Айман Әбділдәқызы Жаңабекова

Компьютерлік лингвистика бөлімінің меңгерушісі,

филология ғылымдарының докторы

Жаңабекова Айман Әбділдәқызы 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы №169 орыс орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет істеді.

1997 жылы  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті Қазақ филологиясы кафедрасының сырттай бөлім аспиранты, 1998 жылдан бастап күндізгі бөлім аспирантурасында оқыды.

2001 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор С.Мырзабековтің жетекшілігімен «Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық ерекшеліктері» атты тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады.

2003 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөліміне ғылыми қызметкер болып қабылданды. 2004 жылдан 2011 жылға дейін осы бөлімнің аға ғылыми қызметкері.

2010 жылы «Қазақ тіліндегі «уақыт» ұғымының тілдік парадигмасы»  тақырыбында  докторлық диссертациясын қорғады, 2011 жылы 13 шілдеде бекіді. Ғылыми кеңесшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қ.Ахметжанова.

2011 жылдың қазан айынан Компьютерлік лингвистика ғылыми тобының жетекшісі.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімінің  2003-2005 жылдарға арналған «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы», 2006-2008 жылдарға арналған «Қазақ синтаксисінің коммуникативтік-прагматикалық аспектісі» тақырыбындағы жоспарлы зерттеу жұмыстарының, 2009-2011 жылдарға жоспарланған «Қазақ  тіліндегі квалитативтік және квантитативтік өрістер» және Компьютерлік лингвистика ғылыми тобының «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына»  атты ұлттық компьютерлік қоры», 2012-2015 жж. «Қазақ тілінің аннотацияланған ұлттық корпусы», 2015-2017 жж. «Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы метамәтіндік белгіленімдер ұстанымдары мен әзірлемесі» тақырыптары бойынша  орындаушылардың бірі.

Осы аталған іргелі зерттеулер бойынша және докторлық диссертациясының тақырыбына қатысты 50-ден астам мақала жариялады.

Сонымен қатар «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» Ә әрпі түгел (2 т.), қақпақта-қанаттас (9 т.), ұрма-үсті (14 т.) буындары бойынша – құрастырушы-автор, 1, 4, 6, 8, 12, 13  томдардың жауапты шығарушысы, 9, 14 томдардың редакторы және осы 15 томдық түсіндірме сөздіктің редакторлық топ мүшесі.

2016 жылы жарық көрген «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігінің» жауапты редакторы.