Сайт находится в стадии разработки

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Тіл мәдениеті бөлімі

ТІЛ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ СТИЛИСТИКА БӨЛІМІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ

РӘБИҒА СӘТІҒАЛИҚЫЗЫ СЫЗДЫҚ

Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері.
1924 ж. 17 тамызда Ақтөбе облысы, Ойыл қалашығында қызметкер отбасында туған. Әкесі Сәтіғали Құтқожин (1888-1937) 1920-1928 жж. Ойыл аудандық байланыс бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 1928-1937 жж. Ақтөбе қаласында, Табын (қазіргі Байғанин), Арал, Темір аудандарындағы байланыс бөлімдерін басқарған. 1937 ж. «халық жауы» деген атпен ұсталып, осы жылдың соңында Ақтөбе қаласында атылған.
Р.Сыздық 1938-1940 жж. Темір қаласындағы педучилищеде білім алып, 1940-1945 жж. Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, педучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1944 ж. жедел түрде екі жылдық Ақтөбе Оқытушылар институтын бітірген, 1945 ж. Абай атындағы Алматы педагогикалық  институтына түсіп, 1947 ж. үздік бағамен (қызыл дипломмен) бітірген, 1947-1951 жж. осы институттың аспирантурасында оқыған. 1951-1957 жж. Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, кейін редакция меңгерушісі, 1957 ж. бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында (қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы) ғылыми қызметкер, Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, ал 1980-1994 жж. бөлім меңгерушісі, 1994 ж. бері бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.
«Абай қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық (1959), «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация (1971) қорғады. Осы салада үш монография жариялады: «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971), «Абайдың сөз өрнегі» (1994).
Р.Сыздықтың диссертациялық зерттеу еңбектерінен өзге бағытта айналысқан тақырыптары:
- қазақ әдеби тілінің бес ғасырлық (ХV – ХІХ) даму тарихы;
- қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштер тілі;
- тарихи лексикология;
- лингвистикалық стилистика;
- тіл мәдениеті және орфография;
- орфоэпия;
Бұл салалар бойынша  «XV – XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968, 1984, 1993, 2000 жылдары жарық көрген), «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994), «Язык Жами'ат-тауарих Жалаири» (1989), «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы» (1991), «Сөз құдіреті» (1997), «Емле мен тыныс белгілері» (алғашқы басылымдардағы атауы «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш») (1959, 1947, 1996, 2000), «Сөз сазы» (1983, 1995, 2000), «Тілдік норма және оның қалыптануы» (2001), «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» (2009) т.б.
27 кітап, 250-ден астам мақалалардың авторы.
Ғалым қазақ тіл білімі үшін «Лингвистикалық стилистика» деп аталатын жаңа саланың негізін салушы деп есептеледі. Мұны ғалымның «Абайдың сөз өрнегі», «Сөз құдіреті» атты монографиялары мен шәкірттері қорғаған диссертациялық жұмыстары дәлелдейді.
Р.Сыздықованың бірнеше рет басылып шыққан еңбектері республикамыздың жоғарғы оқу орындарының филология факультеттері студенттері үшін оқулық, оқу құралы ретінде пайдаланып келеді. Ғалымның жетекшілігімен 4 докторлық және 19 кандидаттық диссертация қорғалды. «Еңбегі сіңген ғылым қайраткері» атағымен, «Құрмет Белгісі» орденмен,  Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері.

