Сайт находится в стадии разработки

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Тіл тарихы бөлімі

Бөлім айналысатын өзекті мәселелер: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының құрылымына сай тіл тарихы және диалектология бөліміндегі іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары да ұзақ жылдарға бағдарланған жоба бойынша жүргізіліп келеді. Қазіргі кезеңде, 2009-2011 жылдар аралығындағы жоспарланған тақырыпқа орай қазақ тілінің тарихи сөздігін түзудің ғылыми негіздерін зерттеу мен қазақ тілінің тарихи сөздік қорын жинақтау мәселесі міндеттелген болатын. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі өткір әрі күрделі проблемалардың бірі болып табылатын тарихи сөздік жасаудың ғылыми-теориялық, құрылымдық мәселелерін анықтай отырып, одан әрі қазақ тілінің тарихи сөздік қорын жинақтап, оның ғылыми сипаттамасын жасау сондай-ақ қазақ тілінің үлкен тарихи сөздігін жасау істері өз кезегін күтіп тұр.
Тарихи лексикаға байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын бұлайша сатылап жүргізудің басты себептері, біріншіден, тарихи сөздік жасау ісінің теориялық, құрылымдық мәселелерін жан-жақты зерттеп, айқындап алудың қажеттілігіне, екіншіден, тарихи сөздік қордың құрамын анықтап, оған кешенді тілдік тұрғыдан ғылыми сипаттама жасаудың қажеттігіне, үшіншіден, тіліміздің тарихи сөздігін жасаудың қажеттілігіне байланысты болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда бөлім айналысып отырған басты өзекті мәселелер мыналар:
– қазақ тілі тарихи сөздік қорының ғылыми сипаттамасын жасау, жекелеген ескерткіштер тілінің сөздігін жарыққа шығару және осы арқылы қазақ тілінің тарихи сөздік қорын жинақтау;
– тілдік және ғылыми-теориялық материалдарды жинақтау, саралау, сараптау, қорыту негізінде қазақ тілі тарихи сөздігінің шағын үлгісі жекелеген тарихи ескерткіштердің материалдары негізінде жасалады. Тарихи сөздікті түзу ісі ұлттық тілдің тарихи сөз байлығын жинақтап, жүйелеп көрсетуге мүмкіндік тудырады;
– тарихи сөздік – ұлт тілінің бұрыннан бері жинақталған үлкен қоры болып табылады. Сондықтан тарихи сөздер фонетикалық сараптаудан өткізіліп, олардың бірнеше нұсқалары мен варианттары ескерткіштер материалдары негізінде жинақталып салыстырылады. Сондай-ақ, ескерткіштердегі лексикалық бірліктер грамматикалық, морфологиялық тұрғыдан талданып, олардың қазіргі қазақ тіліндегі формалары мен тұлғалары анықталады;
– қазақ тілі тарихи сөздік қорының негізгі құрамын құрайтын байырғы түркілік лексикалық құрам, ежелгі тіларалық қатынастардың  нәтижесінде ескі қытай, моңғол, иран тілдерінен, ортағасырлық парсы, араб тілдерінен енген кірме лексикалық қабатты айқындау. Зерттеме барысында республикадан тысқары орналасқан қазақ диаспорасының тілі де қамтылып, тарихи диалектологиялық талдау жасалады;
– тарихи  сөздік қорға алынуға тиісті лексикалық бірліктердің байырғы түркілік сөз тіркестерінің, фразеологизмдердің құрамы жазба ескерткіштер материалдары негізінде анықталып, картотекалық қоры түзіледі.
– кірме (араб, парсы, қытай, моңғол) сөздердің құрамы айқындалып, тарихи сөздіктің сөзтізбесіне қатысты олардың сөздік тұлғасы, бейсөздік тұлғасы, туынды тұлғасы, тіркесімдік тұлғасы, сондай-ақ фразеологизмдер, диалектілерде қолданылуы мәселелері зерттеліп отырған ескерткіштер көлемінде анықталады.
