Латынграфикалы әліпби турасындағы материалдар

"У" мен "И" және латын әліпбиі төңірегіндегі талас

Елімізде латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің «жетілдірілген нұсқасы» туралы ресми құжат қоғам назарына ұсынылды. Қазір құжат Ашық НҚА сайтында қоғамдық талқылауда тұр. 6 мамыр күні талқылау аяқталғаннан кейін латын әліпбиінің қазақ тіліндегі нұсқасы қабылдануы тиіс. HOLA News ұсынылып отырған әліпби нұсқасы туралы мамандар пікірін білді.

«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, № 50-51-52, 326-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақ тілінің латын графикасына негізделген емле қағидаларын бекітсін», — делінген құжатта.

Қазір талқылауға жарияланған нұсқада ең көп сұрақ туғызған «И» және «У» таңбалары. Бұл таңбаларды жазу ғалымдар арасында да үлкен тартысқа түсуде.
Соңғы нұсқаны (жетілдірілген әліпби) Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ұсынған. Институт директоры Анар Фазылжан бұл нұсқаны жасау кезінде неғұрлым аз таңба принципі қолданылғанын айтады.
«И мен у – жазудың мәселесі. Ол ауызша тілдің, сөйлеудің мәселесі емес. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілі дыбыстарын әлемдік классикалық үлгі бойынша дауысты, дауыссыз, жарты дауысты деп жіктегеннен кейін жазуда бұл мәселе күн тәртібіне қойылды. Жетілдірілген әліпбиде «и» мен «у» латынның базалық әліпбиіндегі «i», «u» әмбебап таңбалары арқылы беріліп отыр. Тарихи кезеңдердегі осы «и» мен «у»-ға байланысты барлық жазу тәжірибесі мен ғылыми талдау нәтижесін ескергенде, бұл – ең тиімді, дұрыс шешім. Мұндағы «i» таңбасы қазақ тілінің дауыссыз [й] мен қосар [ый], [ій] дыбыстарын және кірме сөздердегі дауысты [и] дыбысын таңбалайды. «У» да дәл солай, қазақ тіліндегі дауыссыз [у] дыбысы мен қосар [ұу], [үу] дыбыстарын және кірме сөздердегі дауысты [у] дыбысын таңбалайды.

Ауызша тілді дәл транскрипция жасамай, мағынаға әсер етпейтін дыбыстарды бір таңбаға жинақтау – қазақ және әлемдік жазу тәжірибесінің дәстүрлі принципі. Яғни әліпби жасауда аз таңбалар арқылы көп дыбыстың мәнін беру басты ұстаным ретінде таңдалды. Ахмет Байтұрсынұлының да бұл туралы тұжырымдарын жақсы білеміз. Ғалым қазақтың жуан-жіңішке 43 дыбысының мәнін базалық араб әліпбиінің таңбаларын ұтымды пайдалана отырып, 24 таңбаға сыйдырған. Базалық ағылшын әліпбиінде «i» «u» таңбалары [и] және [у] дыбыстарының мәнін береді», — дейді Анар Фазылжан.

Филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек «У» әрпін жазуда кеткен қателік кирилл әліпбиінің қалдығы секілді көрінеді. Себебі орыс тілінде «У» әрпі дауыссыз дыбыс ретінде қолданылмайды. Ал қазақ тілінде бұл әріп әрі дауысты әрі дауыссыз дыбыс.
«Біздің «У» (w) дауыссыз дыбысымыз орыс тілінде болған жоқ. Орыс тілінде «тау»,«ауа» дегендегі «w» дыбысымыз оларда жоқ. Олар дұрыс қалай таңбалауды білмеді. Біресе у-мен жазды Ақтау деп жазғанда, біресе в-мен жазды Кокчетав деп жазғанда мысалы. Көрдіңіз бе, екі түрлі. Осындай бір ала-құлалықтар біздің қазақ әліпбиіне де енген. Қазіргі латын әліпбиінде сол біздің «уы» дыбысымызды таңбалайтын таңба тұруы керек. Ол – «дабл ю» деп аталатын таңба. Whatsapp, Washington дегендегі дәл сол біздің дауыссыз у дыбысымыздың таңбасы. Кирилл әліпбиін пайдаланған кезде біз бұл әріпті көрмедік. Бұл дыбысты басқаша жаздық. Енді қазір соны біз пайдалана бастасақ, басқаша таңбалағанымыз кейбіреулеріне ерсі көрінеді. Бірақ меніңше керісінше, біз сауатсыздықтан арылғымыз келсе, сауатты жазғымыз келсе, ұлттық жобаны қабылдауымыз керек. Әр төл дыбысымыз әліпбиімізде де, емлемізде де өз орнын тауып анық, айқын көрініп тұруы керек. Жалпы түркі тілдері, біз жалғамалы тілміз ғой. Жалғамалы дегеніміз мына түбір, жұрнақ түркі тілдерінде айқын көрініп тұру керек. Түркі тілдері кірпіш-кірпіш сияқты бір-біріне жалғанатын жеке, дербес бөліктер. Сондықтан әр дыбысымызды жеке таңбамен беріп, жазып үйренуіміз керек. Ол – дұрыс жазу, сауатсыз емес керісінше сауатты жазу. Ал әрине орысша қарайып қалғандар, орысшадан айырылғысы келмейтіндер бұны дұрыс деп есептемейді. Батпандап кірген мысқылдап шығады деген мәселе осы», — деді Ерден Қажыбек.