НҰРГЕЛДІ МАҚАЖАНҰЛЫ УӘЛИ

Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

1945 жылы 1 шілдеде Алматы облысы, Көксу ауданында туған. 1968 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының күндізгі аспирантура бөлімінде оқыды (1968-1971). 1973 жылдан бері осы Институтта ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (1995-2008), Институт директорының орынбасары (1995-2009) қызметін атқарды, қазір Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері.
Н.Уәлидің ғылыми еңбектері қазақ тілі мәдениетінің, әдеби тіл нормаларын кодификациялаудың теориялық, әрі практикалық мәселелеріне және қазақ фразеологиясының өзекті жайттарына арналған. Олардың негізгілері: «Сөз мәдениеті» (1984); «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988); «Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері» (канд. дисс., (1993); «Қазақтың бата-тілектері» (1993-2007), «Фразеология және тілдік норма» (1997); «Емлесі қиын сөздер» (2001, авторлық бірлестікте); «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (1988, 2001, 2005, авторлық бірлестікте); «Бұқаралық коммуникация және сөз мәдениеті» //Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы (2004, авторлық бірлестікте), Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері (докт. дисс., 2007).
Н.Уәли жоғары мектепке арналған «Тіл мәдениеті» (2005, авторлық бірлестікте) оқу құралының; жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-сыныбына арналған «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» (Алматы, 2006, 2010) атты оқулықтың, әдістемелік құралдардың; 12 жылдық мектептің 6-сыныбына арналған «Қазақ тілі» байқау оқулығы (2009); «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі. Фонетикалық курс (2009) авторларының бірі. 200-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік мақаласы бар.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2006 жылдан бастап жарық көре бастаған «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» нұсқаулығын жасап, жалпы редакциясын басқарды. Бүгінде ХV томыда толық жарыққа шыққан сөздіктің сапасын көтеруде, сөз байлығын қамтуда ғалымның қосқан үлесі ерекше. Бұрын онтомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» әртүрлі себептермен енбей қалған көне, сирек сөздер, тұрақты сөз тіркестері, жаңа қолданыстар қоры негізінен Н.Уәлидің ұзақ жылдар бойы жинаған жеке картотека қорынан алынды.
«Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстанның және басқа да елдердің тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, латын әліпбиіне көшу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу» атты тәуекел зерттеу бағдарламасының белсенді орындаушысы және тақырып жетекшісі (2007 ж.) болған Н.Уәли қазақ жазуының жаңа латын графикасына көшу барысында атқарылатын жұмыстар мен қарастырылуы тиіс міндеттер туралы бастама пікірлер ұсынып, соны идеялар көтерді.
«Мультимәдени қоғамдағы тілдік сәйкесімділік (лат.identikus): мемлекеттік тілді лингвомәдени-семиотикалық жүйелер негізінде меңгертудің лингвистикалық аспектісі» тақырыбының орындаушысы ретінде 2007-2008 жж. зерттеулер нәтижесін ғылыми жинақтар мен журналдарда жариялады.
Н.Уәли өз зерттеулерінде қазақ сөз мәдениетін нормативтік, коммуникативтік, прагматикалық және когнитивтік, лингвомәдени, лингвоэкологиялық тұрғыдан қарастырып, оның теориялық пән ретіндегі концептуалдық негіздерін айқындады. Сондай-ақ сөздің коммуникативтік сапаларын объективті түрде бағалаудың және тілдік нормаларды кодификациялаудың ғылыми негіздерін ұсынды. Қазіргі кезде ол когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттаным салалары бойынша ғылыми мақалалар топтамасын жариялай бастады.
Зерттеудің материалдары мен теориялық пайымдауларын жоғары мектеп үшін жазылатын сөз мәдениеті жөнінде оқулықтар мен оқу құралдарын, бағдарламаларын жасауда, сондай-ақ зерттеу жұмысында айтылған тұжырымдары мен ұсыныстары нормативті сөздіктерде кодификациялау тәжірибесінде қолданылып жүр.
Ғалым ғылыми ұйымдастыру жұмысына белсене араласып келеді. Әсіресе Н.Уәлидің «Тілтаным» ғылыми лингвистикалық басылымының негізін салғанын және ұйымдастырушы-шығарушысы болғанын ерекше атап айтуға болады. Қазіргі кезге дейін аталмыш басылымның 40 басылымы жарық көрді. Институтта орындалған іргелі зерттеулердің негізгі нәтижелері мен қорытындысын жинақтап көрсететін «Тілтанымдық зерттеулер» (2000-2002 жж.; 2003-2005 жж.) атты сериялық басылымның ұйытқысы және ұйымдастырушысы болды.
Ғалымның жетекшілігімен 14 кандидаттық, 2 докторлық диссертация қорғалды.
Н.Уәли қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты: ҚР Министрлер кабинетінің жанындағы Мемтерминком (1995-1998); «Мемлекеттік ономастика комиссиясының (2005-тен қазірге дейін) мүшесі; «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының (1991 жылдан қазірге дейін), ҚР ҰҒА-ның Хабаршысы журналының (1996-2009) алқа мүшесі болды. Қыздар педагогтік университетінде А.Байтұрсынұлы атындағы зертханалық кабинеттің ашылуына атсалысты. Қазақ тіл білімін дамытуға, жоғары білікті тілші-мамандар даярлау, білім беру ісіне сіңірген еңбегі үшін Н.Уәли «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» (1996); «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталды (2006), сондай-ақ Халықаралық ИNТАS қоры стипендиясының (1998-1999), «Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның» (2008-2010) иегері болды.