Қазақ тілінің тарихи сөздік құрамына енетін қомақты тілдік материал іс жүзінде жазба ескерткіштерде қамтылған. Әсіресе ғылымға белгілі мұрағаттар ішінен ерте және орта ортағасырларда жарық көрген  филологиялық трактаттар мен әдеби мұраларда кездесетін лексикалық бірліктерді түгендеп, жинастырып, олардың әрбіріне қатысты мағыналық ерекшеліктерді (сол мәтіндегі (контекстік қоршауымен анықталатын) мағынасы, кейінгі дәуірлерде ұмыт болған, яғни қазіргі тілімізде мүлдем қолданылмайтын реликт дәрежесіндегі сөзформалар, әдеби тіл ауқымына жатпайтын, бірақ аймақтық сөйленістерде сақталған сөз қолданыстар, ескерткіштегі бастапқы мағынасы түрлі өзгерістерге ұшыраған, яғни семантикалық аясы кеңейген немесе тарылған бірліктер, тарихи тұрғыдан еркін тіркес, ал синхронды тұрғыдан тұрақты тіркестерге айналған түрлі фразеологизмдік оралымдар, метафоралық мәнде жұмсалған бірліктер, қазіргі тіл тұрғысынан этимологиясы күңгірт саналатын көнерген сөздердің семантикасы т.б.) анықтау үшін орасан жұмыс жүргізілуі тиіс. Атқарылып отырған жоба тақырыбының өзектілігі осы мәселелермен тікелей  байланысты.
Сонымен қатар, тіл тарихи-әлеуметтік құбылыс болғандықтан тілді қолданушылар әр заманда оның өзіне дейінгі жинақталған сөздік қорын, қалыптасқан заңдылықтарын қолдана отырып, тілішілік (интралингвистикалық) және тілден тыс (экстралингвистикалық) факторларға байланысты өз тарапынан әр түрлі ереже-қағидаларды енгізетіні, сөздік құрамды әр түрлі қырынан байытатыны және қандай да бір бөлігін (мақсатты түрде немесе стихиялы түрде) қолданыстан мүлде шығарып тастайтыны, я болмаса бұрыннан келе жатқан қолданыстарды әр түрлі қырынан өзгертетіні белгілі. Тілдің осындай даму және қалыптасу заңдылықтарын қазіргі кезде актив қолданылатын (мұрагер, жалғас) тілдер деректерімен салыстыра отырып айқындау бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселелер қатарынан орын алып отыр. Осымен байланысты, олардың арасындағы сабақтастықты анықтау бөлімде жүргізіліп жатқан зерттеулердің басты мақсатының бірі болып саналады.
“Қазақ тілінің тарихи сөздігін түзудің ғылыми-теориялық негіздері” атты тақырып тіліміздің байырғы сөздік қорын жазба ескерткіштер материалдары бойынша қалпына келтіруге бағытталған алғашқы қадам болмақ. Себебі, күні бүгінге дейін қазақ тіл білімінде кейбір жекелеген  лексемалардың  этимологиясын ашуға, ескерткіштер тілінің лексикалық, морфологиялық ерекшеліктерін қарастыруға арналған еңбектер болғанымен, тұтастай тарихи сөздік жасалмаған.
Бұл үшін ғылымға белгілі тарихи жазба мәтіндерді жинастырып, олардың әрқайсысында қамтылған лексикалық бірліктерді есепке алу, сөзтізбесін жасау қажет болып отыр. Әрі қарай жинақталған сөздік құрамды түрлі ұғымдық тақырыптық топтар бойынша жіктеу, әр топқа тән негізгі кілт ұғымдарды бөліп көрсету, олардың тарихи дереккөздердегі қолданыстық ерекшеліктерін айқындау, қазіргі тіліміздегі жалпыхалықтық сөздік қорындағы көріністермен салыстыру т.б. міндеттері тұр.
