Сайт находится в стадии разработки

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Шет тілдері кафедрасы

ЭТНОЛИНГВИСТИКА БӨЛІМІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ

Меңгерушісі – Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы, филология ғылымдарының докторы, доцент

Тел. 275-85-33

Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы 1948 жылы мамырдың 8-ші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Қызыл ту ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Түркістан педагогикалық училищесін бітірген соң, 1965-1967 жылдар аралығында Сарыағаш ауданының бірнеше мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарған. 1967-1971 жылдар аралығында Шымкент мемлекеттік педагогтік  институтының филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1970 жылы «Еңбектегі қажырлылығы үшін» медалімен марапатталған. 1971 жылы Түркіменстандағы Красноводск ауданы, Бекдаш поселкесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1972-1976 жылдары мектеп директорының мектептен және сыныптан тыс жұмыстары бойынша орынбасары, ал 1976-1979 жылдар аралығында аталған поселке мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. 1979-1989 жылдар аралығында Алматы қаласында ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының кіші ғылыми, ғылыми қызметкері болып жұмыс істеген. 1989-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасында доцент, 2000-2001 жылдары аталмыш институттың аға ғылыми қызметкері, ал 2002-2005 жылдар аралығында осы институтта қазіргі қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2005-2006 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университеті Алматы заң академиясында қазақ және орыс тілдері кафедрасының доценті қызметін атқарды. 2006 жылдан бері Тіл білімі институтының Терминология бөлімінде жетекші ғылыми қызметкер болып қызмет істеді. 2010 жылдан бері Этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
1987 жылы академик Ә.Қайдардың жетекшілігімен “Қазақ тілінің зергерлік лексикасы” тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация, 2006 жылы академик Ә.Қайдардың кеңесшілігімен “Қазақ тілінің қолөнер лексикасы” атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Орыс, түрік, қырғыз, өзбек тілдерінде түсінісе алады, еркін сөйлеседі.

1991 жылы жарық көрген “Қазақша-орысша мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестері”  көмекші оқу құралы, “Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі”, 1993 жылы жарық көрген “Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы” кітабының, 50-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарияланып отырған 15 томдық “Қазақ әдеби тілінің сөздігінің”, "Қазақ этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" атты энциклопедия авторларының және шығарушы редакторларының бірі. Сонымен қатар бірнеше қазақша-орысша сөздіктер мен студенттерге арналған оқу-әдістемелік құралдар авторларының бірі ретінде еңбек жазған.

