Жаңалықтар

Паразит сөздер туралы айтуға тура келеді

Айман АЛДАШ,
филология ғылымының докторы, профессор:

Паразит сөздер туралы айтуға тура келеді

– Қазіргі сөзқолданыстағы осы проблема сөз болғанда, ең алдымен, өзара мағы налас жаргон, арго, сленг сияқты бірнеше терминдердің мағынасын шолып өткен жөн болар. Бұлардың қай-қайсысы да – микроәлеуметтік қауымдастықтың (шағын топтың) тіліне тән белгілер. Бірқатар ұлт тілдерінде микроәлеуметтік топтың тілдік бірізділігі, өздеріне тән тілі жақсы зерттелген. Әлі де қарастырылып келеді. Кейбір ғалымдар осы аталғандарды тұтастай түрде «паразит сөздер» деп те санайды.Тағы бір еңбектерде мәтін иірімінде жөн-жосықсыз қолданылатын тілдік бірліктерді, мәселен, ауызша сөйлеу барысында қайталана беретін «жаңағы» дегенді «паразит» деп таниды. Басқа тілдердегі зерттеушілер төл тілдегі сөздердің қысқартылуын, ықшамдалуын паразит сөздер деп есептейді. Демек, қазақ виртуалды желісіндегі «айтам дедім ғо (ғой; кейде го), билмим (білмеймін), неістебатсыздар» дегендер паразит сөздер болып саналады. Бұларды паразит сөздердің бір тобы деуге болады.

Қазақ тілтанымындағы қазірге дейінгі зерттеулерде, сөз мәде ниеті болсын, стиль туралы болсын, паразит сөздер туралы пікір айтыла қоймайды. Бұлайша болуы ның басты себебі қазақ тілінің қолданысының қазірге дейін таза қалпында сақталуында. Сонымен қатар өткен ғасырдың орта тұсынан бастап, академик Р.Сыздық және оның шәкірттері қазақ сөзінің мәдениетін қадағалап отырды, сөз мәдениетін көтерудің маңыздылығын насихаттауды ұдайы жалғастырды, осының нәтижесінде, қазақ тіліндегі ауызекі сөзде де, жазба тілде де тіл тазалығы сақталып келді. Әрине, қазақ қоғамында микроәлеуметтік қауымдастық (әлеуметтік көрсеткіштері бірыңғай жастар, спорт командалары, студенттер легі, өндірістік топ) бар, олардың өз дағдылы ортасында қолданатын бір бөлек тілдік бірліктер бар. Анығы – сол бір бөлек, дағдылы қолданыстағы тілдік бірліктердің дені – орыс тілі сөздері (жаргон, сленг деуге болады). Бұларды қазақ тілінің тазалығы тұрғысынан қарасақ, сөз жоқ, паразит сөздер. Орыс тілі сөздерінің қолданысы дегенде, «варваризм» деген термин жөнінде де айтуға болады. Қазақ терминжасамындағы кірме терминдердің жөні бір басқа екендігі белгілі. Лингвистикалық тұжырым бойынша көркем шы ғармада стилдік мақсатта, кейіпкер тілінде қолданылатын шеттілдік сөздерді ғылымда «варваризм» деп аталатыны және мәлім. Нақтылай түссек, көркем туындыларда белгілі бір стилдік қызмет атқаратын, образ жасайтын шеттілдік сөздерді «ақтап» алуға болар, ал өзге тілдің сөздерінің қазақша жазба нұсқалардың басқа түрлерінде, қазақ тіліндегі ауызша сөздегі көрінісі «аппликация болып жабысуы» паразит сөздер болып саналады. Шын мәнінде осы терминдердің ішкі семантикасының өзара мағыналас екендігі даусыз.

Жазба коммуникациядағы қазіргі үдерістерді, жалпы сипаттарды танытатын аса белсенді үлгісі – онлайн-платформа. Әлеуметтік желі бүгінгі күні компьютерлік технологияны меңгерген, офлайн байланыс жасауға мүмкіндігі бола бермейтін қалың көпшіліктің, ағайын-туыстың, дос-жаранның, әріптестердің хат-хабар алмасатын, амандық сұрасатын, пікір білдіретін, талдау жасайтын айрықша арнасына айналды. Паразит сөздердің, яғни образ жасамайтын, стилдік қызмет атқармайтын, терминдік ұғымдық аппараты жоқ орыс тілі сөздерінің дені осы арнада біршама байқалады.