ИСАЕВА ЖАНАТ АМАНЖОЛҚЫЗЫ

Тіл мәдениеті және стилистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты
Тел. 8-701-287-77-25
8-777-287-10-01
эл. пошта: zhanat.is73mail.ru

Исаева Жанат Аманжолқызы 1973 жылы 23 ақпанда Қызылорда облысы,  Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет аулында дүниеге келген. 1994 ж. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіріп, 1995-1996 жж. аталған елді мекендегі №29 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. 1996-2000 жж. ҚР БҒМ ҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқып, 2000 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі сегментті бірліктердің фоностилистикасы (сөз құрамындағы өзгерістер бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
2000-2002 жж. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқу бөлімінің бас әдіскері, Бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды. 2002-2006 жж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында  аға оқытушысы, 2006-2011 жж. Абай атындағы ҚазҰПУ Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында доцент м.а., Филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Тәрбие істері жөніндегі бөлім бастығы, Тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. ҚР БҒМ Ұлттық аккредитациялық орталықтың нострафикация бойынша эксперттік комиссиясының мүшесі, университеттің Ғылыми Кеңесінің мүшесі болды. Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының Құрмет грамотасымен, Қыздар мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының Алғыс хатымен, Медеу ауданы әкімдігінің Алғыс хатымен марапатталған.
35 ғылыми мақала, 7 энциклопедиялық мақала, 1 жоғары оқу орнының филология факультетіне арналған оқулық (авторлық бірлестікте), 1 әдістемелік құрал, 1 балаларға арналған энциклопедиялық-танымдық әдебиет авторы. Олар тіл мәдениеті, стилистика, ауызша сөйлеу мәдениеті салаларына, тіл мәдениеті пәнін орта мектепте және ЖОО оқыту мәселелеріне арналған. «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін» құрастырушылардың бірі. Аталған сөздік жұмысына қатысқаны үшін ҚР БҒМ тарапынан  жас ғалымдарға тағайындалған мемлекеттік стипендияның иегері атанды (2001). Ғылыми зерттеу саласы: функционалды стилистика, тілдік бірліктердің фоностилистикасы, мәтін лингвистикасы, көркем дискурс табиғаты және т.б.

КҮДЕРИНОВА ҚҰРАЛАЙ БИМОЛДАҚЫЗЫ

филология ғлымдарының докторы, доцент
Тел. 255-37-61.
8-702-139-78-81
8-777-317-21-23
эл. пошта: kuderinova_70@mail.ru

Күдеринова Құралай Бимолдақызы 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітіріп, 1992-1995 жж. Ақтөбе облысы, Айшуақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 1995 жылдың қыркүйек айынан бүгінге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінде қызмет істейді, 2008-2011 жж. бөлім меңгерушісі. 2000 ж. «Бірге, бөлек жазылатын сөздердің орфограммасы және оларды кодификациялаудың негіздері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2002-2005 жж. аралығында осы институттың күндізгі докторантура бөлімінде оқып, 2006 ж. «Қазақ жазуының онтогенездік дамуы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2007 ж. бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы 10.02.06 – түркі тілдер және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңесінің мүшесі.
2000-2002 жж. «Жас талант» стипендиясының жүлдегері болды. Мектеп оқушыларына арналған «Емлесі қиын сөздер сөздігінің» (2000), «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» (2001, 2005, 2007), «Қазақ тілі орфоэпиялық сөздігінің» 2005 ж. басылымдарының құрастырушысы және жауапты шығарушысы. XV томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» авторы және он екі томының шығарушы редакторы болып жұмыс істеді. 2008 ж. «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
3 монография, 70-тен аса ғылыми және ғылыми-көпшілік мақала авторы. Олар жазу, жазба тіл, жазу теориясы, орфография және орфоэпия, тіл мәдениеті, стилистика, ауызша сөйлеу мәдениеті салаларына арналған. «Тілдік норма және оның қалыптануы» (Р.Сыздықтың кітабына қосымша ретінде, 2001 ж.), Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы (авторлармен бірге, 2004 ж.), «Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы» (2005) және өңделіп екі рет басылған «Қазақ жазуының теориялық негіздері» (2006, 2010) атты ғылыми монографиялары бар.