Осы міндеттерді шешу үшін елімізде және республикадан тыс жерлерде сақталған тарихи ескерткіштердің қолжазбаларын т.б. нұсқаларын жинастыру маңызды. Түптеп келгенде тіліміздің байырғы лексикалық қорын анықтауға бағытталған бұл зерттеу тарихи сөздік түзудің ғылыми-теориялық негіздемесін жасап алуды қажет етеді.
Жалпы айтқанда тіл тарихы және диалектология бөлімі негізінен мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің арғы тарихи дамуын диахрондық және синхрондық бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Соңғы оны жыл көлеміндегі бөлімде жүргізілген жұмыстарға тоқталар болсақ:
1) 2003-2005 ж.ж. орындалған «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы – егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Мемлекеттік тілдің лексика-фразеологиялық қорын толықтырудың тарихи көздері» атты тақырыпта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік тілдің лексика-фразеологиялық қорын қазақ тілінің тарихи сөздік құрамындағы бірліктер мен жаңа қолданыстарды ғылыми сараптама тезінен өткізу арқылы   байытудың жолдары мен әдіс-тәсілдері анықталған. Мұның өзі мемлекеттік тілдің сөз байлығын арттырудың мүмкіндіктерін молайтады.
Аталған бағдарлама бойынша орындалған тақырыптың нәтижелері жекелеген монографиялық еңбектер мен ұжымдық жинақтарда жарық көрген. Сондай-ақ, бұл бағдарлама материалдары «Тілтанымдық зерттеулер» атты жинақта жарияланған.
2) 2006-2008 ж.ж. орындалған «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Ортағасырлық қыпшақ және қазіргі қазақ тілдерінің тарихи сабақтастығы» тақырыбы бойынша зерттеу жүргізілді.
Орындалған тақырыптың нәтижелері республикалық және шетелдік басылымдарда мақалалар түрінде жарық көрген.  Жекелеген тақырыптар бойынша ұжымдық зерттеулердің қолжазбалары даярланған. Ғылыми-зерттеу жұмыстары «Тілтанымдық зерттеулер» мен басқа да жинақтарда жарыққа шықты.
3) “Қазақ тілінің тарихи сөздігін түзудің ғылыми-теориялық негіздері”(2009ж.) атты ғылыми-зерттеу жобасы жүргізіліп жатыр.
Тіл тарихы және диалектология бөліміндегі зерттеліп отырған жаңа бағыттар. Мемлекеттік тілдің жасампаздығы, ең алдымен, оның грамматикалық құрылымы мен сөздік құрамының жақсы зерттелуіне байланысты. Бұл, өз кезегінде, біріншіден, нақты ғылым салаларының кәсіби тілінің жақсы жетілуіне қажетті негіз болады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ғылым мен білімнің, техниканың, өнеркәсіптің барлық салаларында кеңінен қолданылып келеді. Бұл қазақ тілінің өзге ғылыми пәндерден өзгешеленетін, ерекше мәртебелік жағдайын айғақтайды.
Қазақ тілінің тарихи лексикасына қатысты мәселелер отандық ғалымдардың (Ә.Қайдар, М.Томанов, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов, Р.Сыздық, Б.Сағындықұлы, Ә.Нұрмағамбетов, Т.Арынов, Ә.Керімов, М.Сабыр т.б.) жекелеген еңбектерінде көтеріліп келеді. Алайда, осы кезге дейін тарихи лексиканың құрамы тарихи сөздік түзуге қажетті көлем мен деңгейде қарастырылған емес және қазақ тілінің көлемді этимологиялық, тарихи сөздіктері әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ.  Бұл бағыттағы еңбектер Р.Сыздықованың “Сөздер сөйлейді” (1984 ж.) және “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігімен” (1966 ж.) ғана шектеліп тұр. Сондықтан қазақ әдеби тілінің көлемді тарихи және этимологиялық сөздіктерін құрастыру бүгінгі таңда өзекті мәселелердің қатарынан орын алып отыр.
