Сайт находится в стадии разработки

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Зертхана

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы зертхана және оның кітапхана қоры туралы

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы зертхана 1999 жылы сол кездегі Институт директоры К.Ш.Хұсайын және директордың орынбасары Н.Уәлидің бастамасымен құрылды. Зертхана қорында лингвистика бойынша 7000-дай кітап қоры бар кітапхана жұмыс жасап жатыр.

     Зертхананың мақсаты

Институтқа 1999 жылдың 30 маусымында аты берілген ғұлама ғалым, ұлттың рухани көсемі болған ХХ ғасырдың ірі тұлғасы, қазақ лингвистикасының негізін қалаушысы, әлемдегі преценті жоқ феномендік әліпбидің (төте жазу) авторы, ағартушы, қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын жинақтау, жүйелеу, зерттеу, дәріптеу.

     Зертхана қорында

1) А.Байтұрсынұлының ғылыми мұралары, кейбір тарихи деректер, материалдар, қолжазбалар.

2) А.Байтұрсынұлының ғылыми мұраларына зерттеуге арналған диссертациялық жұмыстар.

3) А.Байтұрсынұлының ғылыми мұраларына арналған монографиялар.

4) А.Байтұрсынұлының еңбектеріне арналған ғылыми мақалалар.

5) А.Байтұрсынұлының мерейтойларына арналған конференция материалдары.

6) 7000 таза лингивистикалық ғылыми кітаптан тұратын кітапхана бар.

     Кітапхана – біздің қазынамыз, мақтанышымыз. Қазақ және түркі тіл білімі, жалпы тіл білімі бойынша қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялар, баспасөз материалдары, ғылыми еңбектер, сөздіктер кең қамтылған кітап қорымен Институт қызметкерлері, Республика облыстарындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары, шетел ғалымдары, ізденушілер жұмыс жасай алады. Оқырман залында 8 адамдық жұмыс үстелі бар.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» және ҚР-дағы «Тілдерді қолдану мен дамытуға арналған 2001-2010, 2011-2020 жж. мемлекеттік бағдарламалары» бойынша шыққан іргелі еңбектер де кітапхана сөресінен орын алды. Кітапхана қоры Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Қытай, Түркия және т.б. елдерден алынған кітаптармен, сонымен қатар жаңадан шыққан ғылыми, ғылыми-көпшілік еңбектермен үнемі толығып отырады. Қордағы кейбір жаңа кітаптар мен Институт зерттеулерінің нәтижелерін жариялаған «Тілтанымдық зерттеулер», ғылыми монографиялар, сөздіктер т.б. сатуға ұсынылады.
Қазақ лингвистикасы бойынша ғылыми ізденушілер үшін бұл зертхана, оның кітапханасы Қазақстан кеңістігінде аналогы жоқ ықшам зерттеу орталығы болып отыр.
     Зертхананың құрылу тарихы. Зертхананың негізгі кітап қоры фонетист ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Жұбаныш Аралбаевтың жеке үй кітапханасының негізінде ашылды. Ғалым қайтыс болғаннан кейін, 1995 жылы жұбайы Разита апайдан Институттың сол кездегі директоры Көбей Шахметұлы Хұсайынның бастамасымен Сорос қорының қаржылық көмегімен 6 000 ғылыми кітапты Институт базасына алынды. Сол кездегі Сорос қорының Қазақстандағы басшысы Брайн мырза кітаптарды қоятын жермен өз көзімен қарап танысып шыққаннан кейін келісімін беріп, кітапхананың материалдық негізі жасақталды. Кітапхананың қоры зерттеуші Адай Есенқұлұлының ғылыми-лингвистикалық кітаптарымен де біраз толықты. Содан бері кітапхана қоры, атап айтқанда, Ә.Нұрмағамбетов, А.Құсайынов, Ғ.Айдаров, С.Омарбеков, Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, Ө.Айтбаев, Т.Жанұзақ, Н.Уәлиұлы, Ә.Жүнісбек  т.б. жеке ғалымдардың сыйға тартқан кітаптарымен де толығып, молайып отырды.
1995 жылы зертхана құрылғанан бері әр кезеңде оның жұмысына жауапты болған мамандар қатарында: Шынар Канафьева, Гүлмира Садирова, Айгүл Иманғазина, Гүлжиһан Көбденова, Гүлнәр Әбдіхалықова (қазіргі уақытта) бар. Олар әр кезеңде кітапхананы толықтыру, реттеу жұмыстарын жауапкершілікпен орындап отырды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты
Г.Б.Көбденова