 ӘБДУӘЛИ ТУҒАНБАЙҰЛЫ ҚАЙДАР

Қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы саналы ғұмырының жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласына арнап келеді.
         Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, өз еркімен сұранып майданға аттанады. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталады.
         Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітіреді. Міне, осылай басталған аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР Ұлттық ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағында өтуде.
Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған 500-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 б.т. астам) зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. Солардың ішінде жеке кітап түрінде жарық көрген монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен кітапшаларының жалпы саны – 52.
Ә.Қайдар – лексикография саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан ғалым. Бұл салада оның: «Уйгурско-русский словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (авторлардың бірі) (1966), «Қазақша-орысша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004) және «Қазақтар ана тілі әлемінде 1-том. Адам» атты этнолингвистикалық сөздігі және т.б. еңбектерін атап айтуға болады.
Академик Ә.Қайдар – қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым. Этностың инсандық болмысы мен дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіншіліктері, яғни «этностаным» мен «тілтаным» арасынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес саласының бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындау, ғылыми тұжырымдамасын негіздеу – ғалымның осы саладағы соңғы кездегі зерттеулерінің негізгі арқауы.
Ғалымның қазақ этносы туралы зиялы қауымның сауалына және көпшіліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың менталдық ерекшелігін көрсететін «Қазақ қандай халық?» (2008) атты көлемді еңбегі жарық көрді. Этностың болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы мен синтезін таныту мақсатында «Қазақтар ана тілі әлемінде: «Адам» (1 т.), «Қоғам» (2 т.), «Табиғат» (3 т.) атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздік баспаға дайындалып, оның бірінші томы жарыққа шықты. Бұл еңбектер келешек ұрпаққа ұлттық қасиеттерімізді басқа бұлақтардан емес, тек тіл бастауынан ғана сусындап білуге көмектесері сөзсіз.
Ғалымның есімі ғылымдағы үздік өнегесімен ғана белгілі емес, сонымен қатар, еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтықтың жоғары деңгейінен көрініп келеді. Оны біз ғалымның 50 жыл бойы атқарып келген, әлі де жалғастырып отырған еңбек жолынан айқын көреміз. Солардың кейбіреулері, яғни ғалымның міндетті қызметтерінен басқа атқарған қоғамдық тапсырмаларының біразы мынадай: 1) тіл білімі бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғау кеңесінің төрағасы (23 жыл); 2) ҚР Ғылым академиясының «Хабарлары» атты ғылыми журналдың бас редакторы (8 жыл); сондай-ақ Бүкілодақтық «Советская тюркология» журналының, «Білім және еңбек», «Парасат» журналдарының редакция алқасының мүшесі; 3) кезіндегі «Достық қоғамдары» мен ҚР Халықтар Ассамблеясының мүшесі (20 жылдан астам); 4) Мемлекеттік терминологиялық комиссия төрағасының орынбасары әрі мүшесі (25 жылдан астам); 5) Мемлекеттік ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары (12 жыл); 6) СССР Министрлер Советі жанындағы СССР-дің Ғылым мен техника саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитетінің мүшесі (2 жыл); 7) Ел президентігіне 8 үміткердің ішінде бірінші елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан қазақ тілі бойынша мемлекеттік емтихан алған комиссияның басшысы болды; 8) Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Қазақ ССР-інің ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі; 9) СССР Жоғары аттестациялық комиссияның мүшесі, ҚР ЖАК-ның Төралқа мүшесі (3 жыл); 10) ҚР «Тіл туралы заңның» жаңа жобасын жасаушы Комиссияның мүшесі; 11) ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі; 12) Академик Ә.Қайдардың редакторлығымен 76 еңбек (монография, жинақ, сөздік), соның ішінде 2 энциклопедия («Қазақ тілі» энциклопедиясы мен «Жетісу» энциклопедиясы) жарық көрді; 13) Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті (1989 ж. бері) және т.б. қоғамдық қызметтерді атқарып келеді.
Академик Ә.Қайдар – тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөліп келе жатқан ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша диссертация қорғаған 17 ғылым  докторы мен 75 ғылым кандидаты Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ елімізден тыс мемлекеттерде (Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровте, Бішкекте, МХР-да, ҚХР-да т.б.) жемісті еңбек етіп жүр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ә.Т.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Халықтар достығы» ордені, «Отан» ордені, «Құрмет нышаны» (Түркия ордені) және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталды.

 Исаева Гүлсінай Сайлауқызы 1979 жылы 31 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. 1997-2001 жылдары Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде білім алып, 2003 жылы осы университеттің магистратурасын «лингвистика магистрі» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2003 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасында сырттай бөлімде оқып жүріп, «тіл тарихы және диалектология» бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет етті. 2006 жылдан бері осы институттың этнолингвистика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет атқарады.
2005 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Қазақ тілінің аймақтық сөздігін» (Ө, Ы әріптері бойынша) құрастырушылардың бірі. 2008 жылы академик Әбдуәли Қайдардың ғылыми жетекшілігімен «Киіз үйге қатысты атаулардың этномәдени негізі (қазақ, қарақалпақ, қырғыз тілдерінің материалдары бойынша)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2009 жылы академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік) І том. Адам» атты еңбегін (49 баспа табақ) баспаға дайындады. Академик Ә.Қайдардың 2011 жылы жарық көретін «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік» атты 30 баспа табақ көлеміндегі монографиясына жауапты шығарушы болды. Сонымен қатар 20-ға жуық ғылыми мақалалардың авторы.

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанып, Түркияның Мармара университетіндегі Түркітану ғылыми-зерттеу институтында «Қазақ-түрік тілдеріндегі имитатив түбірлер» ("Kazak ve Türk dillerindeki imitatif (taklidî) kökler") атты ғылыми жобасы бойынша тағылымдамадан өтті.

