Базарбаева Зейнеп Мүслімқызы

Базарбаева Зейнеп Мүслімқызы – фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.

Базарбаева Зейнеп Мүсілімқызы 1952 жылы 3 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. 1970 жылы № 35 орта мектепті үздік бітіріп, Морис Торез атындағы Мәскеу мемлекеттік шет тілдер институтына (қазіргі Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық  университеті) түседі. Институтты аяқтаған соң (1975) аспирантурада оқиды. Еңбек жолын 1981 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкерліктен бастап, аға ғылыми қызметкер, ғалым хатшы, жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді, бөлім меңгерушісі , бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді (1986-2000ж.ж.). 2001-2013 жылдар аралығында фонетика бөлімінің меңгерушісі, 2014 бастап бас ғылыми қызметкер қызметін атқарып келеді.

З.М.Базарбаева «Интонация вводных единиц в языках различного типа (на материале французского, казахского и русского языков)» атты кандидаттық диссертация (1983) және «Қазақ тілінің интонациялық жүйесі» атты докторлық диссертация (1997) қорғады.  2003 жылы профессор ғылыми атағын алады. 2013 жылдан бастап ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.

З.М.Базарбаева – салғастырмалы-типологиялық, жалпы тіл білімі және түркі тіл білімі салалары бойынша жетекші ғалымдардың бірі. Ол Мәскеудің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында дәріс алып, түркітанудағы жаңа бағыттар – интонология мен фонология салаларын зерттеп, осы ғылыми ілімдерінің негіздерін қалыптастырған еңбектер жариялады.

Қолданбалы лингвистика, коммуникативті синтаксис, интонология, тарихи фонология, сегментті және суперсегментті фонетика бойынша ғылыми-зерттеу жобаларына 20 жылдай жетекшілік етіп келеді. ҚР қазақ тілінің интонологиясы мен фонологиясы (сертификаты бар) бойынша мектептің негізін қалаушы. 1998-2010 жылдар аралығында ол докторлық диссертация кеңестерінің мүшесі және жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтихан төрағасы (2003-2014) қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар алуан түрлі ғылыми зерттеулерге де сараптама жұмыстарын жасау ісіне белсене араласып жүр. Ол – жоғары аттестациялық комитеттің (ЖАК) мүшесі, іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша ұсынылған ғылыми зерттеу жобаларын бағалауда Конкурстық комиссия мүшесі (2000-2017), республикалық ғылыми «Хабаршы» журналының редакциялық алқа мүшесі болды, қазіргі кезде «Тілтаным» журналының жауапты редакторы қызметін атқарып жүр. 200-ге жуық ғылыми жұмыстар жарық көрген. Оның ішінде 10 монография, 5 оқу құралы мен сөздіктер.

Негізгі еңбектері: «Типологическое исследование интонации вводных единиц (на материале французского, казахского и русского языков), (1991)»; «Қазақ тілінің интонациялық жүйесі» (1996); «Қазіргі қазақ тілінің интонация негіздері» (2002); «Строй казахского языка» (1991), (авторлар ұжымы); «Қазақ грамматикасы» (2002), (авторлар ұжымы); «Казахская интонация» (2008), «Қазақ тілі: интонология, фонология» (2008). Қазақ тілінің функциональды грамматикасы. Алматы, 2010, 45 б.т. (авторлар ұжымы).  Қазақ фонологиясының негіздері. Алматы, 2012. 8 п.л. Язык и культура Новосибирск, 2013. 21,7 п.л.(коллектив авторов). Интонация казахской речи. LAP Lambert Academic Publishing, Saarbrücken, Deutschland, 2014. 188 p. Сегментті және суперсегментті фонетика мәселелері. Проблемы сегментной и суперсегментной фонетики. Алматы, 2016. 748 б. Вопросы современной науки. Москва: Изд. Интернаука, 2017. РИНЦ. Коллективная монография Т. 21. С. 72-99.

Зейнеп Мүсілімқызы ғылыми ізденістермен қатар педагогикалық жұмыстарды да жүргізуде. 1998-2008 жылдар аралығында Қайнар университетіндегі халықаралық қатынастар факультеті шет тілдер кафедрасының меңгерушісі және қазақ филологиясы кафедрасының профессоры болып жұмыс істеді. 2009-2015 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде профессор ретінде дәріс оқып, PhD докторанттары мен магистранттарға арналған қазақ тілінің фонетикасы, фонология, интонология салалары бойынша типтік бағдарламалар дайындады және ізденушілерге ғылыми жетекшілік жасап келеді. 2014 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде профессоры және «филология және шет тілі филологиясы» мамандығы бойынша PhD докторларды дайындау бойынша диссертациялық кеңестің мүшесі. PhD докторанттардың диссертациялық жұмыстарына жетекшілік етіп келеді. Оның жетекшілігімен 9 кандидаттық және 2 PhD докторлық диссертация қорғалып шықты.

З.М.Базарбаева қазақ тіл білімінің негізін қалаған және оның дамуына зор үлес қосқан А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кенесбаев, М.Балақаев, Ә.Кайдар, Р.Сыздык, Ш.Сарыбаев, С.Омарбеков, О.Айтбайұлы сынды ғалымдардың ғылыми мұраларын зерттеп, насихаттауда.

2008 жылы «10 жыл Астана» мерекелік медалімен марапатталды. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгімімен, 2017 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен наградталған.

Электронды пошта: ZeynepMB@mail.ru

Телефон: 87017265011