ӘМІРЖАНОВА НАЗИРА СЕРІКҚЫЗЫ

филология ғылымдарының кандидаты, ғылыми қызметкер

1981 жылы 11 ақпанда қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданы, Көлбай аулында дүниеге келген. 2002 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің Қазақ филологиясы факультетін бітіріп, 2004 жылдан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінде ғылыми қызметкер болып істейді. 2010 жылы «Латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуының  графикасы мен  орфографиясы (1929-40 жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
30-дан аса ғылыми және ғылыми-көпшілік мақала авторы. Олар жазу, жазу теориясы, орфография, тіл мәдениеті салаларына арналады.
Отбасылы, екі баласы бар.

ТҰРҒЫНБАЕВА ЖАЗИРА ДОСЫМБЕКҚЫЗЫ

Кіші ғылыми қызметкер

1971 жылы Алматы облысы Талғар ауданында туған. Білімі жоғары.
1996-2001 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген..
1989-1995 жылдары республикалық “Өркен”-“Горизонт” газетінде істеген.
1995 жылдан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет істейді, кіші ғылыми қызметкер.
2006-2010 жылдар аралығында тақырыпқа қатысты 9 ғылыми мақала жарық көрді.
2002-2011 жылдар аралығында 15 томдық “Қазақ әдеби тілінің сөздігі” бойынша жұмыс атқарды. 2005 жылы “Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін”, “Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігін” компьютерде теру жұмыстарына белсене атсалысты.

 ЕСЕНТАЕВА ТАЛШЫН КЕҢЕСҚЫЗЫ

Тіл мәдениеті бөлімінің аға лаборанты

1989 жылы 13 наурызда  Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген.
2007-2011 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2011 жылдан қазірге дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аға лаборант болып қызмет істеп келеді.
Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу бағытында дайындалған материалдарды терумен және рәсімдеумен айналысады.

ТІЛ МӘДЕНИЕТІ 
БӨЛІМІНІҢ АЙНАЛЫСАТЫН НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫПТАРЫ

  • қазақ тіл мәдениетінің негіздері
  • әдеби тілдің нормалану заңдылықтары;
  • көркем шығармалар тілінің стилі мен ерекшеліктері;
  • қазақ тілі орфографиясы;
  • қазақ тілі орфоэпиясы;
  • қазақ жазба тілінің мәдениеті;
  • қазақ ауызша сөйлеу тілінің мәдениеті;
  • қазақ тілі стилистикасының мәселелері;
  • қазақ жазуы мен әліпби және графика мәселелері;
  • бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі.
    ОНЫҢ ІШІНДЕ:
    – қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі жаңа қолданыстар;
    – қазақ жазуының қалыптасу кезеңдері, даму жолдары мен бағыттары;
    – қазіргі қолданыстағы қазақ жазуын реформалаудың лингвистикалық негіздемесі;
    – саяси, шаршысөз, көркем, ғылыми, сөйлеу тілі дискурстары;
    – сөздің (речь) функционалдық типтері,  стильдік тармақтар мен жанрлар;
    – комммуникативтік нормалар;
    – жаңа қолданыстарды тіркеу, жүйелеу және жинақтау;
    – қазақ стилистикасының теориялық негіздері;
    – сөз мәдениетінің теориялық негіздері;
    – қазақ жазуының теориялық негіздері;
    – қазақ орфографиясының ғылыми-теориялық негіздері;
    – сөз мәдениетінің лингвомәдени және лингвокогнитивтік аспектілері;
    – қазақ тілі орфографиялық сөздігін толықтыру, жазылуы қиындық тудыратын сөздердің емлесін қалыптандыру;
    – қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін жетілдіру;
    – қазақ тілі орфоэпиялық сөздігінің корпусын толықтыру;
    – емлесі қиындық тудыратын сөздердің сөздігін жасау;
    – мектеп оқушыларына арналған емлесі қиын сөздердің орфографиясы түсіндірілетін анықтағыштар даярлау;
    – қазақ жазуының тарихы мен теориясынан филология факультеттеріне арналған оқулық оқу құралдарын жазу.

