Көбденова Гүлжиһан Байғазықызы

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл тарихы және түркология бөлімінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты. 1981 жылы 22-шілдеде Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосында дүниеге келген. Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосындағы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте оқуды бастап, 9-11 сыныптарын Ақтөбе қаласындағы «Новый» орта мектебінде бітірді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетіне 1998 жылы түсіп, 2002 жылы кәсіптік жоғары білімді филолог, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы мамандығы бойынша үздік диплом алып бітіріп шықты. 2002-2004 жж. «Новый» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарды. 2004 жылы Алматы қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша аспирантураның күндізгі мақсатты бөліміне «тіл тарихы және диалектология» бөліміне қабылданды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінде аға лаборант (01.08.2005–31.12.2007), тіл тарихы және түркология бөлімінде кіші ғылыми қызметкер (01.01.2008–31.09.3011), қазіргі уақытта дейін тіл тарихы және түркология бөлімінде ғылыми қызметкер болып қызмет атқаруда. «Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы: құрылымы мен ұстанымдары» деген тақырыпта 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады (20.06.2008 жылы). 2016 жылы жас ғалымдарға берілетін степендиант атанды.

Бірнеше конференция жинақтарының, сөздіктің, журналдың жауапты шығарушысы мен оқу құралының редактор жұмыстарын атқарды. Қазіргі уақытта «Тілтаным» журналының жауапты шығарушысы қызметін қоса атқарып келеді (№3-2005 ж. – бүгінгі күнге дейін). Сонымен бірге теория мен практиканы сабақтастырып, оқытушылық қызметтерді де қосымша атқаруда. Атап айтар болсақ, 1) Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімі қызметін атқарды (01.09.2008 – 30.06.2009 жж.); 2) «Қайнар» университетінде қазақ филологиясы кафедрасында бакалавриатура мен магистратураға доцент лауазымында бірнеше пәндерден сабақ берді (01.09.2009 – 31.08.2011 жж.); 3) «Тұран» университетінде аға оқытушылық лауазымында «журналистика және аударма ісі» кафедрасында журналистер мен ағылшын-қазақ тілдерінің аудармашыларына бірнеше пәндердерден сабақ беріп, оқушылар (Turan-junior 2013) мен студенттердің ғылыми байқауларында қазылар алқасының құрамында болды. 2005 жылдан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанынан шығатын ғылыми-лингвистикалық «Тілтаным» журналының, Институтта ұйымдастырылып жүрген әртүрлі халықаралық, республикалық конференциялардың, Қытай Халық Республикасында шыққан «Қазақша-қытайша сөздіктің» (Үрімжі, 2010. 70 000 сөз. –1450 бет.) жауапты шығарушысы, Республикалық грант тақырыбының аясында шыққан «Әдемі қызыл қаздар туралы ертегінің» аудармашысы (Астана, 2013. Авторы: Н.Шаймерденова) және «Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы: құрылымы мен ұстанымдары» (12,75 б.т.) (Қарағанды: Экожан, 2013 ж.) атты монографияның авторы, сонымен қатар 50-ге жуық ғылыми мақаланың авторы болып табылады.   «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» 8-томына «Тілдік одақ» деген мақаласы жарияланып,  автор ретінде қатысты (8-том, 627-628-бб.). Ғылыми жинақтар мен баспасөз беттерінде көптеген мақаласы жарияланды.

Гүлжиһан Байғазықызы 2005-2015 жж. аралығында институтымыздың бірнеше іргелі ғылыми-зерттеу тақырыптарына орындаушы ретінде қатысып келеді:

  1. 2006-2008 жылдарғы «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты тақырыпта іргелі ғылыми-зерттеу бағдарламасының «Ортағасырлық қыпшақ және қазіргі қазақ тілдерінің тарихи сабақтастығы» тақырыбы бойынша жүргізген зерттеулерде;
  2. 2009-2011 жылдарғы «Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның Уақыт пен Кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, жаңғырту» атты іргелі ғылыми-зерттеу бағдарламасының «Қазақ тілінің тарихи сөздігін түзудің ғылыми-теориялық негіздері»;
  3. 2011 жылы Астанадағы Түркі академиясында атқарылған «Түркі тілдері сөздіктерін жасаудың ғылыми-әдістемелік ұстанымдары» атты ғылыми-зерттеу жұмысының «Түркі лексикографиясындағы ақпараттық технология және электрондық сөздіктер»;
  4. 2012-2014 жылдарға «Экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар салаларындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер» атты тақырыптағы іргелі және қолданбалы зерттеу бағдарламасы бойынша «Ескі қазақ жазба тілін рухани-мәдени құндылықтар ретінде танудың лингвистикалық негіздері» (2012-2014 жж.);
  5. 2013-2015 жылдарға «Қазақ жазуын жаңа ұлттық әліпбиге көшірудің ғылыми негіздерін кешенді зерттеу» атты іргелі ғылыми-зерттеу бағдарламасының «1930-40 жж. латын графикасымен жазылған сөздіктердің құрылымдық ерекшеліктері» тақырыбы бойынша іргелі ғылыми-зерттеулерде жаңа, терең ғылыми нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Сондай-ақ,  2012 жылғы «Ғылыми қазына» бағдарламасы негізінде «Ұлы дала тұлғалары» атты сериясының «Академик Ісмет Кеңесбаев – тіл тарихын сұңғыла зерттеуші» тақырыбы бойынша Гүлжиһан Көбденова ғалымның түркологияға сіңірген еңбектері мен қазақ тілі тарихы бойынша жүргізген зерттеулерін ғылыми тұрғыда талдап, мұрағаттар қорынан құжаттар мен қолжазбаларды іздестіріп, тауып әкелді.