Өтебаева Эльмира Әбдіғалиқызы 1979 жылы 1 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекетттік қыздар педагогика институтының филология факультетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіргеннен кейін, 2002 жылға дейін аталған оқу орнының филология факультетінің деканатында хатшы қызметін атқарды. 2002-2005 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институттың аспирантурасында оқыды. 2004 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты этнолингвистика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері болып қызмет етіп келеді. Академик Ә.Қайдар мен проф. Р.Шойбековтің жетекшілігімен 2010 жылы «Қазақ тіліндегі -дай, -дей, -тай, -тей тұлғалы теңеу мәнді тілдік бірліктердің этнотанымдық сипаты» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 15 ғылыми мақалалардың авторы. Отбасылы, екі баласы бар.

Жауғашарова Айнұр Исақызы 1978 жылы 4 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Ақбұлақ ауылында дүниеге келген.
1997-2001 жылдары Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде білім алып, 2003 жылы осы университеттің магистратурасын «лингвистика магистрі» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2003 жылы Алматы қаласының № 147 мектеп-гимназиясында қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 2009 жылдан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет атқарады. Отбасылы, екі баласы бар.

Садырбаева Зубайра Боранбекқызы 1962 жылы 20 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген.
1979-1983 жылдары Алматы педагогикалық училищесінде «мектепке дейінгі сынып оқытушысы» мамандығы бойынша білім алды. 1996-2001 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша жоғары білім алды.

1983 жылдан 1991 жылға дейін Алматы қаласының № 68 бала-бақшасында тәрбиеші болып қызмет істеді. 1991 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолданбалы лингвистика бөлімінде аға лаборант, 2002 жылы аталмыш институттың лексикология бөлімінде, 2004 жылдан бері этнолингвистика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Отбасылы, екі баласы, екі немересі бар.

Тлегенова Гүлден Бақытқазықызы 1988 жылы 20 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында дүниеге келген.

2005-2009 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде «филология: қазақ тілі» мамандығы бойынша білім алды. 2009 жылдан бері А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының этнолингвистика бөлімінде аға лаборант болып қызмет істеп келеді. 2011 жылдан бастап Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің екі шет тілі мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатыр.

 

 

ЭТНОЛИНГВИСТИКА БӨЛІМІНІҢ АЙНАЛЫСАТЫН НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫПТАРЫ

  • тіл мен материалдық мәдениет
  • тіл мен рухани мәдениет
  • тіл мен ұлттық менталитет