ТІЛ МӘДЕНИЕТІ БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫ
Тіл мәдениеті бөлімі 1971 жылы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақайұлы Балақаевтың бастамасымен құрылды. Бөлімнің ашылуына баспа өнімдерінің тілдік сапасына, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетіне қойылатын талаптарға деген қоғамдық сұраныстың күшеюі де түрткі болды. Бөлімде алғашқы жылдары ғылым докторлары М.Балақаев, С.Талжанов, ғылым кандидаттары И.Ұйықбаев, Ө.Айтбаев, З.Бейсенбаева, Қ.Неталиева, Н.Уәли, Ж.Манкеева, А.Алдашева қызмет етті. 1971-1980 жж. аралығында бөлімді басқарған профессор М.Балақаевтың негіздеуімен қазақ тіл білімінде алғаш рет тілдік норма деген ғылыми термин, қалың жұртшылық үшін норма/норма емес деген жаңа талғау-түсінік қалыптасты. Тіл мәдениеті бұған дейін «әдемі сөйлеу», «этикетті сақтау» деген сияқты қарапайым түсініктерді қамтыса, ендігі жерде тілдік норма ұғымымен байланыста ғана түсіндірілді. Тілдік норманы сақтау қоғамда үлкен резонансқа ие болды, норма құрылымдық жағынан зерттеле бастады. Сөзді функционалды жағынан дұрыс қолдану, орфоэпиялық норма, көркем шығармалар тілінің стилі мен сөз мәдениеті, сөз мәдениетіндегі жөнсіз ауытқулар іргелі зерттеу тақырыптарына айналды. Көркем шығармалар тіліндегі нормадан жөнді/жөнсіз ауытқу түрлеріне алғаш назар аударылды. «Сөз өнері» (1976), «Өрелі өнер» (1978) ғылыми жинақтары жұртшылықтың назарына ұсынылды. Нормативтік сөздіктерді шығару қолға алынды. Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің тілдік тәжірибеге емес, ғылыми зерттеулерге сүйенген, академиялық сипаттағы 2-басылымы жарық көрді (1978). Көпшіліктің тіл мәдениетін жетілдіруге арналған құралдар шығаруға айрықша көңіл бөлінді: Мектеп оқушыларына арналған емле сөздігі (1972), «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (1977) жарыққа шықты. 1972 ж. «Тіл мәдениеті және баспасөз» атты ғылыми конференция ұйымдастырылып, қоғамда үлкен резонанс тудырды, бөлім қызметкерлерінің бірнеше зерттеу материалдары жарық көрді. М.Балақаевтың бастамасы және зерттеулері негізінде әдеби тілдің стильдік жүйесі дербес курс ретінде жоғары мектептерде оқытыла басталды. 50 жыл бойы ЖОО-да негізгі оқулық ретінде пайдаланылып келген «Қазақ тілінің стилистикасы» (М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев. Алматы, 1966, 1974) жарыққа шықты.
1980-1994 жж. бөлімді филология ғылымдарының докторы, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, профессор Р.Сыздық басқарды. Бөлім «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1981-1984), «Қазақ көркем әдебиет тілінің мәдениеті» (1985-1989), «Қазақ поэтикалық тілінің сөз мәдениеті» (1990-1993) тақырыптарымен іргелі зерттеулер жүргізді. Олардың негізінде «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1983), «Сөз мәдениеті» (1984), «Көркем текске лингвистикалық талдау» (1989), «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988), «Сөз сазы» (Р.Сыздықова, 1983) еңбектері жарияланды. Соңғы зерттеуде сөз мәдениетінің іргелі мәселелерінің бірі ретінде орфоэпиялық нормалар айқындалып, әдеби тілдегі жеке сөздердің, біріккен сөздердің, ритмикалық топтардың дыбысталу нормалары көрсетіліп, орфоэпиялық ережелері түзілді. Сөйтіп, кодификациялау жұмыстары іске асырылды. Сөз мәдениеті функционалдық аспектіде қарастырыла бастады.