Ғалым айтып отырған латын графикасының қазақ тіліндегі «Ұлттық жоба» нұсқасы 2012 жылдан бастап назарға іліккен. Сол жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасына көшу туралы бастама көтерген. Бірақ бұл нұсқаны қолдаушылармен қатар, одан кемшілік тапқандар да болды. Ғалым Анар Фазылжан бұл жобаға «Ұлттық» деп ат қоюдың өзі қате деп есептейді.
«Ұлттық жоба деп ұсынып жүрген ғалымдар, өздерінің жобасына дұрыс ат қоймаған. Ол ұлттық жоба емес. Ол – ғалымдардың бір тобының ұсынған жобасы. Жоба бекітіліп, қазақ халқы онымен жаза бастағанда ғана ұлттық болады, деп ойлаймын. БАҚ «ұлттық» деп атап, профессорлар Ерден Қажыбек, Әлімхан Жүнісбек ұсынып жүрген жобаның біраз қолдаушысы болғанымен, қолайсыз тұстары көп екені анықталды. Бұл жоба Тіл білімі институты Ғалымдар кеңесі мен Орфографиялық жұмыс тобының талқысынан өткенде, ғалымдар оның мынадай кемшіліктерін көрсетті:
— W таңбасы алынған. Осы W әрпін енгізіп, қолданыстағы әліпбиді өзгерткен жағдайда:
біріншіден, қазақтілді жазарманның сауаттылығы тоқырауға ұшырайды, себебі бұл әріп ҰУ, ҮУ, У дыбыстық мазмұнды бір ғана /У/-мен таңбалайтын қазіргі қазақ жазуының базалық нормасын бұзып, жүйесіз жаңалық енгізеді: кірме сөздердегі [у] дыбысы /u/ әрпімен, төл сөздердегі дауыссыз [у] дыбысы /w/ әрпімен екі түрлі беріледі. Қарапайым адам
тағы да дұрыс жазу үшін кірме сөз бен төл сөздің тұрқын ажыратып жаттауына тура келеді. [У] дыбысы төл сөзде дауыссыз, кірме сөзде дауысты болғанымен, жазарман олардың дыбыстық мәнін ажыратып жатпайды. Сондықтан WAQ(уақ), TAW(тау) сияқты BARW (бару), KELW (келу), TWRA (тура) төл сөздерін де, BOWLIŊ(боулинг), SOWS(соус) сияқты кірме сөздерді де WNIVERSITET (университет), TWR (тур), WRAN (уран) түрінде қате таңбалап шатасуы әбден мүмкін;
екіншіден, бүгінге дейінгі базалық норманы жоққа шығарып, күрделі емле ережелерінің көп санын дайындауға тура келеді;
үшіншіден, шеттілдік сөздердегі орыстың дауысты У дыбысына да (TUR, URAN), төл сөздегі дауысты Ұ дыбысына да (URPAQ, JULIN) бір U таңбасы алынған. Осындағы TUR сөзін ТҰР деп те, ТУР деп те, URAN сөзін УРАН деп те, ҰРАН деп оқуға болады. Екіұшты оқылатын сөздер көбейеді. Төл сөздердегі Ұ орыстың не ағылшынның У дыбысы ұқсап айтылып, жойылу қаупі жоғары.
төртіншіден, төл сөздердегі бұрыннан бір таңбамен жазылып келе жатқан кирилшедегі У-ды осы W арқылы таратып жазу, яғни ҰУ, ҮУ түрінде таңбалауға апарғалы тұр. Мысалы, тууы туралы куәлік дегенді tuwuwı tuwralı küwälik, жууы дегенді juwuwı, суару дегенді suwaruw, қуылу дегенді quwıluw түрінде таратып таңбалау жалғамалы қазақ сөзінің жазудағы тұрқын одан бетер ұзартады, қатеге жол ашады, оқу-жазу үдерісін қиындатады.Бұл болашақта ағылшын тілінің ықпалына түскен ұрпақтың işik сөзін ИШИК деп, ini сөзін ИНИ деп оқуына «жол ашуы» әбден мүмкін. Қазірдің өзінде екіұшты оқылатын сөздер көбейеді: TiRE сөзін ТІРЕ деп те, ТИРЕ деп те оқуға болады. Мұндай әліпби жазба коммуникацияны қиындатады», — дейді Анар Фазылжан.