ЭТНОЛИНГВИСТИКА БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫ
Этнолингвистиканың барлық тілдерге қатысты әмбебап ғылым ретінде толық қалыптасып, дами түсуіне кейінгі кездерде түркі тілдері негізінде көбейе бастаған ізденістер мен зерттеулердің, соның ішінде қазақ тілінің де қосып отырған үлесі аз емес. Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр.
Қазақ тіл білімінде этнолингвистикалық бағыт ХХ ғасырдың 80 жылдарынан басталады. Бұл саланың дамып, өсіп-өркендеуіне Ә.Қайдар, И.Копыленко, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Б.Қалиев, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Б.Момынова, Р.Шойбеков, Ғ.Аронов, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, Б.Қарағұлова т.б. ғалымдар өз үлестерін қосып келеді.
Этнолингвистика– этностың инсандық болмысын һәм дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын басқа емес, тек тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіншіліктерінен, яғни “этностаным” мен “тілтаным” арасынан туындаған жаңа да дербес сала. Тіл білімінде оған: “Этнолингвистика – это раздел макролингвистики, изучающий отношения между языком и народом и взаимодействия лингвистических и этнических факторов в функционировании и развитии языка” (Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. М., 1966, с. 539), – деген анықтама беріледі.
Жалпы тіл білімінде бұл сала және оның мақсат-мүддесі теориялық тұрғыдан көптен бері-ақ белгілі болса да, іс жүзінде, әсіресе түркі тілдерінде кең қолданыс таба алмай келе жатқандығы мәлім. Қазақ тіл білімінде бұл мәселемен алғаш (1970-жылдардан бері) шұғылдана бастаған ғалым Ә.Қайдар болды деп айта аламыз. Содан бері бұл салада ірілі-ұсақты жүздеген еңбек дүниеге келіп, қазақ тілінің өз табиғаты мен ерекшелігіне сәйкес қазақ этнолингвистикасының бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі айқындалып, ғылыми тұжырымдамасы (концепциясы) жасалды. Көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Міне, осы қыруар игілікті істердің ұйытқысы да, бағдарлаушы, басқарушы көшбасы да академик Ә.Қайдар екендігі ғалымдар қауымына көптен белгілі. Бұл саланың Қазақстан топырағында дүниеге келіп, қалыптасуына оның жеке басының және көптеген шәкірттерінің қосқан үлесін, этнолингвистикалық нысандар мен зерттеу әдіс-тәсілдерін, мақсат-мүдделерін ғылыми-практикалық мәнін арнайы зерттей келіп, “Основы этнолинвистики” (Алматы, 1995, c. 180) атты кітап жазған әйгілі ғалым, проф. М.М.Копыленко акад. Ә.Қайдар төңірегінде “қазақ этнолигвистикалық мектебі қалыптасты” деп түйеді.
Шынында да, кейінгі 15-20 жыл беделінде жалпы осы мәселеге және оның нақтылы мәселелеріне қатысты жазылған диссертациялар мен басқа еңбектердің жалпы саны (М.М.Копыленконың көрсетуі бойынша) бір мыңнан асады. Осылардың біразы акад. Ә.Қайдар ұсынған тақырыптар мен этнолингвистика мәселелері болып саналады.
Қазақ тіл білімі саласында этнолингвистикалық ізденістердің етек алып, оған ғылым ізденуші жастардың ден қоюында, оқырман қауымның қалауынан шығып, оларға деген сұранымның арта түсуінде өзіндік біраз сыры бар деп ойлаймыз.
Біріншіден, этнолингвистикалық зерттеулерден өзінің тұрақты мақсат-мүддесіне байланысты таза лингвистикалық категориялардың өздерін емес, этностың өзін түсінуге қажетті тілдік (лексика-фразеологиялық, т.б.) фактілердің ішкі мазмұнын терең де жан-жақты ашуға бағышталатынын көреміз. Демек, бұл мақсаттың рухани-мәдени танымдық мәні зор деген сөз.