Бұл жылдары бөлім меңгерушісі Р.Сыздықтың бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен Тіл мәдениеті бөлімі қызметкерлері теле, радио, баспа («Жазушы», «Жалын», «Қайнар» баспалары) қызметкерлері, М.Әуезов атындағы драмалық театр актерлеріне, Қазақ мемлекеттік университеті, Қазақ қыздар педагогтік институты, Ауылшаруашылық институты, Театр және өнер институты, Семей, Ақтөбе, Қарағанды  педагогикалық институттары оқытушыларына, бастауыш мектеп, қазақ тілін тереңдетіп оқытатын мектеп (№2, №12 мектептер) мұғалімдеріне сөз мәдениеті, көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, сахна тілі, әдеби тілдің орфоэпиялық нормасы, жастар тілінің мәдениеті, жазу нормасы, стилистика туралы іргелі тұжырымдарды таныту үшін семинар, баяндама, дөңгелек үстелдер, эфир арқылы берілетін арнаулы хабарлар («Сөзстанға саяхат»), тіл үйірмелері үзбей ұйымдастырылып тұрды. Институт көлемінде жүргізіліп отырған «Лингвистикалық жұма» теориялық семинарының ұйымдастырылу шараларына Бөлім меңгерушісі ретінде басшылық етіп отырды. Бөлім қызметкерлері қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне түзетулер мен толықтырулар жасалып, бекітілуіне (1983), осы ережедегі нормалардың қалыптануына, жұртшылықтың жеңіл қабылдауы үшін түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізді. Осы жылдардан бастап қазақ тілі орфографиялық сөздігі корпусын толықтыру, емле ережелеріне енгізілген түзетулер негізінде құрастыру, сөзтізбеге алынған бірліктерді іріктеу, жүйелеу жұмыстары үзбей атқарылып, 1988 ж. Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 4-басылымы жарыққа шықты. Сөздіктердегі орфограммалардың кодификациялық талаптарын түсіндіру мақсатында 1989 ж. «Қазақ тілі орфографиялық анықтағышы» түзетіліп, қайыра жарияланды. «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988) атты ұжымдық монография жарық көрді. Іргелі зерттеулермен қатар бөлім үнемі қазақ тілінде пайда бола бастаған жаңа сөздер мен қолданыстарды тіркеп, жүйелеумен айналысты. Соның нәтижесінде 1985 ж. және 1990 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа қолданыстар» жинағы жарыққа шықты. 1988 ж. ақталған А.Байтұрсынұлы еңбектерін қазіргі графикаға түсіріп, 1992 ж. «Тіл тағылымы» кітабының жариялануына бөлім қызметкерлері үлкен үлес қосты. Баспа бетін көрген қазақ тіліндегі көркем әдебиеттердің тілі мен стилін зерделеу зерттеу нысаны ретінде үнемі назарда болды.
1994-2008 жж. аралығында бөлімді филология ғылымдарының докторы, профессор Уәли Мақажанұлы Нұргелді басқарды. Бұл жылдары «Қазіргі қазақ тіліндегі функционалдық стильдердің қалыптасуы мен дамуы» (1994-1996), «Тіл мәдениетінің ғылыми негіздері» (1997-1999), «Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі» (2000-2002), «Қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі жаңа қолданыстар» (2003-2005), «Қазақ жазуының қалыптасу кезеңдері, даму жолдары мен бағыттары» (2006-2008) атты іргелі зерттеулер жүргізілді. Мұнда сөз мәдениеті функционалды тұрғыдан, сөз мәтінмен байланыста қарала бастады. Сөз мәдениеті мен тіл мәдениеті ұғымдарының аражігі ажыратыла сөз етілді. Сөз мәдениеті тіл мәдениетінің бір құрамдас бөлігі ретінде тілді қолдануды, жеке тұлғалардың сөз саптау мәдениетін нысан етті. Сондықтан Тіл мәдениеті бөлімі тілдік норманы, орфографиялық, орфоэпиялық норманы айқындайтын сөздік, анықтағыштар шығару, жұртшылықтың лингвистикалық біліктілігін көтеретін мақала, кітап шығаруды мақсат етті. Алдымен Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне түзетулер енгізілді (2000); «қазақ тілі орфоэпиясының негізгі ережелері түзілді. Осы негізде Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің үш (2001, 2005, 2007), «Қазақ тілі анықтағышының» екі (1996, 2000), «Сөз сазының» екі (1995, 2000) басылымы, «Қазақ тілі орфоэпиялық сөздігі» (2005), «Орфоэпиялық анықтағыш» (2004) жарық көрді. Сөз мәдениеті негіздері мектеп бағдарламаларына енгізіліп, пән ретінде оқытыла басталды: қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-сыныпқа арналған «Сөз мәдениеті» оқулығы, әдістемелік құралдар (2006), «Емлесі қиын сөздер» сөздігі пайдаланылуға енгізілді.