Ал Анар Фазылжан басқарып отырған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл институты ұсынған жобаға (жетілдірілген нұсқа) көңілі толмайтын ғалымдар бұл жобаның кемшіліктері оқулық жазып бастағанда білінетінін айтады.

«Жетілдірілген әліпбиді қараңыздар, қазақ тілінің төл дауыссыз дыбысы соның ішінде жоқ. Ондай әліпби бола ма?! Оны апарып, орыстың дауысты дыбыстарының құрамына қосып жіберді. Дауысты дыбыстардың таңбасын беріп отыр. Сондықтан да, басты кемшілігі осы. Мұның зияны қазақ тілінің төл дыбыс құрамы бұзылды, буын тұрқы бұзылды, үндесім әуезін бұзды», — дейді Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек.
Оның айтуынша, «Ұлттық жобаны» қабылдамай, жаңа әліпби жасаудың себебі әліпби құрастырудың басында кирилл тәрбиесімен өскен, кириллдің емлесімен ауызданған мамандар отыр. Сондықтан ұсынылған нұсқа түркі тілдерінен гөрі орыс тіліне ыңғайланған.
1991 жылы Ыстанбұл қаласында ортақ түркі әліпбиі бойынша симпозиум өтіп, 34 әріптен тұратын жалпы Түркі елдеріне ортақ латын әліпбиі жасалған. Биыл 12 ақпанда Өзбекстан үкіметі құжаттама мен БАҚ жұмысын латын әліпбиіне көшіру туралы шешім шығарған. Әлімхан Жүнісбектің айтуынша, Өзбекстанда ұсынылған әліпби түркі жұртына жақын, ал Қазақстанда ұсынылған жоба саяқ кеткен. Ғалым Ерден Қажыбек те бөлек әліпби жасағаннан гөрі осы түркі халықтарының әліпбиіне ауысу орынды болатынын айтады.
«Мен түркі әліпбиіне көшу туралы жоғарғы жақтағы шенділерімізден жауап алдым. Олардың айтуынша, қазақтың алфавиті түріктікіне ұқсамау керек. Негізі қазақ әліпбиі түрік әліпбиіне, түрік әліпбиі қазақ әліпбиіне ұқсамауы мүмкін емес дүние. Олар да «көл» дейді, біз де «көл» дейміз, олар «ақ» дейді, біз де «ақ» дейміз. Тілдік база бірдей болғаннан кейін, лексикалық қор өте жақын болған соң, грамматикалық, сөзжасамдық заңдар түркі дүниесінде бірдей болғаннан кейін, грамматикамыз да, лексикамыз да, мағыналық бөлігіміз де бір негізде болу керек. Кезінде Марат Тажин деген өте ақылды жетекші болды ғой жоғары жақта презентаксиумде. Ол көріп, бәріне көзі жетіп, ғалымдарға конструктивті түрде сынымызды айтып, сынымызды жариялатып, қоғамдық пікірді бірте-бірте өзгертіп, біз қалағанды жасатуға тырысқан. Көрдіңіз бе? Үмітім қазір Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзада. Қасекең осы мәселелерді өте терең, түсінеді меніңше. Латын әліпбиін де жақсы біледі, қазақшасы да жетік», — дейді Ерден Қажыбек.