Екіншіден, этнолингвистикалық зерттеуге тіл байлығымыздағы кез-келген құбылыс, дерек, тақырып (фразеология, мақал-мәтел, ономастика, жұмбақ, өнер, төрт түлік мал, т.б.) объект бола алады. Өйткені ол фактілердің барлығы этнос болмысын тануға қатысты және оларды әдеттегі лингвистикалық формальдық тұрғыдан ғана емес, одан әлде қайда тереңірек, жан-жағын үңгілей түсіп, індете зерттейді. Мәселен, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің этнолингвист ғалым әдеттегідей қоғамда қалыптасқан ауыс мағынасында ғана емес, сонымен қатар сол мағынаның қалыптасуына негіз болған о бастағы әр алуан мотивтерін (уәждерді) анықтауға тырысады. Демек, тіл деректері тек өзінің коммуникативтік қызметі деңгейінде ғана емес, сонымен қатар кумулятивтік, яғни рухани, мәдени қазынаны өз бойында сақтаушы мұра, бұлақ ретінде сырын ашады.
Үшіншіден, тіліміздің лексика-фразеологиялық байлығын әліпби тәртібімен түзілген әр алуан лексикографиялық (сөздік, энциклопедия т.б.) еңбектер арқылы меңгеру мүмкін емес. Этнолингвистикалық зерттеулердің ең басты ерекшелігі – барша деректердің тақырыптық, мағыналық, логикалық жүйе негізінде берілуінде т.т.
Міне, осы тәрізді тәсілдерге байланысты этнолингвистикалық зерттеулер тілдің ішкі дүниесін толық ақтарып көрсету арқылы оның небір тамаша танымдық мүмкіншіліктерін де пайдалана алады. Осылардың барлығы акад. Ә.Қайдар ұсынған, оларды біртіндеп кеңейтіп, тереңдетіп, дамытып келе жатқан этнолингвистикалық ілімнің негізгі принциптері болып саналады.
Академик Ә.Қайдардың бұл сала бойынша бірсыпыра еңбектері шықты: Этнолингвистика//Білім және еңбек. –1985. – №10. Қазақ этнолингвистикасы // Казақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы, “Ана тілі”, 1998, 8—29-б.; Доспехи и вооружение воина-батыра в казахском эпосе и их этнолингвистическое объяснение (Бұл да сонда, 30—40-б.); Этностық болмыс ұғымдары // Ана тілі, 1990; Культ слова у тюркских народов // Тезисы XXIX ПИАК, Ташкент, 1986, с. 63-65; Жеті қазына // Ана тілі, 1990, т.б. (жалпы саны 12 еңбек).
Қазақ этнолингвистикасы – бүгінде жаңа ғылыми бағыттан жеке ғылым саласына айналған дербес пән. 2000 жылы Этнолингвистика бөлімі ұйымдастырылып, ғылыми қызметі мен зерттеу нысандары кеңейе түсті. Тәуелсіз Қазақстанның туын биік ұстар ұлтжанды ұрпақ, білікті маман тәрбиелеу – Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің мемлекеттік бағдарламасында алға қойылған басты мақсат. Осы мақсатқа сай «Этнолингвистика» пәні еліміздің жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде оқытылып келеді. Пәннің оқу-әдістемелік кешенін, типтік-оқу бағдарламасын  жасауда ғалымның тікелей бағыттауымен қазақ тілінің табиғаты мен ерекшелігіне сәйкес жазылған ғылыми зерттеулер басшылыққа алынды.
2000-2010 жж. бөлімді қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Қайдар басқарды. Бөлімде 2000-2002 жылдары «Ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қызметі мен дамуының негіздерін зерттеу»атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақтар: ана тілі әлемінде» атты тақырып бойынша көптеген ғасырлар бойы жиналып қордаланған және әлі де жинақталып жатқан өте бай тіліміздің лексикалық байлығы, заттар мен бізді қоршаған табиғи құбылыстардың атаулары, адамдардың қоғамдық қарым-қатынасына, тұрмыс-салтына, бұрынғы көшпелі ру-тайпалар мен бүгінгі қауымның өмір сүру тәсілдері мен әдет-ғұрпына байланысты сан алуан тілдік деректер – лексика-фразеологиялық, паремиологиялық, ономасиологиялық, кәсіби-терминологиялық, эвфемистік, теңеу-салыстыру, т.б. ұлан-ғайыр этнолингвистикалық мағыналық бірліктер жинақталды. «Қазақтар: ана тілі әлемінде» деп аталатын еңбектің мақсаты – қазақ тілінің сөздік қорындағы жарты миллиондай (Ә.Қайдардың жобалауы бойынша) мағыналық бірлігін (смысловые единицымәнінде) қамтитын 3 томдық этнолингвистикалық сөздігін жасап, XXI ғасырда өмір сүретін ұрпаққа өз болмысын танытатын ана тілінің асыл қазынасын мирас етіп қалдыру. Бұл жұмыспен ғалым 30 жылдан астам уақыт шұғылданып келеді.