Р.Сыздықтың зерттеулерінде көркем мәтіндегі тілдік таңбалар эстетикалық мәнділік ретінде қарастырылып, эстетизм, функционализм тұрғысынан зерттелді.
Н.Уәли зерттеулерінің негізінде оған дейін мәселе ретінде қойылмаған жазба тіл мен ауызша тілдің аражігі ажыратылды; әрқайсысының өзіндік нормалары, құрылымдық ерекшеліктері қарастырыла бастады; сөз мәдениетінің коммуникативтік, этикалық және эстетикалық нормалары сараланды; сөз мәдениеті тілдік мәнділіктермен ғана шектелмейтіні, тілдік емес мәнділіктермен де байланысатыны, автор – оқырман, сөйлеуші –  тыңдарман арақатынасы субъект-объект түрінен субъект-субъект түріне, екі тараптың да тең үстемдігіне құрылатыны туралы жаңа тұжырымдар айқындалды. Бұл зерттеулер Н.Уәлидің «Сөз мәдениетінің теориялық негіздері» (2007), Қ.Күдеринованың «Қазақ жазуының онтогенездік дамуы» (2006) атты докторлық, Н.Әміржанованың «1929-1940 жж. латын әліпбиі негізіндегі қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері» атты кандидаттық жұмыстарында қорғалды, «Тілтанымдық зерттеулер» (2009) жинағында жарық көрді. Бөлім қызметкерлері сондай-ақ «Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстанның және басқа да елдердің тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, латын әліпбиіне көшу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу» атты тәуекел зерттеу бағдарламасы бойынша зерттеу жүргізді (2007). Тақырып жетекшісі болған Н.Уәли қазақ жазуының жаңа латын графикасына көшу барысында атқарылатын жұмыстар мен қарастырылуы тиіс міндеттер туралы бастама пікірлер ұсынып, соны идеялар көтерді. Зерттеу нәтижесі «Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы» (2007 ж.) атты жинақта жарық көрді.
2008 жылдан 2010 жылға дейін бөлімді филология ғылымдарының докторы Күдеринова Құралай Бимолдақызы басқарды. Қазір Тіл мәдениеті бөлімін ф.ғ.к. Исаева Жанат басқарып келеді. Бөлімде филология ғылымдарының докторлары Р.Сыздық, Н.Уәли, Қ.Күдеринова және филология ғылымдарының кандидаттары Ж.Исаева, Н.Әміржанова қызмет етеді. «Ауызша коммуникация тілінің мәдениеті» (2009-2011) тақырыбы зерттелу үстінде. Онда ауызша тілдің өзіне тән құрылымдық және нормалық ерекшеліктері таспаға түсірілген қазіргі қазақ сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі, ауызша әдеби тіл материалдарының транскрипциясы негізінде талданып, айқындалып келеді. Ауызша сөздің ресми және бейресми түрлері талданып, айырмашылықтары, сөйлеу тіл нормаларының тілдік емес нормалармен байланысы, этикалық нормалар, эстетикалық нормалардың вербалды, бейвербалды коммуникациядағы ерекшеліктері зерттелуде. Қазіргі қазақ кодификацияланған ауызша тілі орфоэпиясындағы  үдерістер, дыбыс вариацияларының түрлері, жаңа дыбыстық вариациялардың шығу негізі, синтаксистік ықшамдалулар, кодификацияланған ауызша тілдің жазба тілмен сәйкестігі, сәйкес емес тұстары нақты материалдар негізінде дәлелдеу мақсат етіліп отыр. Зерттеуде қазақтың ауызша шешендік сөздерінің әр кезеңдегі субъектілері және тақырып мазмұны мен мақсаттарына қарай ажыратылып, жеке айтыс үлгілерінің тілдік-көркемдік жағы талданды.

