Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов

Бас ғылыми қызметкер 

филология ғылымдарының докторы, профессор

Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов 13 қарашада 1937 жылы Алматы қаласында қызметкер отбасында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. Әкесі Құдайберген Қуанұлы Жұбанов – қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, тіл білімінің тұңғыш профессоры.

  • 1944 жылы Ақтөбе облысының Жұрын ауданындағы Жаңатұрмыс аулындағы бастауыш мектебіне оқуға барып, ол мектепте 4-сыныпқа дейін оқиды.
  • 1948-1949 оқу жылдары Алматы қаласындағы №18 қазақ орта мектеп-интернатында қайтадан 4-сыныпқа түсіп, екі жыл оқиды.
  • 1950 жылы Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл (Қызылжар) қаласындағы №5 қазақ отра мектеп-интернатының 6-сыныбынан оқуын жалғастырып, 1955 жылы 10-сыныпты тамамдайды.
  • 1955-1960 жылдары Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтында оқып, оның физика-математика факультетін үздік бітіреді.
  • 1960-1961 жылдары Қазақтың Мемлекеттік ауылшаруашылық институтына жұмысқа орналасып, жоғары математика кафедрасының ассистен-мұғалімі қызметін атқарады.
  • 1961-1963 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын атқарады.
  • 1963-1967 жылдары Қазақтың Мемлекеттік ауылшаруашылық институтындағы жұмысын жалғастырып, жоғары математика кафедрасының ассистен-мұғалімі қызметін атқарады.
  • 1967-1970 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының күндізгі бөлімінің аспиранты. Аспиранттық кезеңін Минск қаласындағы Шет тілдер институты жанында өткізеді.
  • 1970 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында жаңадан ашылған «Статистика-лингвистикалық зерттеу және автоматтандыру» тобының кіші ғылыми қызметкері болып жұмысқа орналасады.
  • 1973 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы Қ.Б. Бектаевтың ғылыми жетекшілігімен, академик І.Кеңесбаевтың ғылыми кеңесшілігімен орындалған «ЭЕМ көмегімен қазақ мәтінін статистикалық зерттеу» атты тақырыпта кандидаттық диссертацияны жоғары деңгейде қорғайды.
  • 1976 жылы Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтындағы «Статистика-лингвистикалық зерттеу және автоматтандыру» тобының аға ғылыми қызметкер дәрежесіне конкурс бойынша өтіп, ғылыми жұмысын жалғастырады.
  • 1976-1986 жылдары Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтының қоғамдық өміріне қызу қатынасып, Жергілікті комитеттің, Партия бюросының мүшелігіне қабылданып, оның хатшысының орынбасары және институттың Халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады.
  • 1981-1985 жылдары «М.О. Әуезовтің толық шығармалар жинағы мәтінін ЭЕМ-ге енгізуге дайындау және сөзнұсқағыш-сөздіктерді құрастыру» атты Тіл білімі институтының жоспарлы ғылыми тақырыбына ғылыми жетекшілік етеді.
  • 1986-1990 жылдары «М. Әуезовтің 20 томдық шығармалары бойынша автоматтанған картотекалық қор жасау» атты ғылыми тақырыпқа жетекші етеді.
  • 1986 жылы СССР Ғылым академиясы Президиумының қаулысы бойынша оған «түркі тілдері» мамандығы бойынша «Аға ғылыми қызметкер» деген ғылыми атақ беріледі.
  • 1986 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері лауазымына тағайындалады.
  • 1991 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Қолданбалы лингвистика» бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады.
  • 1991-1993 жылы «М. Әуезовтің шығармалары бойынша сөзформалар мен сөздердің жиілік сөздіктерін ЭЕМ арқылы құрастыру» атты тақырыпқа ғылыми жетекшілік етеді.
  • 2001 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеттерінің магистранттары (Phd) мен студенттеріне математикалық және компьютерлік лингвистика пәндері бойынша дәріс береді.
  • 2002 жылы «Қазақ мәтіні мазмұнын формалдаудың негізгі ұстанымдары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғайды.
  • 2004 жылы  Жоғары аттестациялық комитеттің шешімі бойынша Тіл білімі мамандығы бойынша «Профессор» ғылыми атағын алды.
  • 2002 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынындағы «Компьютерлік лингвистика» ғылыми тобының бас ғылыми қызметкері лауазымына тағайындалады.

Соңғы жылдары корпустық лингвистика саласымен айналысып, 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына»  атты ұлттық компьютерлік қоры», 2012-2015 жж. «Қазақ тілінің аннотацияланған ұлттық корпусы», 2015-2017 жж. «Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы метамәтіндік белгіленімдер ұстанымдары мен әзірлемесі»   тақырыптарында ғылыми жетекшілік етті.

7 монографияның, 4 оқу құралының, 6 жиілік сөздік құрастырушыларының бірі, сондай-ақ 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы.

2016 жылы жарық көрген «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігінің» ғылыми кеңесшісі.

А.Қ.Жұбановтың ғылыми жетекшілігімен 5 кандидаттық және 3 магистрлық диссертациялар қорғалды. (Қалыбеков Болат Ермекұлы «50 жылдардағы бастауыш сынып оқулықтарының лексикалық жүйесі мен морфологиялық құрылымының статистикасы (соңғы жылдардағы оқулықтармен салыстыра зерттеу»: филол. ғ. к. дисс. – Алматы, 2003.; Нұрлыбаев Нұржан Мәдірайұлы «Балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының лингвостатистикалық сипаты»: филол. ғ. к. дисс. – Алматы, 2010.; Абикеева Бақытжан Кеншінқызы «Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлемдердің құрылымдық статистикалық модельдері»: филол. ғ. к. дисс. – Алматы, 2009.;).