Тіл тарихын ғылыми тұрғыдан қарастыру мүддесі зерттеу желісін тарихи бастау-арналардан бері тартып, әрі сатылы түрде, әрі өзара сабақтастықта жүргізуді қажет етеді. Сондықтан аталған мұраларды пайдалана отырып, ортағасырлық қыпшақ тілді сөздіктердің,  олардан бергі Әбілғазы хан шежіресі мен Қадырғали Жалаири шежіресінің, тарихи жырлардың, батырлық жырлар мен лиро-эпостық жырлардың, қисса-дастандардың,  XVIII ғасырдан бергі ресми, бейресми іс қағаздарының, XIX-XX ғасырлардағы мерзімді баспасөздің, XVIII ғасырдан бергі қазақ сөздіктерінің,  сондай-ақ, Л.Будагов, В.В.Радлов сөздіктеріндегі қазақ тілі лексикасының, өткен ғасырларда жасаған ақын, жазушы тілі сөздіктерінің негізінде қазақ тілінің тарихи сөздік қорын жинастыру  керек. Тіл тарихы бойынша жүргізілетін диахрониялық зерттеулерде жергілікті сөзқолданым ерекшеліктерін яғни диалектологиялық материалдарды халық тілінің даму тарихынан хабар беретін айғақ ретінде пайдаланудың оң нәтиже берері анық. Тарихи диалектологиялық құбылыстар тілдің даму тарихынан хабар береді.
Тарихи лексика нақты жәдігерліктер тіліне қатысты зерттелгенімен, олар шын мәніндегі қазақы лексикалық қорды жинастыру, түгендеу, байыту, сөз тұлғалары мен мағыналарының тарихи  даму жолдарын анықтау тұрғысынан зерделенген емес. Сондықтан өткен ғасырларда жасалып, хатқа түскен мол мұраны сарқа пайдалану, ғылыми тұрғыдан зерттеп, тіліміздің қазынасына қосу, бүгінгі күннің қажетіне жарату керек. Мемлекеттік тілдің тарихи сөздік қорын айқындау – кезек күттірмейтін мәселе. Ол үшін қазақ тілінің тарихи лексикасына жататын бірліктердің құрамын айқындап, тарихи картотекалық қордың электронды нұсқасын жасау және осылардың түпкі нәтижесі ретінде тарихи сөздік түзу қажет. Мемлекеттік тілдің тарихи негіздерін берік ету мақсатында жүзеге асырылуы қажет негізгі іс-шаралардың бірі – қазақ тілінің тарихи сөздігін жасау болып табылады. Тарихи сөздікті түзу ісі ұлттық тіліміздің тарихи сөз байлығын жинақтап, жүйелеп көрсетуге мүмкіндік тудырады.
Тарихи сөздік жасау үшін оны қалай түзудің жөнін білу керек. Сөздіктің бұл түрін құрастырудың ғылыми-теориялық негіздерін, басты заңдылықтарын айқындап алу қажет. Осы тұрғыдан ұсынылып отырған жобаның басты мақсаты ретінде қазақ тілі тарихи сөздігін түзудің ғылыми-теориялық негіздерін айқындау ісін атауға болады.
Негізгі міндеттер ретінде, бір жағынан, әлемдік лексикографиядағы тарихи сөздіктер құрылымын типологиялық және жанрлық тұрғылардан зерттей отырып, екінші жағынан, қазақ тілінің тарихына қатысты материалдардың ерекшеліктерін ескере отырып, тарихи сөздіктің толық лексикографиялық құрылымының үлгісін жасауды атауға болады. Ол үшін ең алдымен сөзтізбеге алынатын лексикалық бірліктердің базалық тізбесін жасау керек болса, екіншіден, сөздік бірліктердің фонетикалық, грамматикалық және лексика-семантикалық сипаттамаларын жасау, үшіншіден оларды лексикографиялаудың оңтайлы әдіс-тәсілдерін табу қажет. Бұл тарихи сөздік құрамды анықтау мәселесімен, тарихи сөздердің фонетикалық тұлғасы мен грамматикалық құрылысын, мән-мағыналарын айқындау мәселесімен тікелей байланысты. Жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде қазақ тілінің тарихи сөздігінің құрылымдық негіздері анықталып, тарихи сөздіктің шағын үлгісі жасалады және тарихи сөздік қор жинақталып болған жағдайда толық тарихи сөздік жасауға мүмкіндік туады.