Ф.ғ.к. Гүлжиһан Байғазықызы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2003 жылдан бастап қолға алынып, жүйеленіп, құрастырылып, жасақталған, 2006 ж. бастап алғашқы томдары жарық көре бастаған «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» жарыққа шығуына көп атсалысты. Мәселен, институттың картотекалық қорындағы, халық жауы атануы себепті бұрынғы сөздіктерге енбей қалған Алаш арыстарының төте жазумен жазылған жазбаларынан дәйексөз жинастырды, география, физика салаларына байланысты ғылыми әдебиеттердегі және басқа да материалдарды, редакторлардың толықтыруларын компьютерге басу жұмыстарын атқарды.

Г.Көбденова институтта өткізілген бірқатар халықаралық конференцияларды ұйымдастыру ісіне де араласты. 2007 жылы өткен «Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері» атты  халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның, 2010 жылы көрнекті тілші ғалым, белгілі түркітанушы Құлмат Өмірәлиевтің  туғанына 80 жыл толуына арналған «Қазақ әдеби тілі тарихының өзекті мәселелері» атты Халықаралық дөңгелек үстелдің, 2011 жылы Ш.Уәлиханов сыйлығының иегері, ф.ғ.д., проф. Б.Әбілқасымовтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ тілінің тарихы мен түркітану мәселелері» атты   халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның, 2015 жылы «Қазақ лексикографиясы: тарихы, тәжірибесі, болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның негізгі ұйымдастырушыларының бірі және ғылыми жинақтың жауапты шығарушысы болды.

2008 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент пен 2013 жылы Түркияның астанасы Анкара мен Стамбул қалаларында ғылыми іссапармен гуманитарлық ғылыми-зерттеу институттарының түркологиялық зерттеулерімен танысып, ұлттық кітапханаларындағы сирек қолжазбалар қорынан мол мағұмат динап келді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен Қанат Ибрагимовтың авторлығымен шыққан оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектептерге арналған қазақ тілі пәнінің оқулық, жаттығу және мұғалім кітаптарына редакторлық жұмыстарын атқарды.

Ғылыми жұмыстарымен қатар, үміткер спорттық ойындарға да белесене қатысып отырады. Атап айтсақ, 2014 жылы Балқаш көлінде ұйымдастырылған желкенді қайықтар бойынша өткен халықаралық регатқа және сол жылы Астананың туған күніне орай өткізілген «Алпиниада-2014» белсене қатысып, сертификаттар алды. Бұл жас ғалымның спортты дамытуға деген қызығушылығын көрсетеді.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Жас ғалымдар кеңесі тарапынан 2014 жылы «Жас ғалымдардың үздік мақаласы» байқауына қатысқаны үшін алғыс хат жарияланса, 2015 жылы «Жас ғалымдардың үздік мақаласы» байқауының жеңімпазы ретінде дипломмен марапаттады.

Ғылыми бағыты: тарихи лексикография, тарихи сөздік, диалектологиялық сөздік, этимологиялық сөздіктердің құрылымы, электрондық сөздік, ХХ ғасыр басындағы қазақ тіл білімі.

Қызмет орны: ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты түркология және тіл тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері.

 

Еңбектері:

Көбденова Г.Б. Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы: құрылымы мен ұстанымдары. Монография. Қарағанды: Экожан, 2013. -200 б.

Г.Байғазықызы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты:

«Тілтаным» журналының жауапты шығарушысы (2005-2018)

Марапаттары:

2016 жылы жас ғалымдарға берілетін степендиант атанды.

 

Телефоны: 87052741012

e-mail: guljihan@mail.ru