Исаева Гүлсінай Сайлауқызы

1979 жылы 31 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. 1997-2001 жылдары Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде білім алып, 2003 жылы осы университеттің магистратурасын «лингвистика магистрі» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2003 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасында сырттай бөлімде оқып жүріп, «тіл тарихы және диалектология» бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет етті. 2006 жылдан бері осы институттың этнолингвистика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгеруішісі қызметтерін атқарып келеді. 2008 жылы академик Ә.Қайдардың жетекшілігімен «Киіз үйге қатысты атаулардың этномәдени негізі (қазақ, қарақалпақ, қырғыз тілдерінің материалдары бойынша)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

Гүлсінай Исаева – қазақ тіліндегі лексика-семантикалық бірліктердің мағыналық ерекшеліктерін қазақ этнолингвистикасы, диалектология, лингвосемиотика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, әлеуметтік лингвистика, лингвоаксиология, семантикалық өрістер арқылы және дыбысбейнелеуіш құбылысын түркітану, имитатив теориясы, дыбыссимволизм  мәселелерімен үзбей, жүйелі, мазмұнды, нәтижелі зерттеулер жүргізіп келе жатқан жас ғалым. Осы зерттеулердің нәтижесін практикалық тұрғыда жүзеге асыра білген зерттеуші, атап айтқанда, 2005 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің аймақтық сөздігін» (Ө, Ы әріптері бойынша) құрастырушыларының бірі және 2013 жылы жарық көрген «Киіз үйге қатысты атаулардың этномәдени негізі» (15,6 б.т.) атты монографияның, 60-тан астам ғылыми мақалалардың авторы, сонымен қатар «Ұлы дала тұлғалары. Академик Ісмет Кеңесбаев туралы ұжымдық, ғылыми-танымдық зерттеу» (2013 ж.), «Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау: теориясы мен практикасы» (2016 ж.)  атты ұжымдық монографиялары авторларының бірі және «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігінің» (2016 ж.) жауапты шығарушысы мен құрастырушыларының бірі болып табылады.

ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясының иегері ретінде Түркиядағы Мармара университеті Түркітану ғылыми зерттеу институтында (Стамбул) 2011 жылдың наурызынан 2012 жылдың қаңтарына дейін «Қазақ-түрік тілдеріндегі имитатив түбірлер» атты ғылыми зерттеуі бойынша ғылыми тағылымдамадан өтсе, 2012 жылы Ислам ғылыми-зерттеу орталығының (Стамбул–Түркия) «Шақырылған зерттеуші бағдарламасымен (шілде-қыркүйек), сондай-ақ Түркияның ғылыми-зерттеу қоғамының (TUBİTAK) «Шет ел азаматтары үшін стипендиялық зерттеу бағдарламасы» бойынша 1 жылдық грантымен 2014 жылы Мармара университеті Ататүрік және түрікше білім беру факультетінде ғылыми зерттеулерін жалғастырды.

Академик Әбдуәли Қайдардың бірқатар еңбектерін жауапты шығарушы және жауапты редактор ретінде баспаға дайындады. Атап айтқанда, академик ғалымның «Қазақтар ана тілі әлемінде: Қоғам» этнолингвистикалық сөздігінің 2-томын (45 б.т., 2013 ж.) жауапты шығарушы, «Развитие лексики уйгурского языка (к проблеме языковых контактов)» атты ұйғыр тіл біліміне арналған 2-томының (15,6 б.т., 2017 ж.), «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік» атты монографиясының (30 баспа табақ) жауапты редакторы болды.

Гүлсінай Исаева 2013-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Дарынды жас ғалымдарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атанды; 2016 жылы Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Тел. 87714427988

Эл. почта: gulsinai_isa@mail.ru