2003-2005 жылдары «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы ­– егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тіліндегі қос сөздер табиғаты: зерттеу, сөздік» атты тақырып бойынша қазақ тілінің сөздік қорындағы қосарлама және қайталама қос сөздердің барлығы дерлік жинақталып, жүйеленіп, қолданыс аясы мен мағыналары мәтін негізінде ашылып, түсініктеме берілді, олардың арнайы сөздігі жасалды. Көне де ең байырғы бұл категорияның сөзжасам жүйесіндегі өзіндік ерекше орны мен тәсілдері айқындалып, тілдік қарым-қатынастағы атқаратын қызметтері жан-жақты сипатталып, мағыналық, эмоциональды-экспрессивті, жалпылау, жіктеу, қайталау т.б. осы сияқты мағыналар мен мағыналық реңктерді, бояу-нақыштарды берудегі өзіндік ролін айрықша атап көрсете алатын зерттеу жүргізілді. Осының нәтижесінде екі бөлімнен – зерттеу мен сөздіктен тұратын «Қазақ тіліндегі қос сөздер табиғаты» атты (30 б./т.) монография жазылды.
2006-2008 жылдары «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты тақырыпта іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері» атты тақырып бойынша этимологиялық зерттеудің принциптері айқындалды; ғылыми, қызықты және жалған (халықтық) принциптері  сипатталды; қазақ тілі бойынша жүргізілген этимологиялық зерттеулер мен этимологиясы айқындалған сөздердің жалпы саны анықталды; этимологиялық сөздікке негізінен бір, екі буынды түбірлер еніп, оларға қатысты сөзжасам модельдерінің тізімі берілді; этимологиялық анықтамалар тек қазақ тілі бойынша ғана емес, жалпы түркітануға байланысты қарастырылды.
2007-2009 жылдары Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының тірегі бағдарламасы аясындағы “Қазақстанның болашағы және қазақ этносының өзіне тән қасиеттерін (феноменін) танып-білу, дамыту” атты тапсырмасы бойынша         қазақ тілінің лексика-фразеологиялық-паремиологиялық байлығын мүмкін болғанынша түгел қамтып, мағына-мәніне, қолданысына түсініктеме беретін, жүздеген тақырыптардан тұратын единицалар жинақталып, жүйеленіп берілді.
Зерттеу, негізінен, қазақ этносының табиғи, рухани болмысы туралы тілдік сипаттамаларды, оның рухын, дүниетанымын, ұғым-түсінігін білдіретін тілдік деректерді жүйелеп, жинақтап көрсетуге бағышталды. Зерттеу жұмысының нәтижелері «Қазақ қандай халық?» (2008) атты жинақ пен «Қазақтар ана тілі әлемінде» (2009) атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздікте толық көрсетілді. Оның 1-томы жарыққа шықты. Бұл қазақ этносының басқа түркі, т.б. этностардан көптеген (тәрбиесі, ділі, тілі, діні жағынан) ерекшелігінің барлығын, түпкі мақсатқа тез жетудің ең оңтайлы жолы екендігін сипаттайтын приоритеттеріміздің бірегейі болып саналады.
2010 жылдан қазірге дейін бөлімді филология ғылымдарының докторы Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы басқарады. Бөлімде филология ғылымдарының докторы, академик Ә.Туғанбайұлы, филология ғылымдарының докторы Р.Шойбеков, филология ғылымдарының кандидаты Г.Исаева, филология ғылымдарының кандидаты Э.Өтебаева, кіші ғылыми қызметкерлер А.Жауғашарова, З.Садырбаева, Е.Бесіров және аға лаборант Г.Тлегенова қызмет етеді.  Бүгінгі таңда бөлім қызметкерлері 2009-2011 жылдарға арналған “Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның Уақыт пен Кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, жаңғырту” атты іргелі зерттеу бағдарламасы аясында “Имитатив теориясы және қазақ тілі байырғы лексикалық қорының қалыптасу процестері” тақырыбы бойынша еліктеуіш, елестеуіш, бейнелеуіш ілкі түбірлерінің пайда болу, қалыптасу тарихының эволюциялық процестерін талдап, қазақ тіліндегі еліктеуіштердің 500-дей бір буынды түбірлерін жіктеп, оларға түсініктеме беруде.

