Орынай Сағынғалиқызы Жұбаева

Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы

 Жұбаева Орынай Сағынғалиқызы 1970 жылдың 22 тамызында Атырау облысы, Дендер ауданы Дендер поселкесінде дүниеге келген. 1977-1987 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы орта мектебін бітірген. 1994 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірір шыққан. 1998-2001 жылдар аралығында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімін институты аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқыды. 2002 жылдың 1 наурызында академик Рәбиға Сыздықтың жетекшілігімен «Қ. Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы мен лингвистикалық тұжырымдамалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 2010 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қ.Ахметжанованың ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ тілі грамматикалық категорияларының  антропоөзектілігі» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған.

О. С. Жұбаева функционалды грамматика, когнитивті грамматика, қазақ тіл білімінің тарихы, морфология, коммуникативті синтаксис саласында еңбек етіп келеді. 2 монографияның 200-ге жуық мақаланың авторы.

Сондай-ақ қазақ тіл білімінің тарихына қатысты еңбектерін де жеке атауға болады. О.Жұбаева «Қазақ тіл білімінің қалыптасып, даму жолдары» атты еңбектің авторы. Мұрағат материалдары мен сирек қолжазбалар қорына иек арта отырып, бүгінде ғылыми айналымға түсе қоймаған бірқатар соны деректер мен А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы т.б. ғалымдардың мақала, пікір т.б. материалдарын  тауып, «ҚР ҰҒА Хабаршысы», «Тілтаным» т.с.с. басылымдарда жариялады. Қ.Кемеңгерұлының үш томдық шығармалар жинағын, Н.Қаратышқановтың құрастыруымен жарық көрген «Пән сөздері» (1927), Ә.Үмбетбайұлы «Әскери атаулар сөздігі» (1926), «Атаулар сөздігі» (1931) т.с.с. еңбектерді құрастыру, баспаға дайындау ісіне араласты. 2013 жылы Телжан Шонанұлының үш томдық шығармалар жинағын баспаға ұсынып, алғы сөзі мен түсініктерін жазды. 2015 жылдан Телжан Шонанұлының бес томдық шығармалар жинағын дайындап, баспаға ұсынып келеді. Бұрын-соңды ғылыми айналымға ене қоймаған, мұрағат материалдары мен сирек қолжазбалар бөлімінен табылған, Ташкент мұрағаттары мен кітапханаларынан табылған материалдардың басын қосып, «ХХ ғасыр басындағы қазақ тіліне қатысты зерттеулер» (алғы сөзі мен түсініктерін жазып, баспаға дайындаушы) атты көлемді жинақтың авторы. Сондай-ақ Қ.Кемеңгерұлының кейіннен табылған мұраларын қосып, үш томдық шығармалар жинағын дайындады.

О.Жұбаева ғылыми жұмыстарға тақырып жетекшісі, орындаушы ретінде қатысып келеді. 2003-2005 жылдары «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы ¬– егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» деп аталатын жобаның жетекшісі, 2006-2008 жылдары «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік ретіндегі негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты тақырыпта іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Қазақ синтаксисінің коммуникативтік-прагматикалық аспектісі» тақырыбы бойынша жоба жетекшісі, 2009-2011 жылдары «Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның уақыт пен кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, жаңғырту»  атты іргелі зерттеу бағдарламасының «Қазақ тіліндегі квалитативті-квантативті негізді функционалды-семантикалық өрістер» деп аталатын жобаның жетекшісі, «Грамматикадағы дүниенің тілдік бейнесінің көрінісі, (қазақ тілі негізінде), «Жаңа грамматикалық білімдер жүйесін оқыту тәжірибесінде қолдану негіздері» атты жобаның жетекшісі, «Қазіргі қазақ тілі» ғылыми курсының авторы, жауапты шығарушы, «Ұлттық идея – Қазақстанның дамуының негізі» атты қолданбалы зерттеу бағдарламасы аясында «Қазақ тілі – ХХ ғасырдың басындағы ұлттық идеяның өзегі» тақырыпты жобаның жетекшісі. Қазіргі кезде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы  «Тыныс белгілердің коммуникативті-прагматикалық әлеуеті» деп аталатын 2015-2017 жылдарға арналған жобаға орындаушы ретінде қатысып келеді.

Сондай-ақ қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшірудің ғылыми-теориялық негіздеріне арналған «Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркменстанның және басқа да елдердің тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, латын әліпбиіне көшу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу» атты қолданбалы зерттеу бағдарламасының орындаушысы.

О.Жұбаева «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» құрастырушысы, 2, 3-томдардың жауапты шығарушысы, 8, 13-томдардың жауапты редакторы, осы 15 томдық түсіндірме сөздіктің редакторлық топ мүшесі. Сондай-ақ 2013 жылы жарық көрген бір томдық түсіндірме сөздіктің («Қазақ сөздігі», 1488 б.) де редакторлық құрамында жұмыс істеді.

О.Жұбаева академик Р.Сыздықованың «Қазақтың ауызша дамыған әдеби тілі» атты монографиясының жауапты редакторы, «Н.Сауранбаев және қазақ тіл білімі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Алматы, 2004), «Түркі тілдерінің грамматикасы: қазіргі ахуалы мен болашағы атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Алматы, 2010), «Қазіргі қазақ грамматикасы мен терминологиясын зерттеудің негізгі бағыттары» атты профессор А.Ы. Ысқақовтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Алматы, 2010), «Қ.Есенов және қазақ грамматикасының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық дөңгелек үстел материалдары (Алматы, 2012), «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ руханиятының көсемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Алматы, 2013), «Түркітану мен қазақ филологиясының дамуы: ғылыми мұра және ғалым феномені» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Алматы, 2014), академик Р.Сыздықованың «Қазақ тілінің анықтағышы», «Тілдік норма және оның қалыптануы» және көптомдық шығармалар жинағының (Алматы, 2014)    т.с.с. жауапты шығарушысы болды.

О.Жұбаева Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде  қоғамдық ғылымдар бойынша (2011, 2012),  Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде педагогика және психология мамандықтары бойынша (2013, 2014) Ph.D философия докторларын дайындау ісіне диссертациялық кеңес мүшесі ретінде атсалысып келеді. 2014, 2015 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды. Жыл сайын арнайы шақырту бойынша Қытай Халық Республикасы Пекин (Бейжің) қаласындағы Аз Ұлттар университетінде дәріс оқып келеді.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ғалымдар кеңесі мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын күшейту және отандық тіл ғылымын насихаттау ісіне қосқан зор үлесі үшін  «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен» марапатталды.