Жаңалықтар

Тәуелсіздік – экономикалық сананың тірегі

Экономикалық сана туралы не білеміз? Кеңестік кезеңдегі экономикалық сана мен Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде экономикалық сана қалай өзгерді?

Қазіргі кезде экономикалық қатынастарға қатыспайтын азамат жоқ. Біздің әрқайсымыз өндіруші, тұтынушы, ұйымдастырушы, сатушы, жалдаушымыз, яғни бәріміз де шаруашылық жүргізуші субъектіміз, демек адам экономикалық санадан тыс өмір сүре алмайтыны анық.

Тәуелсіздік халқымыздың экономикалық белсенділігін арттырды. Тәуелсіздік алғанға дейін біздің экономикалық санамыз қазіргідей болған жоқ, мұны неге сүйеніп айтып отырмыз, оны қалай анықтадық дегенде алдымен біз ұлттық сауда, бизнес саласын қамтитын қазіргі қазақ кәсіпкерлік дискурсы лексикасының лингвостатистикасын шығару арқылы анықтадық. Ол үшін осы қазіргі қазақтілді кәсіпкерлік дискурсқа қатысты 180 148 сөз қолданыстан тұратын мәтіндерді, белгілі тұлғалардың сұхбаттарын «Forbes – Қазақстан» іскери журналынан жинап алып, олардың жиілігін шығардық, сонда байқағанымыз, «жұмыс» сөзі ең жиі – 627 рет кездесті, ал оның топтық пайызы 0,348 % құрады. Одан кейін «бизнес» сөзі – 328 рет, 0,182 %; «компания» –248 рет, 0,137 %; «теңге» – 246 рет, 0,136 %; «қаржы» – 240 рет, 0,131 %; «сауда» –199 рет, 0,110 %; «инвестиция» – 150 рет, 0,083 %; «ақша» – 104 рет, 0,057 %; «нарық» – 92 рет, 0,051 %.

Бұдан түйгеніміз: бұл сөздер қазіргі заманғы шынайы кәсіпкерлік дискурсқа тән лексика, яғни ең жиі қолданатын сөздер шын мәнінде тіл иелмендерінің санасына орныққан сөздер дегенді білдіреді.

Екіншіден, біз аталған кәсіпкерлік дискурсқа қатысты жиілігі жоғары сөздердің семантикалық тұрғыда кеңею, трансформациялану үдерісін салыстырмалы түрде қараған кезде мынаны анықтадық: Тәуелсіздікке дейінгі онтомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (1976 ж.) «жұмыс» сөзінің реестрдегі негізгі семантикалық мағынасы – екеу, ал оның лексикалық өрісі – 9 сөз тіркесімен берілген екен. Дәл осы сөз Тәуелсіздік алғаннан кейін жарыққа шыққан онбестомдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (2011 ж.) реестрдегі негізгі мағынасы – үшеу, лексикалық өрісі болса – 39 сөз тіркесімен берілген. «Бизнес» термині Тәуелсіздікке дейінгі онтомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» (1976 ж.) реестрінде мүлдем жоқ, ал Тәуелсіздік алғаннан кейін жарыққа шыққан онбестомдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (2011 ж.) реестрдегі негізгі мағынасы – біреу, лексикалық өрісі – 2 сөз тіркесімен көрсетілген.

Онтомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (1976 ж.) 91,5 мың атау сөз бен сөз тіркестері қамтылған. Сөздіктің I-томында кәсіпкерлік дискурсқа қатысты 34 атауды анықтадық, ал онбестомдық «Қазақ әдіби тілінің сөздігінде» (2011 ж.) 150 мыңнан астам атау сөз бен сөз тіркестері тіркелген. Соның ішіндегі I-томында кәсіпкерлік дискурсқа қатысты 56 атау бар боп шықты.

Бұл кәсіпкерлік дискурсқа қатысты атаулардың семантикалық өрісінің кеңейгендігін және экономикаға қатысты жаңа құбылыстардың, экономикалық жаңа реалилердің пайда болғанын көрсетеді. Біз осыған сүйене отырып Тәуелсіздік қазақ ұлтының экономикалық санасын көтеруге зор септігін тіл арқылы тигізді деген тұжырымға келіп отырмыз.


Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері


Ақмарал Пиязбаева