Қарлығаш Жамалбекқызы Айдарбек

Терминология бөлім меңгерушісі

Филология ғылымдарының докторы

Айдарбек Қарлығаш Жамалбекқызы 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітіріп, сол жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Лексикология бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасады. 1996-1999 жж. аралығында осы институттың күндізгі аспирантура бөлімінде оқып, 1999 жылы «Адамға қатысты атауларды ономасиологиялық тұрғыдан талдау» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2000 жылдан 2005 жылға дейін Лексикология бөлімінің аға ғылыми қызметкері. 2005 жылдан бастап Терминология бөлімінің меңгерушісі. 2009 жылы «Қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық аспектісі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Сол жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.02 – қазақ тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңесінің мүшесі.

1 монография, 100-ге аса ғылыми және ғылыми-көпшілік мақала авторы. Олар лексикология, семасиология, ономасиология, терминология, лингвомәдениеттаным, когнитивтік лингвистика салаларына арналады: «Орысша-қазақша сөздік» – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – 1152 б. (құрастырушы);  «Қазақша-орысша сөздік» – Алматы: Дайк-Пресс, 2001 ж.(құрастырушы); Қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық негіздері. Ғылыми монография. Алматы: «Мемлекеттік тілді дамыту институты», 2010 жыл. 384 б.; Денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру салалары қызметкерлеріне арналған орысша-қазақша тілашар. Ш.Құрманбайұлымен бірлесіп дайындалған терминологиялық тілдескіш. Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы, Астана, 2009ж. 312 б.

Бөлім меңгерушісі ретінде «Қазақ терминологиялық жүйесін қалыптастырудың ономасиологиялық негіздері» (2006-2008) және «Қазақ терминологиялық қорын қалыптастырудың лингвистикалық принциптері (стандарттау, біріздендіру, жүйелеу, нормалау)» (2009-2011), «Когнитивтік терминтаным концепциясындағы кәсіби тілдік тұлғаның ғылыми дискурсы» (2011-2013) деген күрделі тақырыптарға жетекшілік жасаған.