ТІЛ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ СТИЛИСТИКА БӨЛІМІНІҢ БАСТЫ ЕҢБЕКТЕРІ:

  1. Қазақ пунктуациясының ережелері (Қ.Неталиева, т.б.). Алматы, 1961.
  2. И.Ұйықбаев. Қазақ тілі орфографиясын оқыту жөніндегі методикалық нұсқаулар. Алматы, 1962.
  3. М.Балақаев. Қазақ тіл мәдениетінің мәселелері. Алматы, 1965.
  4. М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1966, 1974, 2005.
  5. И.Ұйықбаев. Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері. Алматы, 1969.
  6. И.Ұйықбаев.Синтаксисті оқытқанда орфографияны үйрету жөнінде. Алматы, 1963.
  7. М.Балақаев. Қазақ тілінің мәдениеті. Алматы, 1971. 2-басылуы.
  8. Тіл мәдениеті және баспасөз. Алматы, 1972.
  9. Өрелі өнер. Алматы, 1976.
  10. И.Ұйықбаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөз варианттылық проблемасы. Алматы, 1976.
  11. С.Талжанов. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері. Алматы, 1975.
  12. Сөз өнері. Алматы, 1978.
  13. Өнер алды: сөз, тіл өнері туралы цитаталар мен мақал-мәтелдер. Алматы, 1978.
  14. Жазушы және сөз мәдениеті. Алматы, 1983.
  15. М.Балақаев. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. Алматы, 1984.
  16. М.Балакаев. Казахский литературный язык. Алматы, 1987.
  17. Р.Сыздық, А.Алдашева, З.Бейсембаева, Қ.Неталиева. Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі. Алматы, 1987.
  18. Н.Уәлиев. Сөз мәдениеті. Алматы, 1984.
  19. М.Балақаев. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. Алматы, 1989.
  20. Н.Уәлиев, А.Алдашева. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. Алматы, 1988 ж.
  21. Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар. Алматы, 1985, 1992.
  22. А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы. Алматы, 1992.
  23. Н.Уәлиев. Фразеология және тілдік норма. Алматы, 1998.
  24. Н.Уәлиев. Қазақтың бата-тілектері. Алматы, 1993; 2007.
  25.  Қазақ тілі орфографиялық сөздігі Алматы, 1978 ж.
  26. Қазақ тілі орфографиялық сөздігі Алматы, 1988 ж.
  27.  Қазақ тілі орфографиялық сөздігі Алматы, 2001 ж.
  28.  Қазақ тілі орфографиялық сөздігі Алматы, 2005 ж.
  29.  Қазақ тілі орфографиялық сөздігі Алматы, 2007 ж.
  30.  Қазақ тілі орфоэпиялық сөздігі Алматы, 1977 ж.
  31. Қазақ тілі орфоэпиялық сөздігі. Алматы, 2005 ж.
  32. Р.Сыздық. XV-XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1968, 1984, 1993, 2000.
  33.  Р.Сыздық. Сөздер сөйлейді. Алматы, 1980 ж., 1994.
  34.  Р.Сыздық. Язык Жами’ат-тауарих Жалаири. Алматы, 1989.
  35.  Р.Сыздық. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы, 1991.
  36.  Р.Сыздық. Сөз құдіреті. Алматы, 1997.
  37.  Р.Сыздық. Емле мен тыныс белгілері. Алматы, 1959, 1947, 1996, 2000 жж.
  38. Р.Сыздық. Сөз сазы. Алматы, 1983, 1995, 2000.
  39. Р.Сыздық. Тілдік норма және оның қалыптануы. Алматы, 2001.
  40.  Р.Сыздық. Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар. Алматы, 2009 ж.
  41. Р.Сыздық. Абайдың сөз өрнегі. Алматы, 1995.
  42. Тіл мәдениеті. Оқу құрал. Алматы, 2005. (бірлескен авторлар);
  43. Қазақ тілі. Сөз мәдениеті. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-сыныбына арналған оқулық, әдістемелік құралдар; Алматы, 2006, 2010
  44. Қазақ тілі. Байқау оқулығы. Алматы, 2009. 12 жылдық мектептің 6-сыныбына арналған.
  45. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі. Фонетикалық курс (2009)
  46. Қ.Күдеринова. Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы. Алматы, 2005.
  47. Қ.Күдеринова. Қазақ жазуының теориялық негіздері. Алматы, 2006, 2010.
  48. Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы. Алматы, 2004.
  49. Н.Уәли, Қ.Жаманбаева, Қ.Күдеринова. Емлесі қиын сөздер сөздігі. Алматы, 2000.
  50. Қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі жаңа қолданыстар // Тілтанымдық зерттеулер. Алматы, 2007.193-233 бб.
  51. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі //  Тілтанымдық зерттеулер. Алматы, 2007.83-155 бб.
  52. Р.Сыздық. Ғылыми таным үзіктері. Мақалалар жинағы. 3 томдық. Алматы, 2009.

БОЛАШАҚТАҒЫ ЗЕРТТЕУ БАҒЫТТАРЫ
– сөз мәдениетінің лингвомәдени және лингвокогнитивтік аспектілері;
– қазақ тілі стилистикасының теориялық мәселелері;
– қазақ тілі стилисикасының прагматикалық аспектісі;
– қазақ жазуының теориялық негіздері;
– сөз мәдениетінің теориялық негіздері;
– саяси, шаршысөз, көркем, ғылыми, сөйлеу тілі дискурстарының өзіндік ерекшеліктері;
– сөздің (речь) функционалдық типтерін,  стильдік тармақтар мен жанрлар құрамын зерделей отырып коммуникативтік нормаларды айқындау;
– ауызша коммуникация тілінің прагматикасы;
– жазба коммуникация тілінің прагматикасы;