Қазақ тілінің тарихи сөздік қоры тіл құрылысының басты деңгейлері (фонетика, грамматика, лексика) бойынша тарихи лексикологиялық, тарихи фразеологиялық, тарихи диалектологиялық, тарихи грамматикалық және тарихи лексикографиялық тұрғылардан кешенді зерттелуі керек. Қазақ тіліндегі базалық тарихи лексиканың картотекалық қорының электронды нұсқасын жасау осы тұрғыдан іске асырылатын алғашқы қадамдардың бірінен саналады. Жекелеген тарихи тілдік жәдігерліктердің (Қ.Жалайырдың «Жамиғат-тауарих» еңбегі, Әбілғазының «Түркі шежіресі», т.б.) негізінде шағын тарихи сөздіктер жасай отырып, түбінде осылардың материалдарын пайдалана отырып, тарихи сөздік жасауға қол жеткізуге болады.
Бөлім туралы ақпарат: Тіл тарихы және диалектология бөлімі тілдің тарихи дамуын жазба ескерткіштер тілі құрылымы арқылы дәйектеуді мақсат етеді. Сонымен қатар тілдің аймақтық ерекшеліктерін саралап жіктеу, оның әдеби тіліміз лексикасының молығуы мен грамматикасының кемелденуінде маңызды рөл атқаратындығы да осы бөлімде жасалған теориялық зерттеулердің нәтижесінде жүзеге асырылды. Тілдің өткен тарихын зерделемей тұрып оның бүгінгі қалпына баға беру қиын. Себебі, тарихи сөздік қор мен сөздік құрамды айқындау арқылы ғана бүгінгі тілдің қалыптасу ерекшеліктерін анықтай аламыз. Сөз құрамының тарихи негіздерін ашу оңай шаруа емес. Қазіргі қазақ тілінің әдеби тіл дәрежесіне көтерілу сатыларын анықтау үшін түркі ескерткіштері тілін тереңінен талдағанда анық көз жеткізуге болады. Осындай ірі мәселелерді шешу  барысында 1956 жылы тіл тарихы және диалектология бөлімі ашылған болатын. Бұл бөлімнің алғашқы меңгерушісі Нығмет Тінәлұлы Сауранбаев болды (1956-1958 жж.).
Көне және ортағасырлардағы жазба тілдің әр кезеңдегі ескерткіштері – қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихын анықтауға жол ашатын бірден бір құрал болып табылады. Қазіргі тіліміздің қалыптасып, осы дәрежеге жетуі ең алдымен қоғамдық ой сананың кемелденуіне, халықтың мәдени өрлеуіне, әсіресе жазба әдебиеттің кең өріс алуына тікелей байланысты. Өйткені, жазба тарихи ескерткіштердегі таңдаулы сөз үлгілері жинақтала келе жалпыға ортақ тілдік нормалардың қалыптасуына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан әдеби тілдің қалыптасу тарихын осы бөлімде қызмет еткен түркітанушы ғалымдар әр қырынан қарастырып, көне түркі, орта түркі дәуірлеріне қатысты жазба үлгілердің қазақ тілі тарихын зерттеудегі, оның ертедегі күй-қалпын сипаттаудағы алар орнын біршама айқындап берген болатын. Осымен байланысты ұзақ жылдар бойы қазақ әдеби тілін диахрондық аспектіде зерттеу нәтижесінде ғалымдар көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда,  академик Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Айдаров, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбанов, Ә.Құрышжанов, С.Омарбеков, сондай-ақ академиктер Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, профессорлар Б.Әбілқасымов, О.Нақысбеков, Б.Сағындықұлы,  т.б. ғалымдар  қазақ тілінің тарихи күй қалпын көрсететін құнды еңбектерін жарыққа шығарды.
