Телғожа Сейдінұлы Жанұзақ

Бас ғылыми қызметкер

филология ғылымдарының докторы, профессор

Ономастика секторының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, ҚР Гуманитарлық Ғылым академиясының академигі. 1927 жылы 15 шілдеде Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында қызметкер отбасында дүниеге келді. Ол өмір жолын 1944 жылы аудандық дайындау мекемесінде бухгалтер болып бастайды. 1947-1951 ж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқиды.1951 ж. осы институттың аспирантураға қалдырылды. 1952 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында (қазірде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты) кіші, аға ғылыми қызметкер (1952-1980), ономастика бөлімінің меңгерушісі (1981-1994), ғылыми-зерттеу тақырыптарының жетекшісі (1995-2003), бас ғылыми қызметкер (1995 жылдан) болып жұмыс істейді. Т.Жанұзақтың тікелей белсенділігі арқасында ономастика бөлімі 1981 жылы қайта ашылды.

«Қазақ тіліндегі кісі аттары» деген тақырыпта кандидаттық (1961) (проф. С.Е.Малов пен акад. І.Кеңесбаевтың жетекшілігімен), «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертация (1976) қорғады. Қазақ тіл білімінің лексика, лексикография, терминология, фольклор, көркем аударма салалары бойынша зерттеулер жүргізуде.

1989 ж. Жоғарғы Үкімет орындарына хат жолдап, Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру жайлы мәселе қойды. Нәтижесінде Қазақстан Үкіметі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құрылып, ол 1990-1998 жылдары оның ғалым-хатшысы, 1999-2003 жылдары мүшесі болып, қоғамдық негізде ұлттық мүддеге қызмет етті. Еліміздің ономастикалық атауларын реттеуге қатысты, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларға белсене аралсып, ономастикалық комиссия Ережесін жазды. Т.Жанұзақтың академик Ә.Қайдармен бірлесе отырып жазған «Республикадағы мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи географиялық атауларын қалпына келтіру Тұжырымдамасы» мен «Қазақстан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттары және фамилияларын реттеу туралы Тұжырымдамасы» қоғамдық, мемлекеттік органдарға күнделікті жұмысына қажет құрал. 1974-1986 жылдар аралығында жарық көрген 10-томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» іргелі лексикоргафиялық еңбектің басты авторларының бірі және редакциялық алқа мүшесі ретінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері атағына ие болды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Тіл білімі институтының арқауында болған 15-томдық сөздіктің белсенді авторларының бірі. «Қазақ тілі сөздігінің» бас редакция алқа мүшесі (1999). Ғалым 70 кітап, 12 ғылыми-көпшілік сипаттағы кітаптар мен кітапшалар, 390-ға жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала, түрлі сөздіктердің авторы.

Ғалымның жетекшілігімен 6 докторлық және 16 кандидаттық диссертация қорғалды. ҚР Үкіметінің «Көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендиясының» иегері (2000), «ҚР ның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері (2007), ҚР Президентінің «Ерен Еңбегі үшін» марапатының иегері (2007), «Нұр Отан» Халықтық демократиялык партиясының мүшесі.