Жаңалықтар

Тіліміздің төл түбірін сақтау – өзекті мәселе

Ақмарал БИСЕНҒАЛИ,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,
Терминология орталығының ғылыми қызметкері, PhD:

Тіліміздің төл түбірін сақтау – өзекті мәселе

Кез келген тілдің лексикалық қорына басқа тілдерден сөздің енуі – заңды құбылыс. Бұл үдеріс әсіресе, ғылым мен техника қарқынды дамып, олардың бұқаралық ақпарат құралдары, ғаламтор және адам қызметінің барлық салаларын қамтыған XXI ғасырда қарқынды белең алып отыр.

Қазіргі жағдайдағы жаһандану үдерісіне байланысты шет тілдерде пайда болған терминдер бұрын тілімізге орыс тілі арқылы қабылданса, қазіргі кезде жаңа сөздер ағылшын тілінен көптеп еніп жатыр. Мұны көру үшін баспасөзге көз жүгіртейік: Одан әрі іс-шара «Медиа менеджменттің жаһандық өзгерістерге ұшырауы жағдайында ақпараттық интеграция» және «Отандық продакшн индустриясының даму эволюциясы: жаңа трендтер мен бейне өнім тенденциялары» тақырыбындағы пікірталас алаңында жалғасын тапты (Ана тілі, 08.10.2015); Аумағы 70 гектардан асатын университеттік кампус аймағын тазарту және жинау жұмысына аталмыш оқу орнының басшылығы, оқытушылар құрамы мен студенттер, қызметкерлер – барлығы 17 мыңнан астам адам қатысты (Егемен Қазақстан, 19.04.2012); Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойлық эмблемасының (логотип) үздік эскиздік жобасына байқау жарияланды (Алматы ақшамы, 10.11.2014).

Сонымен қатар қазіргі кезде кейбір БАҚ-тарда ономастикалық атауларды, брендтік аталымдарды және т.б. тікелей ағылшын тілінде жазу жайттары байқалады. Мысалы: Астанада «World snow day» қар фестивалі өтті (Егемен Қазақстан, 16.01.2023); Бұл туралы ақпарат «Elmedia» Telegram-арнасында жарияланды (Жас Алаш, 16.01.2023); Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Instagram парақшасына келіп түскен сұрақтардың біріне жауап берді (Айқын, 14.01.2023).

Бір қарағанда, бұл үдерістер тілімізді жаңа атаулармен, жаңа терминдермен байытатындай көрінуі мүмкін. Алайда шет тілдік терминдердің орыс тілі арқылы немесе шет тілден сол қалпында алынуы тіліміздің иммунитетін әлсіретіп, лексикалық қорымызды жаулап алуы мүмкін деген қауіп бар. Қазіргі таңда туыстас түрік тілі тап болып отырған үлкен мәселе – жаңа сөздерді тұп-тура ағылшын тіліндегі формасымен жазу үрдісі бізге де келмейтініне кім кепіл?! Қазақ әліпбиі латынграфикалы жаңа қаріпке көшкенде бұл мәселенің күрделене түсетіні анық.

Сондықтан қолымыздан келгенше, жаңа сөздерді тіліміздің төл түбірлерінен жасалған сөздермен атау – өзекті мәселе. Бұл жұмыстар шұғыл әрі жоспарлы, қарқынды түрде жасалуы қажет. Өйткені ғылым мен техника саласынан күнделікті сөйлеу тіліне, содан кейін ғылыми, көркем әдебиет тіліне сіңіп кететін жаңа сөздер аз уақытта қазақ тілінің ішкі құрылысын одан әрі бұза түсетіні анық.