 

Этнолингвистика бөлімінің басты еңбектері:
1. Қайдар Ә. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі // Алматы, 1966. 240 б.
2. Қайдар Ә. Этнолингвистика // Білім және еңбек. 1985. № 10. 18-22 б.
3. Қайдар Ә. Сырға толы түр мен түс. Алматы. 1986. 96 б. (Б.Өмірбеков, З.Т.Ақтамбердиевамен бірге).
4. Қайдар Ә. Қазақ әдеби тілі тарихының зерттелу жайы мен міндеттері // Қазақ әдеби тілі тарихының проблемалары. Алматы. 1987. 10-35 б. (І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ш.Сарыбаевтармен бірге).
5. Кайдаров А. Образно-фоновая основа устойчивых выражений, связанных со скотоводством, в казахском языке // Изв. АН КазССР. Сер. филол. 1987. № 1. С. 3-8.
6. Кайдаров А. О принципах этимологического анализа этнонима “казак” // Вестн. АН КазССР. 1987. № 8. С. 30-32.
7. Қайдар Ә. Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы проблемалары мен міндеттері // Қазақ тілі тарихы лексикологиясының мәселелері. Алматы. 1988. 7-39 б.
8. Кайдаров А. Компаративные зоофразеологизмы, связанные со скотоводством в казахском языке // Изв. АН КазССР. Серия филол. 1989. № 4. С. 24-26
9. Кайдаров А. Этнолингвистические аспекты казахской ономастики // Изв. АН КазССР. Серия. филол. 1990. № 3. С. 3-13 (Совместно с Е.А.Керимбаевым).
10. Қайдар Ә.  Түркітануға кіріспе. Алматы. 1991 (М.Оразовпен бірге).
11. Қайдар Ә. Түр-түстердің тілдегі көрінісі. Алматы, 1992.
12. Қайдар Ә. Қазақ тілі терминологиясына жаңаша көзқарас // Қазақстан республикасы Ұлттық Ғылым академиясының хабарлары. Тіл және әдеб. сер. 1993. № 1, 2. 15 б.
13. Қайдар Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. Алматы. Рауан. 1993. 44 б.
14. Қайдар Ә. Қазаққа латын жазуы керек пе, жоқ па? // Егемен Қазақстан. 1996. 6 қаңтар.
15. Қайдар Ә. Этнолингвистика // Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы. 1998. 475-476 б.
16. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы, “Ана тілі”. 1998.
17. Kaudarov А.T., Orazov M. Turkluk bіlgіsіne gіrіs. (Aktaran Dr. Vahіt Turk). Bіrlesіk Yayіncіlіk. Іstanbul, 1999, 228 bet.
18. Қайдар Ә., Айтбаев Ө. Тіл майданы. Алматы, “Арыс”, 2000.
19. Қайдар Ә. Ғылымдағы ғұмыр. Алматы, Атамұра, 2000, 320 б.
20. Қайдар Ә. «Имитатив теориясына» қатысты жаңаша көзқарас // ҚР БҒМ ҰҒА-ның Хабарлары, 2003. №5. 13-29 б.
21. Кайдаров А. Т. Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями. Астана: Білге, 2003, 368 с.
22.  Қайдар Ә. Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу). Алматы: Тоғанай Т. 2004. 559 б.
23.  Қайдар Ә.  Қаңлы (тарихи шежіре). Алматы: Дайк-Пресс, 2004. 610 б.
24.  Қайдар Ә. Қазақ қандай халық? Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 47 б.т.
25. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде. 1-том. Адам. Алматы: Дайк-Пресс, 2009.
26. Шойбеков Р. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі. Алматы: Ғылым, 1991. – 87 б.
27. Шойбеков Р. Зергерлік өнер лексикасы. Көмекші құрал. –Алматы: Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогика институтының ротапринті, 1991. –39 б. (2 б.т.).
28. Шойбеков Р. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. Монография. –Алматы: Қазақстан, 1993. –190 б. (12 б.т.).
29. Шойбеков Р. Қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздік (автордың бірі). –Алматы, 1992. –125 б. (8 б.т.).
30. Шойбеков Р. Қазақша-орысша мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестері. Көмекші оқу құралы. –Алматы: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының ротапринті, 1991. –51 б. (3 б.т.).
31. Шойбеков Р. Қолөнер лексикасы негізінде жасалған тұрақты теңеулер мен сөз тіркестері. Көмекші оқу құралы. –Алматы: Ротапринт ҚазПТИ, 1992. –23 б. (1 б.т.).
32. Шойбеков Р. Қазақша-орысша сөздік – минимум. Көмекші оқу құралы. –Алматы: Ротапринт Каз ПТИ, 1992. –53 б. (3 б.т.).
33. Шойбеков Р. Русско-казахский словарь. –Алматы: Қазақстан, 1996. –15 б.т. (авторлық бірлікте).
34. Қайдар Ә. Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік. – Алматы, 2010. 478 бет (баспаға жіберілді)
35. Шойбеков Р. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 1-15 тт. Алматы: Арыс, Қазақ энциклопедиясы, Дәуір, 2006-2011 (автордың бірі, редактор).
36. Шойбеков Р. Қазақ қолөнер аталымдарының түсіндірме сөздігі. – Астана, 2010 (баспаға жіберілді).

Қазақ тілі: этникалық-әлеуметтік дамудың басты факторы

– жергілікті тіл ерекшеліктері құрамындағы этнографизмдердің лингвомәдени аспектілері;
– әдеби тіл құрамындағы этнографизмдердің лингвокогнитивтік аспектілері;
–     қазақ этнолингвистикасының теориялық негіздері;
–     тіл мен материалдық мәдениеттің этнотанымдық байланысы;
–   әлеуметтік кеңістікке байланысты лексика-фразеологиялық жүйенің этномәдени мазмұны;
–    дәстүрлі кәсіп, шаруашылық лексикасының когнитивтік негіздері;