Жаңалықтар
2022-12-10 15:05

Президенттің бастамалары қолдауға лайық

Әлем халқы қиын тағдыршешті кезеңді бастан кешіріп отыр. Аяусыз, таңдаусыз шарпыған саяси, экономикалық дағдарыс бірде-бір елді айналып өткен жоқ. Қазақстан да сол ұлы көштің ортасында келеді.

Қазіргі еліміздегі реформаның қарқынды жүрмеуіне не себеп дейтін болсақ, біріншіден, ол автократиялық құрсаудағы 30 жыл емес, оның арғы жағындағы 70 жылғы қатып-семіп қалған тоталитарлық жүйенің қоғамды әбден титықтатып, ұлттық, азаматтық санаға үлкен зардабын тигізгені белгілі. Ендігі жерде сол жүйені тез арада өзгерте салу, шұғыл реформалай салу бір күндік, тіптен бір жылдық шаруа емес екені айдан анық.

Өткен жылғы қасіретті қаңтардан бері тура бір жыл өтіпті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жылда елдің жағдайын жақсартуға бағытталған қандай қадамдар жасады дегенге келсек, ең алдымен, жаңа тарихымызда алғаш рет олигополия мәселесін көтеріп, көптеген жаға ұстатар фактілердің беті ашылып, жария етіле бастады, алпауыттар байлығымен бөлісе бастады, қарпып асағандары, шетелдегі активтері халыққа қайтарыла бастады. «Қазақстан халқына» қоры құрылды. Бос жатқан 5 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды, ауылдың дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Конституцияға, конституциядағы «Тұңғыш президентке» қатысты заңға өзгерістер енгізілді, ол өзгертулер авторитарлық жүйенің зардабын әлсіретеді деп сенеміз.

Қараша айында өткен президенттік сайлауда Қ.Ж.Тоқаев басым дауысқа ие болды, яғни көпшілік халықтың сенім артуы тектен тек емес деген сөз. Көршілес елдердегі жағдай, елдің сыртқы саясаты мен ішкі жағдайы Президенттің алдында шиеленіскен орасан міндеттер қойып отыр, сол жағдайдың өзінде тепе-теңдік сақтап, экономиканы құрдымға жібермей, тежеп ұстау, ілгерілету байқалады.

Жаңа жылдық құттықтауындағы Қ.Тоқаевтың өз сөзімен айтқанда: «Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның халықаралық беделін арттырдық, бірқатар алпауыт елдердің сенімді серіктесі атандық». Халықтың әл-ауқаты төмендеп кетті, қымбатшылық ендеп барады, үкімет қайда қарап отыр деген эмоцияға толы кереғар пікірлер, онсыз да жабырқаулы халықты қамшылау, теріс қимыл-әрекеттерге шақыру сынды үндеулер әлеуметтік желіде жиі кездесіп жатады. Әлемді, әдеттегі ауқатты Еуропаны аяусыз шарпыған дағдарыс Қазақстанды қалай айналып өтпек?

Қ.-Ж.Тоқаевтың бір жыл ішінде атқарған шаруаларын санмен сөйлетер болсақ, қыруар құжатқа қол қойыпты: 68 заңға, 422 жарлыққа, 137 өкімге, 4508 қызметтік хат-хабарға, 594 жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне қатысты тиісті шешімдерге қол қойған. Бұл құрғақ сандардың арғы бетінде ел жағдайын жақсартуға, түрлі салаларды реформалауға, қызметтерді оңтайландыруға, ел игілігіне аса қажет құжаттар деп түсінеміз. Мәселен, Конституциялық сот құрамы түгелдей дерлік жаңарды, жаңа жылдан кейін үкіметте кадрлық өзгертулер болады деп еді, билікке өз саласында тәжиірибесі бар жас министрлер тағайындала бастады.

Әділеттілік орнамаған мемлекетте болашақ жоқ демекші, Президент бар күшін «Әділетті Қазақстан» орнатуға жұмсап отыр. Әділ сотсыз жемқорлыққа қарсы күресу, демократиялық құндылықтарды қолдау,азаматтардың тапталған құықтарын қорғау мүмкін емес. Бұл ең алдымен сот судьяларын шынайы тәуелсіз, халықтық сайлау жолымен сайлағанда ғана мүмкін. Осыған байланысты Президент Сот жүйесін реформалауға қатысты заңнамаларға қол қойып, осы салада жаңа тағайындаулар жүргізді. Сонымен қатар жергілікті әкімдерді халық өзі сайлайтын мүмкіндік беріліп отыр. Пайымдауымызша, Президент прагматикалық тұрғыдан, қол қойған заңдар мен тағайындауларды жеті рет өлшеп, ойланып, толғанып барып жасайды.

Өзімізге қатысты ғылым саласын алар болсақ, соңғы 2-3 жылдың ішінде айтарлықтай оң өзгерістер болып жатыр. Министр А.Аймағамбетов бастаған реформалар өз жемісін беріп отыр, министрлік бөлініп, Ғылым министрлігі жеке отау құрып оның басшысы болып Саясат Нұрбек тағайындалды. Қалай болар екен деген қауіп те болды. Жоқ, институт ұжымымен кездескенде оның кәсібилік деңгейіне, ғылымға деген заманауи көзқарасына, жоспарларымен бөліскенде қуанып қалдық. Талай жыл конкурс нәтижесіне байланған, жыларман күйге жеткен ғалымдардың жағдайы жақсармақ. Жаңа жылдан бастап тікелей қаржыландыру жүйесі енгізіліп отыр, жиі-жиі гранттық конкурстар жарияланып жатыр. Бұл қадам ғалымдардың әл-ауқатын, ғылыми әлеуетін көтермелеуге тікелей ықпал етері сөзсіз. Ұзын созбаққа түскен Ұлттық Ғылым академиясының да тағдыры жыл соңына қарай оң шешімін тауып, мемлекеттік қолдауға ие болды.

Бұл көзімізге көрінген, өзімізге түсінікті реформаларды ғана тілге тиек еттік.

Енді алдағы уақытта Үкімет, Парламентке депутаттарды сайлау науқаны келе жатыр. Билікке ұлтжанды, халықтың қамын бірінші кезекке қоятын азаматтар келеді деп үміттенеміз, нағыз реформалар алдағы уақыттың еншісінде екендігіне сеніміміз мол.

Қ.Ж.Тоқаевтың жаңа жылдық құттықтауында: «Негізгі мақсат – мемлекетімізді нығайту және халқымыздың әл-ауқатын арттыру. Мен Президент ретінде осы мақсаттарға жету үшін барлық күш-жігерімді саламын. Алдағы жылы ұлттың рухын көтеретін маңызды іс-шаралар өтеді», - деген сөздері көңілімізге сенім ұялатады. ҚР Президенті Қажым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты осы ізгі мақстаттарының орындалуына сенім білдіріп, қолдау көрсетейік. Президентіміздің мемлекеттілік потенциалы өте жоғары, азаматтық ұстаным-парасаты биік, ел қамы үшін жүрегі ауыратын басшы ретінде мойындаймыз. Жаңа Қазақстанды орнату жолында ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін әрқайсымыз өз міндетімізді адал орындап, аянбай қызмет етейік.


А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д.


Қ.Рысберген