Екі нұсқаны ұсынып жүрген ғалымдардың басын біріктіріп, өзара келісімге келуге бола ма деген орынды сұрақ туындады.
«Жетілдірілген әліпбиге қарсы пікірді айтып жүрген Бижомарт Қапалбек, Анар Салқынбай деген ғалым кісілерді білесіз. Осылардың бәрінің басын мен кезінде біріктіргем, тіпті керек болса жұмысқа алғам. Мысалы, мен керемет жақсы көретін Нұргелді Уәли, Әлімхан Жүнісбек деген білікті, ғалым ағаларым бар. Екеуін де бірдей құрметтеймін, бірақ екеуінің пікірлері бір-бірімен тоғыспайды. Дәл қазір қарсы пікірдегі ғалымдардың басын біріктіруге не кедергі болып жатқанын түсінбедім», — дейді Ерден Қажыбек.

Латын әліпбиіне көшу туралы бастама көтерілгеннен бері ел аумағындағы жарнамалық билбордтар одан қалды, бизнес-орталықтар мен қала атауларын латын графикасында жазу үдерісі өте жылдам қарқынмен іске асып жатыр. Және олардың қандай ережемен жазылып жатқаны да назарға алынбайтын сияқты. Бұл орайда «жетілдірілген нұсқаны» ұсынғандардың бірі, ғалым Анар Фазылжан қате іздегеннен бұрын тезірек латын әліпбиіне көшуді қолға алу керек деп есептейді.

«Жалпы қазір, экономикалық дискурста, бизнес кеңістікте латын графикасы негізінде қазақ мәтіндерін жазу стихиялы түрде жүзеге асып жатыр. Ол біздің тараптан ешқандай тосқауылға көнбейді. Бұл ненің көрсеткіші? Бұл – қазақ бизнесмендерінің өз тауарын, қызметін латын әріптерімен жазып көрсетуге құштар екенін байқатады және бұл процесс жаман емес. Яғни, біз өзімізде өндіретін тауарларды латын жазуы арқылы олардың сапалы, тартымды екенін көрсеткіміз келеді. Сондықтан бұл жерде ерте ме, кеш пе, дұрыс па әлде дұрыс емес пе деген сұраққа жауап бергеннен гөрі, қоғамды тезірек жаңа әліпбиге көшіріп, жаңа әліпбиді бекіту керек дегенді айтар едім», — дейді Анар Фазылжан.

Қазақстан латын графикасына 2023 жылдан 2031 жылға дейін кезең-кезеңімен көшеді. 21 сәуір күні латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жетілдірілген нұсқасы тағы ел назарына ұсынылған және қоғамдық талқылаулар 6 мамырға дейін жалғасады.
  • Айта кетейік, 2012 жылдың желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-2050 стратегиясында Қазақстан 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуге кірісу қажет деген бастаманы көтерді.
  • 2017 жылдың 13 сәуірінде Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың соңына дейін латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жасалуы бойынша тапсырма берді.
  • 2017 жылы 11 қыркүйегінде латын әліпбиінің нұсқалары парламентке ұсынылды. Яғни 32 қаріптен тұратын «диграф»нұсқасы ел назарына ұсынылғанмен, бұл нұсқа халықтың көңілінен шықпай, тіпті халық арасында мазаққа айналды.
  • 2017 жыл 26 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу туралы қаулыны бекітті. Осы жылы латын графикасындағы төл дыбыстарымыз «апострофқа» ауыстырылды. Нәтижесінде бұл нұсқа техникалық қиындықтар туғызғандықтан әліпби нұсқасын қайта ауыстыруға тура келді.
  • 2018 жылы 18 ақпанда латын әлібиінің жаңа нұсқасы «акут» бекітіліп, қолданысқа енді.
  • 2019 жылдың 21 қазанында президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиін жетілдіру бойынша тапсырма берді.
  • 2021 жылы 28 қаңтарда латын әліпбиінің жаңа нұсқасы «умляут» президент назарына ұсынылған.
Латын әліпбиіне ауысу туралы ұсыныстар Қазақстаннан бөлек, Өзбекстанда қолға алынып, Қырғызстанда жиі-жиі талқыланып жатыр.

Ерболат Серік