Жаңалықтар

Жастарға «Қатарыңның алды бол» деген тілек бар

Соңғы жылдары елдің саяси бағытында жас ұрпақтың зиятты қалыптасуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Әлемдегі жаһанданудың дүмпуілі ойсананы қармап бара жатқан қазіргі тұста бабалар құрыш етіп құйып, болаттай берік етіп кеткен ұлт тұтастығын сақтау жолындағы істі жалғастырар жастар екендігіне үміт кәміл, сенім зор.

Ұлт болашағы - жастардың алдында туған елге адал қызмет ету міндеті бар. Ал бұл міндет бүгінгі заманның жастарының ісінде де, санасында да отаншылдық, туған жерге деген сүйіспеншілік, туған тілге деген зор құрмет, ұлттық салт-дәстүрлерді қадірлеу, озығын бойға сіңіру, әлемдік білімнің тың идеяларын ұлттық ілімге орайластыра дамыту, сөйтіп, қазақ ғылымын ілгерілету сынды бір-бірімен сабақтасатын сан алуан сезім мен қасиеттің қалыптасуы арқылы ғана жүзеге асатын болса керек. Осындай ұлттың ертеңі үшін аса маңызды салмақты міндет Ел басшылығының саясатының назарында болып келеді.

Таяуда Ел Президенті қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның мәтінін алдыңғы (2015 жылғы) нұсқасымен салыстыра танысып шыққанымызда түйгеніміз - бүгінгінің жастарына жүктелетін міндеттер, шын мәнінде «ұлтжанды болу, туған жерді, туған елді сүю» деген жүрекке жазылардай қағидалармен ұштастырылған екен.

Заңның биылғы жылғы нұсқасында жастардың бастамаларына қолдау жасау, жастардың жаһандық даму индексінің ұлттық ерекшелігіне бейімдеу және жастарды дамыту индексін көтеру, жастардың қоғам өміріне араласуына ынталандыру жолдарын белгілеу, ұлттық мәдениетке баулу, жастар арасында этносаралық келісім мен тағаттылықты нығайту, волонтердік қызметке қолдау жасау сияқты түрлі бағыттар толықтырылған және анық көрсетілген. Ал бұл міндеттер Ел басшылығының ел ішінде талай-талай кездесулер өткізген кездерінде жастардың үніне зейін салып, содан қорытынды жасауынан заң жүзіне айналып отыр.

Ел Президенті жастар саясатын әрқашан назарда ұстайтыны анық. Шығыстың бір ғұламасы айтқандай, «Жастық – арман. Бұл – сенім. Жастық – ерлікке бейімділік. Жастар – поэзия мен романтика. Жастар – болашаққа арналған үлкен жоспарлар. Жастар – барлық перспективалардың бастамасы». Ел басшылығының жастарға сенім артып ұстанған сындарлы саяси бағыты қазақ елінің жастарының білімде, ғылымда, экономикада тың идеяларымен жарқ етіп көрініп, қазақ ұлтын әлемге танытатын, әлемдегі өз қатарларының алды болатын ұрпақтың қалыптасуына ынталандыратын, сүйемел болатын тірек екендігі сөзсіз.


Филология ғылымдарының докторы, профессор

А.Алдаш