Мырзаберген Малбақұлы Малбақов

Бас ғылыми қызметкер

филология ғылымдарының докторы, профессор

Тіл тарихы бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор. 1955 жылы мамыр айының 5 жұлдызында Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданына қарасты Бөгетсай ауылында дүниеге келген. 1981 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) мемлекеттік университеттің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, 1981-82 жылдары Қазақ мемлекеттік Кітап палатасында техникалық редактор, 1982-86 жылдары республикалық Кітап музейінде ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1987-93 жылдары ҚР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында  аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер ретінде жұмыс жасады. 1993-94 жылдары ҚР Министрлер Кабинеті жанынан жаңадан ашылған Тіл комитетіне тіл мәдениеті және терминология бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысып, мемлекеттік терминологиялық,  ономастикалық комиссиялардың жұмыстарына қатысады. 1994-95 жылдары Түркия республикасының астанасы Анкара қаласында Түрік Тіл Қоғамының шақыруымен түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы мен сөздігін жасау жұмыстарымен айналысады. 1995-98 жылдары Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында аға ғылыми қызметкер ретінде жұмыс жасайды. 1999 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөліміне аға ғылыми қызметкер ретінде алынады. 2001 жылдан бастап осы институттағы  қазақ тілі тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 2009 жылы осы институт директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ғалым 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап 2016 жылдың қазан айына дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры болып жұмыс жасады.

Еңбектері:

  • «Қазақ лексикографиясының тарихы» (канд. дисс., 1992)
  • «Қозы Көрпеш – Баян сұлу эпосының текстологиясы» (Е.Жұбановпен бірге, 1994);
  • «Қазақ сөздіктері» (1995);
  • «Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері» (2002)
  • «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің құрылымдық негіздері» (докт. дисс., 2003);
  • «Сөздік және сөзтаным мәселелері» (2015);

1992 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Д 53.38.01 Диссертациялық кеңесінде «Түркі тілдері» мамандығы бойынша «Қазақ лексикографиясының тарихы» тақырыбында  кандидаттық, 2003 жылы «Қазақ тілі» мамандығы бойынша «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің құрылымдық негіздері» тақырыбында филология ғылымдарының докторы диссертацияларын қорғады. 2004 жылы ғалымға тіл білімі мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілсе, 2009 жылы осы мамандық бойынша профессор атанды. Ғалым түркітанудың, ұлттық лексикография мен лексикологияның танымал маманы ретінде  зерттеулер жүргізумен қатар осы сала бойынша білікті кадрлар даярлау ісіне де белсенді түрде ат салысты. Оның басшылығымен 9 кандидаттық диссертация қорғалды. Ғалым еліміздің жоғарғы оқу орындарында маман даярлау ісіне атсалысумен қатар, Ресей, Түркия, Қытай, Қырғызстан университеттерінде дәріс оқып, түркітанымның, қазақ тіл білімінің келелі мәселелерін көтеріп келеді. Ол ұзақ жылдар бойы бауырлас қырғыз елінде түркі тілдері мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғайтын ғылыми кеңесте мүше болып, қырғыз ғалымдарын даярлау ісіне қосқан үлесі үшін «Қырғыз тілі» медалімен марапатталған.

Ғалым еліміздің егемендікке ие болуына байланысты қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге,  оның тарихи негіздерін нығайтуға бағытталған ғылыми іс-шараларға  белсене араласып, қомақты үлес қосты. Іргелі және қолданбалы зерттеу бағдарламалары бойынша жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарына басшылық жасап, тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына, республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасына қатысып, олардың жүзеге асырылуы жолында белсенді ат салысты. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша түзілген қазақ тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігінің негізгі орындаушыларының,  редакторларының бірі болды. Сөздікші-ғалым 2013 жылы жарық көрген «Қазақ сөздігі» аталатын біртомдық үлкен түсіндірме сөздіктің негізгі авторлардың бірі саналады. Ғалымның түркітану мен қазақ тілінің тарихына, қазақ лексикографиясының теориялық мәселелеріне арналған 100-ден астам ғылыми мақалалары бар.

М.Малбақұлы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты:

  • ҚР Министрлер кабинетінің жанындағы Мемтерминком және Мемлекеттік ономастика комиссиясының мүшесі (1992-1994);
  • Тіл саясаты бойынша Мемлекеттік комиссияның мүшесі (2011-2016);
  • «Тілтаным» журналының бас редакторы (2011-2016)

Марапаттары:

  • «ҚР егемендігіне 25 жыл» төсбелгісі (2016);
  • «Еңбек ардагері» төсбелгісі (2017);
  • «Қазақ тілінің жаашыры» төсбелгісі (2018);