Әлеуметтік көрсеткіштері мен жас мөлшері әртүрлі қатардағы қазақтілді қоғам мүшелерінің, яғни қазақ тілі ана тілі болып есептелетіндердің күнделікті тұр мыстық тілдік қарым-қатынас тарында «типа того», «норм/ нормально», «короче». «уже», «класс», «круто» деген сөздер бар. Енді бұлардың қатарын толықтыра бастаған басқа «өзгеліктерді», әсіресе жастар тілінен байқаймыз. Мысалы, әлеуметтік желіде ұшырасқан өзара ақпарат алмасу барысындағы «кафеге сүйіктіңізбен не болмаса достарыңызбен барып, цивильно әңгіме-дүкен құрып…» дегендегі «цивильный» сөзі де жиі қолданылып бара жатыр, бұны да паразит сөз деп тануға болады. «Суық күндері ыстық шәй, лате ішіп, тәттілер жеп қайтуға арналған сондай кУЧТ(осылайша соңғы әріптер бас әріппен таңбаланған) жер» деген сөйлемдегі куЧТ дегені, шамасы, «күшті» дегені болар. Әлеуметтік желіде осы тақырыпқа сұхбат құрғандар өзара цивильный жер екен, расында, ой куЧт екен деп қайталай бастапты. Сол сияқты «біздің дворда бала көп; дворда ойнап жүр», «бір ситуация болды» дегендерді жиі естуге болады. «Конвикт досым Алматыға келді» деген сөйлем де ұшырасты, бұндағы конвикт сыныптас, группалас дегенге саяды, өйткені википедияның мәліметіне қарағанда, сonvictus / convivere түптөркінінде «бірге тұру» деген мазмұнды береді екен.

Дворда қыдыру, цивильный, игнор жасау, дүкенде скидка болып жатыр, кУЧТ, типа того, уже, норм, спс (рахмет), поделиться ету, зависать ету, удалить ету, сохранить ету, конешно, споки (қайырлы түн мағынасында) сияқтылардың виртуалды әлемдегі қолданысы қазақ тілін жетік меңгермегендіктен емес. Керісінше, ауыздан-ауызға көшіп жүретін «өзгеліктердің» сөйлеуде штампқа айна луының, еліктеудің, осылайша қолдануды «қызық» көрудің, өзін айрықшалап көрсетуге ұмтылудың, сөзіне осыларды араластырудың қандайлық екендігіне мән бермеудің көрінісі. Сонымен қатар қазақ тілінде баламасы бола тұра орыс тілі сөздерін пайдалану ауызекі сөзде де, жазба тілде де кездесіп қалады. Мәселен, жетпіс-сексен жыл бұрын ұсынылып, нормаға айналған, ең бастысы – қазақтілділердің барлығына да таныс болған қолшатыр, аялдама, балмұздақ, мейрамхана, дәмхана сөздерінен гөрі сөйлеу барысында көпшілігі зонт, остановка, мороженое, ресторан, кафе деген сөздерді қолдануға бейім.

Виртуалды әлемдегі сөзқол даныс тілші мамандар, зиялы қауым, қазақ тілінің тазалығына алаңдайтын жұртшылық мән бере бастады. Әрине, алдымен, әсіресе жастар тілінде белең ала бастаған бұл көріністің себеп-салдарын іздестірген жөн. Жалпы жастар тіліндегі сөз жұтаңдығын көркем әдебиетті оқудың азайғандығына бай ланыстыратын пікірлер бар. Орыс тілінің тегеурінінің басым дығына тірелетіндігі де жиі айтылады. Бұл құбылыс қазақ сөз мәдениеті, лингвостилистка сала ларының аспектісінде қарас тыруды қажет етеді. Әлеу меттік желіде тіл тазалығына бағыт талған практикалық іс-шара ларды ұйымдастыру нәтижелі болмақ. Әрине, ең бастысы, әрбір оқырман, әр жазарман өз сөзін қадағалауы жөн. Қандайда болмасын, ақпаратты, эмоцияны, көңіл-күйді жеткізерліктей қазақ тілінің сөз байлығы, сөз астары құнарлы екендігі дау тудырмаса керек.

Рас, әлеуметтік лингвистикаға қатысты еңбектерде паразит сөздер деп қазақтілді адамның сөзіне орыс тілінің сөздерінің араласуын айтады. Ал роман-герман тілдерінде бұл мәселе қарастырылады. Қазақ тіліне қатысты зерттеулерде паразит сөздерге назар бөлінбеуінің себебі неде? Дегенмен қазақ тілі қолданысының қазіргі тұсында паразит сөздер туралы айтуға тура келеді. Қазіргі сөзқолданыста ұшырасатын паразит сөздердің негізгі тобы – орыс тілінің сөздері.