Жаңалықтар

Жат сөздерді тіліміздің заңына лайықтасақ...

Жарас ЕСКЕНДІР,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының қызметкері:

Жат сөздерді тіліміздің заңына лайықтасақ...

Жас ғалым ретінде елімізде мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану өрісін арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға оң баға бергім келеді. Кеңестік идеология мен саяси мүдде орыстың танымы, көзқарастары, түсінігі кирилл графикасы арқылы санамызға еніп, орыстандыру саясаты тіл арқылы жүзеге асырылып келді. Бүгінде әліпбиімізді латын қарпіне көшіріп, тілімізді қайта жаңғыру іс-шаралары жасалып жатыр. Осы ретте әліпбиімізден ц, щ, э, ь, ъ, ю, я әріптерін алып тастау тіліміздің ұлттық сипат ала бас тауына, яғни жазуды жаңғырту арқылы ұрпағымыздың бойына отаншылдық, ұлттық тәрбиемізді бойына сіңіріп, мемлекетіміздің және ұлтымыздың жоғалмай мәңгі өмір сүруіне жол ашады деп санаймыз.

Тіліміздің дамуына Мемлекет бас шы сының тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп отыр. Мемлекет басшысының арнайы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры А.Фазылжанованы Ақордада жеке қабылдап, тілдің жай-күйін анықтап, қолдау білдіруі, қазақ тіл білімінің қара шаңырағына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың келіп, қазақ тіл білімінің бүгінгі жай-күйін анықтап, ары қарай дамуының жолдарын жоспарлауы – осының айғағы. Жыл сайын білікті тіл мамандары ұсынған жобаларды қабылдап, мемлекеттік бюджеттен қаражат бөліп отыруы тілге бей-жай қарамауынан деп есептеймін.

Тіліміздегі күрделі саланың бірі – терминология мәселелерімен тек тіл ғалымдары ғана айналысып қоймауы қажет. Себебі терминология тек тіл ғылымының ғана мәселесі емес. Әр терминнің белгілі бір атқаратын қызметі және мағынасы болады. Ол қызметті сол сала мамандары жақсы біледі. Тіл мамандары әр түрлі ғылым салаларының мамандарымен бірлесе жұмыс атқарса, өнімді нәтиже болар еді деп есептеймін.

Кезінде Х.Досмұхамедов «жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзімізге лайықтап алу қажет» деген. Ал қазір шетел сөздерін игеру һәм қазақ сөздігіне қосу жұмыстары осыған сай толықтай болмаса да, жеткілікті дәрежеде жүргізіліп жатыр. Мысалы, «smokiñ» (смокинг) терминіндегі «нг» дыбыстық тіркесі қазақ тілінде сөз соңы ұяң дауыссызға аяқталмайтындықтан, «ң» болып, «mach» (мач) терминіндегі «тч» дыбыстық тіркесі қазақ тілінде жоқ болғандықтан, «ч» болып өзгерген. Сол сияқты жаңа емледе «aktór» (актөр), «element» (елемент), «parashút» (парашүт) сияқты кірме терминдердегі төл дыбыстарымызды көруге болады. Ондай мысал көп. Бұның өзінен осы бағытта жұмыстар жасалып жатқанын байқаймыз. Осылай жалғасып, жазу нормасына енсе, тіліміздің өз заңдылығы сақталады деп сенемін.