («Қазақ тілі» энциклопедиясы мен «Жетісу» энциклопедиясы) жарық көрді; 13) Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті (1989 ж. бері) және т.б. қоғамдық қызметтерді атқарып келеді.Академик Ә.Қайдар – тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөліп келе жатқан ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша диссертация қорғаған 17 ғылым докторы мен 75 ғылым кандидаты Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ елімізден тыс мемлекеттерде (Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровте, Бішкекте, МХР-да, ҚХР-да т.б.) жемісті еңбек етіп жүргені белгілі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ә.Т.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Халықтар достығы» ордені, «Отан» ордені, «Құрмет нышаны» (Түркия ордені) және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталды.