Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық

Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық – филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері. 1924 ж. 17 тамызда Ақтөбе облысы, Ойыл қалашығында қызметкер отбасында туған. Әкесі Сәтіғали Құтқожин (1888-1937) 1920-1928 жылдары Ойыл аудандық байланыс бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 1928-1937 жылдары Ақтөбе қаласында, Табын (қазіргі Байғанин), Арал, Темір аудандарындағы байланыс бөлімдерін басқарған. 1937 жылы «халық жауы» деген атпен ұсталып, осы жылдың соңында Ақтөбе қаласында атылған. Р.Сыздық 1938-1940 жж. Темір қаласындағы педучилищеде білім алып, 1940-1945 жж. Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, педучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1944 ж. жедел түрде екі жылдық Ақтөбе Оқытушылар институтын, 1945 ж. Абай атындағы Алматы педагогикалық институтына түсіп, 1947 ж. үздік бағамен (қызыл дипломмен) бітірген, 1947-1951 жж. осы институттың аспирантурасында оқыған. 1951-1957 жж. Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, кейін редакция меңгерушісі, 1957 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында (қазірде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы) ғылыми қызметкер, Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, ал 1980-1994 жылдары Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, 1994 жылдан бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. «Абай қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық (1959 ж.), «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация (1971 ж.) қорғады. Осы салада үш монография жариялады: «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971), «Абайдың сөз өрнегі» (1994).

Р.Сыздықтың диссертациялық зерттеу еңбектерінен өзге бағытта айналысқан тақырыптары:

– қазақ әдеби тілінің бес ғасырлық (ХV – ХІХ) даму тарихы;

– қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштер тілі, тарихи лексикология;

– лингвистикалық стилистика;

– тілмәдениеті және орфография, орфоэпия;

Рәбиға Сыздық қазақ тіл білімі үшін «Лингвистикалық стилистика» деп аталатын жаңа саланың негізін салушы деп есептеледі. Мұны ғалымның «Абайдың сөз өрнегі», «Сөз құдіреті» атты монографиялары мен шәкірттері қорғаған диссертациялық жұмыстары дәлелдейді.

Профессор Р.Сыздықованың жан-жақты және ауқымы мол ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі арқауы қазақ тілінің, түркітану ғылымының өзекті мәселелері болып табылады. Әсіресе солардың ішінде ғалымның ұзақ жылдар бойы үзбей қалам тартып, жете зерттеген саласы қазақ әдеби тілі тарихының мәселелері деуге болады.

Әрине, әдеби тілді, оның тарихын зерттеуде бұл нысананы әр түрлі қырынан қарастыруға болады. Қазақ тіл білімінде әдеби тілдің тарихы жекелеген әдеби үлгілерді зерттеуден, олардың лексика-грамматикалық ерекшеліктерін ашудан басталған деуге болады. Бұл, бір жағынан, сол үлгіні жасаушы қаламгердің тілін зерттеу болып табылса, екінші жағынан, қаламгер өмір сүрген сол кезеңдегі, дәуірдегі әдеби тілдің өзін де зерттеу болып саналады.

Міне, сондықтан профессор Р.Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» (1968) деген көлемді ғылыми монографиясы – ұлы ақынның тілін лингвистикалық тұрғыдан қарастырған еңбек қана емес, сондай-ақ сол кезеңдегі, синхрондық бөліктегі әдеби тілдің негізгі ерекшеліктері мен басты сипаттарын айқындаған іргелі зерттеу. Осы еңбегі үшін ғалымға ҚР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді (1995).

Поэзия синтаксисіне Абай енгізген өзгешеліктер мен жаңалықтарды ашқан, оған нақты талдаулар жасаған ғалымның «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970) деп аталатын монографиясы қазақ тіл білімінде өлең синтаксисін ең алғаш зерттеген, оның құрылым-құрылыстарына тән негізгі белгілерді көрсеткен бірден-бір және бірегей еңбек болды.

Абай тілін жүйелі түрде зерттеудегі ғалымның өзі белгілеген тәртібімен жоғарыда көрсетілген екі монографиядан соң, «Абайдың сөз өрнегі» атты үшінші кітабында ұлы ақынның поэтикалық тілі, көркемдік сипаты, көріктеу құралдарының тілдік механизмі сөз болып, Абайдың тіл көркемдігін танытудың кілті бұрынды-соңды айтылып келген пікірлер мен еңбектерден басқаша бұраумен ашылады, қазақ тілінің поэтикасы жөнінде соны талдаулар мен жаңа ой-тұжырымдар айтылады. Аталмыш еңбек ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай «Санат» баспасынан  1995 ж. жарық көрді. Сондай-ақ «Абай энциклопедиясында» («Атамұра», 1995)  ұлы ақынның тілі мен стиліне қатысты көлемді ғылыми-теориялық мақалалар топтамасын берді. Абай тілін жан-жақты зерттеген осы еңбектері үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды (1996).

Қазақ әдеби тілінің тарихын ендігі жерде жеке үлгілер арқылы ғана емес, біртұтас түрде зерттеуді Р.Сыздықова сонау 1960-жылдардың өзінде қолға алған болатын. Осының нәтижесінде профессор М.Балақаев, Е.Жанпейісовпен бірлесіп жазған «Қазақ әдеби тілінің тарихы»  (1968) жарық көрді. Осы аталған оқу құралының «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілі» деген сүбелі тарауы Р.Сыздықованың қаламынан шықты. Дегенмен алпысыншы жылдары қазақ әдеби тілінің тарихын қай кезден бастау қажет, оның алғашқы өкілдері кімдер, үлгілері қандай, қандай дәуірлер мен кезеңдерге бөлінеді деген т.б. аса өзекті мәселелерді былай қойғанда, тіпті әдеби тілдің статусын анықтаудың өзі әлі толық шешімін таппаған-ды.

Профессор Р.Сыздықованың түркітану саласындағы зерттеулері, бір жағынан, қазақ тілінің тарихы, қазақ әдеби тілінің тарихымен ұштасып жатады. Солардың ішінде зерттеушінің «Язык Жами’ат-тауарих Жалаири» (1989) деген монографиясын ерекше атауға болады. Тарақ таңбалы жалайырдан шыққан Қадырғали бидің жылнамалары туралы арғы-бергі кезеңдердегі зерттеулерге сын көзімен қараған автор бұл ескерткіштің лексика-грамматикалық құрылымына талдау жасай отырып, алдымен ондағы оғыз, қыпшақ тілдеріне ортақ элементтерді саралайды, оны туыстас тілдердің дерегімен салыстырады. Ескерткіш тіліндегі әр текті тілдік белгілерді талдай келіп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне орай қалыптасқан, өзге туыстас тілдерде қайталамасы жоқ қазақы сөз өрнектерін айқындайды.

Р.Сыздықова түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің тарихына хронологиялық тұрғыдан әрі қарай жылжып, көп жылдардан бері Қожа Ахмет Ясауи (ХІІ ғ.) мұрасының «Самарқанд немесе Залеман нұсқасы» деп аталатын қолжазбасы бойынша оның тілін лексика-грамматикалық, көркемдік және текстологиялық талдау тұрғысынан зерттеп шықты. Әлеуметтік мәнділігі аса жоғары бұл еңбек Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен 2004 жылдың қыркүйек айында «Ясауи хикметтерінің тілі» деген атпен «Сөздік–словарь» баспасынан жарық көрді.

Р.Сыздықова әдеби тіл тарихын, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін зерттеумен қатар, тарихи лексика мәселелерін де арнайы қарастырып келеді. Ғалымның «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі – осы саладағы ізденістің нәтижесі. Тарихи лексикология бойынша бірден-бір оқу құралы болған бұл еңбек 1994 жылы толықтырылып, өңделіп, екінші рет жарық көрді. Кітапта тарихи, лиро-эпостық жырларда, ақын-жыраулар тілінде, тұрақты тіркестер құрамында, мақал-мәтелдерде кездесетін көне сөздердің байырғы мағыналары, түп-төркіні ашылып, семантикалық өзгерістеріне талдау жасалады. Сондықтан аталмыш еңбек тек тіл мамандары ғана емес, байырғы көркем мұраларды сүйсіне оқитын былайғы жұртшылық үшін де бағалы зерттеудің бірі болды.

Р .Сыздықова лингводидактика саласындағы жұмыстарға ерте кезден араласып, оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, бағдарламалар түзді. Атап айтқанда, ол орыс мектептерінің жоғары кластары үшін «Қазақ тілі» оқулығын (1952-1953), «Үлкендерге арналған әліппені» (1958, 1963), «Ересектерді оқытудың программасын» (1958), университеттер мен институттарда «Қазақ әдеби тілі тарихын оқытудың программасын» (1965, 1969, 1975) жазысуға ат салысты.

Р. Сыздықованың ұзақ жылдар бойы аса өнімді еңбек етіп, жемісті зерттеулер беріп келе жатқан саласы – тіл мәдениеті мен қолданбалы лингвистика. Бұл ретте ғалымның шешендік сөз туралы, сөз қолданыс пен әдеби норма т.б. мәселелерге арналған бірқатар теориялық зерттеулері ғылыми жинақтарда («Жазушы және сөз мәдениеті», Алматы, 1983; «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі», Алматы, 1987 т.б.) және ғылыми журналдарда жарияланды. Сонымен қатар тілдік нормаға арналған «Тілдік норма және оның қалыптануы» (2001) деген атпен жеке монографиясы қазақ тіл білімінде норма мәселесін теориялық тұрғыдан арнайы сөз еткен тұңғыш ізденіс болып табылады. Мұнда бүгінгі әдеби тіліміздің қолданысында қалыптанған лексика-грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, көркемдік заңдылықтарын жүйелеп көрсетумен қатар, олардан уәжді-уәжсіз ауытқитын сәттерді де салалап береді. Ғалым бұл зерттеуінде тілдік нормалардың түрлері мен типтеріне тоқтала отырып, әдеби тілдік норманың негізінде тілдік жүйе мен заңдылықтар жатқанына назар аударады. Әдеби тіл нормасының қазіргі қалып-күйін көрсете келіп, басым варианттардың түрлерін айқындайды.

Сонымен бірге жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеретін, қоғамдық-мәдени өмірде орны ерекше саналатын практикалық құралдар («Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», 1960, 1974, 1988, 2001) жазуға қатысып, емле ережелерін жүйелеген («Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жөнінде анықтағыш», 1959, 1974, 1994, 2000), орфоэпиялық нормаларды тиянақтаған («Сөз сазы», Алматы, 1983, 1995, 2000) еңбектер жариялады. Бұлар қазақ тілі номаларын кодификациялауда өзіндік орны ерекше еңбектер деп бағаланады.

Р. Сыздықованың тікелей басқаруымен және белсене қатысуымен «Қазақ орфографиясы негізгі ережелерінің жаңа нұсқасы» жасалды. Негізгі ереженің жаңа редакциясы кезінде Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен 1983 жылдың 25 тамызында бекітілді.

Репрессияға ұшыраған аса көрнекті ғылым мен қоғам қайраткерлері, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сынды ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы Р.Сыздықова алғашқы болып, ғылыми очерк жазып, кітапшалар шығарды. Оның Қ. Жұбанов туралы «Ғалым-азамат» (1966, 2004), А.Байтұрсынов туралы «Ахмет Байтұрсынов» (1990) деген кітапшалары жұртшылыққа кеңінен мәлім.

Осындай игі істермен қатар Р.Сыздықова Қ.Жұбановтың, А.Байтұрсыновтың,  Х.Досмұхамедовтің ғылыми мұрасын жинастырып, баспаға әзірлеу жұмыстарымен де шұғылданды. Р.Сыздықова мен Е.Жұбановтың редакциясымен Құдайберген Жұбановтың «Исследования по казахскому языку» (Алма-Ата, 1966, 362 с.);  Р.Сыздықова мен Ш.Сарыбаевтың редакциясымен А. Байтұрсыновтың «Тіл тағылымы»  (Алматы, 1992, 448-б.), Р.Сыздықованың бас редакторлығымен Халел Досмұхамедовтің «Таңдамалы» (Алматы, 1998) деген көлемді еңбектері жарық көрді.

Р. Сыздықова ұзақ жылдар бойы ғылым кадрларын даярлау ісіне үзбей атсалысып келеді. 30-ға жуық кітап, 400-ден астам мақала жариялаған академик Рәбиға Сыздық шәкірттері (9 ғылым докторы, 20 ғылым кандидаты) бүгінде республикамыздың түпкір-түкпірінде ғалымның ұстаздық әрі ғалымдық жолын абыроймен сабақтастырып келеді. Р.Сыздықова Қазақ ССР Ғылым академиясының Филология ғылымдары бойынша біріккен кеңесінің ғалым-хатшысы (1969-4975), 1975 жылдан бері ҚР Ұлттық ҒА-ның А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы докторлық, кандидаттық диссертация қорғау жөніндегі Мамандандырылған кеңестің, 1990-1994 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология ғылымының докторы дәрежесін беру жөніндегі Мамандандырылған кеңесінің мүшесі ретінде осы аталған кеңестердің жұмыстарына үзбей қатысып келеді.

Ол университеттер (Алматы, Қарағанды) мен пединституттардың (Алматы, Семей, Ақтөбе) филология факультеттерінде абайтану, қазақ әдеби тілінің тарихы, сөз мәдениеті бойынша арнаулы курстардан дәрістер оқып, студенттердің ғылыми жұмыстарына басшылық жасап келеді.

Р. Сыздықова ғылыми конференцияларда жасаған баяндамаларында, сөйлеген сөздерінде әрдайым ғылыми жұртшылыққа ой тастап, келелі мәселелер қозғап отырды. Бұл жөнінде кезінде академик жазушылар М.О. Әуезов, Ғ. Мүсірепов өздерінің жылы лебіздерін білдірген болатын.  «Рәбиға Сыздықованың сөзіне, – деп жазады акад. М. Әуезов, – конференцияға қатысушылар айрықша ырза болды деп санаймыз. Оның сөзіндегі бір ерекшелік: тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты» (Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы: Ғылым, 1961, 351-б.).

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор          Р.Сыздықованың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше мәрте (1961, 1973, 1982) Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1971 ж. «Құрмет Белгісі» орденінің иегері атанды. 1984 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы берілді, есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылды (1981), Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атағына ие болды. 1945 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды.

2004 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.

Р. Сыздықованың іргелі ғылыми зерттеу еңбектері тек республика көлемінде ғана емес, одан тыс елдердегі жұртшылыққа кеңінен мәлім. Ғалымның Түркияның халықаралық «Dil kurumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшелігіне ұсынылуы – осының бір айғағы.