Жаңалықтар
2023-02-05 15:25

ҚАЗІР «ШЕШЕН СӨЙЛЕУДЕН» ГӨРІ, «ДҰРЫС СӨЙЛЕУ» МӘСЕЛЕСІН КӨП АЙТАМЫЗ

Назира ӘМІРЖАНОВА,
филология ғылымының кандидаты:

ҚАЗІР «ШЕШЕН СӨЙЛЕУДЕН» ГӨРІ, «ДҰРЫС СӨЙЛЕУ» МӘСЕЛЕСІН КӨП АЙТАМЫЗ

– Өткен дәуірден қазіргі дәуірге дейінгі халық өмірінің айнасындай жарқырап, халықтың басынан кешкен тарихын тұтас ашып көрсетіп жататын ғажап шешендік өнерді зер сала зерттеп, қазақ әдеби тілінің ауызша түріне жоғары баға берген әйгілі ғалым В.В.Радлов: «Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен, әсіресе сөз сайысына келгенде, олардың алғырлығы мен өткірлігі, тауып айтқыштығы таң қалдырады.... Кез келгені, тіпті оқымаған қараңғы қазақ сөйлеп кеткенде, тілдің ондай күшін Еуропада тек француздар мен орыстардан байқаймыз. Ал қазақ әңгіме шерте қалса, сөздері мөлдір бұлақтай құйылып, жаныңа жайлы тиеді», – десе, енді бірде: «Қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығы, сондай-ақ көп таралғандығы, бұл тілдегі мұраларды менің көп жинап, оған әдебиет нұсқаларын құрастырған жинақтардың толық томын арнауыма себеп болды. Оның үстінде қазақтың басқа бауырластарына қарағанда, сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған ерекше әсер етті» – деп жазды. В.В. Радловтың мына сөздерінен қазақ халқының сөзсаптауы шебер, шешендікке бай болғанын көреміз.

Қазақтың дәстүрлі сөзсап тауында ой еркіндігі, ой жүйелілігі мен жүйріктігі, сөз еркіндігі, сөзбен тоқтату, сөзден жаңылыстыру, қарсыласын сөз тыңдарлық жағдайға түсіру, тұспалдап сөйлеу, жасыра сөйлеу, жұмбақтап сөйлеу сияқты сөйлеудің небір түрлері болды. Бұл сөйлеу түрлері арқылы біз қазақтың терең зейінділік пен ойлылық техникасын, практикасын жоғары деңгейде меңгергенін байқаймыз. Бірақ қазіргі кезде бұл техника ұмыт болып, дұрыс сөйлеу «ертегі, аңызға» айналды. Қазір «шешен сөйлеуден» гөрі «дұрыс сөйлеу» мәселесін көп айтамыз. Дұрыс сөйлеу мәсе лесінде ерекше көзге түсетін тілдік құбылыстардың бірі – паразит сөздердің қолданылуы. Паразит сөздер – жат, артық, мағыналық жүгі жоқ дегенді білдіреді. Әдетте, семантикалық жүктемесі әлсіреген сөздер паразитке айналады. Атап айтқанда: «жоғарыда айтқандай», «яғни», «не ғой», «әйтсе де», «әлгі», «енді», «негізі», «мына», «шынын айтқанда», «шыны керек» «ендеше», «жаңағы», «жалпы».

Паразит сөздердің қолданы луы тілдік және тілдік емес факторлармен байланысты. Тілдік түрткіжайттар: тілдік норманы дұрыс білмеу (лекси калық, грамматикалық, орфографиялық/орфоэпиялық, стилистикалық, прагматикалық т.б.); сөз байлығының аздығы; тіл жаттығынының болмауы т.б. Тілдік емес түрткіжайттар: тілдік орта, психологиялық жай-күйлер т.б.

Ғ.Мүсірепов «сөз – сөзге жа рығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіріп тұрады» деген екен. Шындығында да, сөздің «жарығын» көбейту үшін, тілдік бірліктерді дұрыс әрі орынды қолдану қажет. Ал ол үшін, әрине, үздіксіз білім мен тәжірибе керек.