Мәселен көне түркі жазба ескерткіштерін тереңінен зерттеген ғалымдардың бірі Ғ.Айдаров 1960-1963 жылдар аралығында қызмет етіп “Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі” (1986), “Орхон ескерткіштерінің тілі” (1990), “Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі” (1991) атты еңбектерін жарыққа шығарды. Белгілі түркітанушы Ә.Құрышжанұлы (1958-1985 ж.ж.)  ескі түркі ескерткіштерінің тарихы мен тілін зерттеп, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, А.Иүгінеки, А.Ясауи сынды ғұламалар еңбектерін аудару ісімен шұғылданды. 1957-1991 жылдары еңбек еткен ғалым Е.Жұбанов тіл тарихына қатысты “Литературно-лингвистические особенности “Козы Корпеш-Баян сулу” (1967), “Эпос тілінің өрнектері” (1978), “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” эпосының текстологиясы” (1994) т.б. еңбектерін жарыққа шығарды. Тіл тарихы бөлімінде 1972-1985 жылдары еңбек еткен белгілі ғалым Қ.Өмірәлиевтің «XV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі», «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі», «VІІІ-ХІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері», «Оғұз қаған эпосының тілі» атты іргелі монографиялары  түркітану саласындағы маңызды зерттеулердің қатарынан орын алады.
Сондай-ақ қазақ тілінің тарихы мен түркітану саласына қатысты өзекті мәселелер академиктер Ә.Қайдардың (“Структура односложных корней и основ в казахском языке” (1986), “Түркітануға кіріспе” (1992) т.б.), Р.Сыздықтың (“Сөздер сөйлейді” (1980), “Сөз сазы” (1983), “Қазақ әдеби тілінің тарихы” (1984), Язык “Жамиғат тауарих” Жалайри” (1989), “Ясауи хикметтерінің тілі” (2004), “Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар” (2009) т.б.), профессорлар Б.Әбілқасымовтың (“Алғашқы қазақ газеттерінің тілі” (1971), “ХІХ ғ. ІІ жартысындағы қазақ әдеби тілі” (1982), “ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. қазақ әдеби тілінің жазба нұсқалары” (1988), “Әбілғазы ханның “Түркі шежіресі” және оның тілі” (2001) т.б.) М.Малбақовтың («Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының текстологиясы” (1992), «Қазақ сөздіктері» (1995), «Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері» (2002), т.б.) атты еңбектерінде кеңінен қозғалған.
Сонымен қатар қазақ тіл білімінде диалектология саласының теориялық-әдістанымдық негізінің жетіліп дамуына үлес қосқан диалектолог-ғалымдар академик Ш.Сарыбаевтың (“Қазақ диалектологиясы” (авт.бірі 1967), “Казахская региональная лексикография” (1976), “Қазақ тілінің аймақтық лексикасы” (авт.бірі 1989) т.б.), профессор С.Омарбековтің «Қазақтың ауызекі тіліндегі жергілікті ерекшеліктер» (1965), «Ауызекі тіліміздің дыбыс жүйесі» (1985), «География фонетических различий казахской речи» (1992), “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі” (авт.бірі 1999), «Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» (2007), профессор О.Нақысбековтың (“Языковые особенности казахов Чуйской долины” (1963), “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі” (авт.бірі 1969), “Қазақ тілінің ауыспалы говоры” (1972), “Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы” (1982), т.б.) және т.б. зерттеулер мен еңбектер жергілікті диалектілер мен сөйленістердің тіл тарихында алатын орнының ерекше екенін айқындап берді.