Сайт находится в стадии разработки

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Маңызды

2018-03-31

Латынға көшу: тәжірибе, проблемалар, оларды шешу жолдары

Латын графикасына көшу тек әліпби алмастырумен шектелмейді. Қазіргі әліпби — бұрынғы отарлық саясаттан қалған «мұра», ал жаңа әліпби — рухани жаңғыру көзі, тәуелсіз ойдың бастауы болмақ.

Ақтөбеде өткен«Латынға көшу: тәжірибе, проблемалар, оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ғалымдар осыны атап өтті.

 

Конференция облыс әкімдігі және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауы арқылы облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, Түркия, Әзірбайжан мемлекеттерінен келген ғалымдармен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің өкілдері, басқа облыстардағы тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, Ақтөбедегі жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, мектеп директорлары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының күмбезді залында өткен конференцияның пленарлық мәжілісінде алғашқы баяндаманы А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек оқыды. Ғалым латын графикасына көшудегі проблемалар мен оларды шешу жолдарына тоқталды. Бұл ретте өзге түркітілдес елдер тәжірибелері мұқият сараланыпты.

— Әзірбайжан елілатын графикасына көшу жөніндегі шешімді 1991 жылы қабылдады. Бұрынғы кирилл жазуында олардың үш төл дыбысы түсіп қалған. Жаңа әліпбиде осы олқылықтың орны толтырылды. Мысалы, кирилл арқылы «гарындаш»болып қате айтылып келген сөзді енді «қарындаш» деп, дұрыстап айтатын болды. Әліпбиге қатысты реформа ғылымға сүйенуі керек, сонда ғана келеңсіз жағдайларға жол берілмейді, —деді Ерден Қажыбек.

Ш.Шайсұлтанов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов тәуелсіздік алғалы сан рет көтерілген латын әліпбиіне көшу туралы мәселені қолдаушылармен қатар, қарсы пікір айтушылар да бар екенін айта келіп:

— Кейбір әріптестеріміз латын жазуына қарсылықтарын Ахаң бастаған Алаш зиялыларының латынға қарсы болуымен негіздегілері келеді. Өткен ғасырдың 20-жылдарының орта тұсында Ахмет Байтұрсынұлы және оны жақтаған ұлт зиялылары латын әліпбиіне қарсы болғаны рас. Олар латын әліпбиіне қарсы болғанда, бізге мұсылмандықпен келген, исламның ізгі, имани қасиеттерін дарытқанбайырғы араб жазуын қалдыру үшін қарсы болды, қазақ араб қарпімен бірге, ата дінінен де ажырай ма деген қауіппен жаңаша жазуды қабылдағылары келмеді. ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының араб жазуын қимауының жөні қисынды, ал біздің түбі миссионерлік саясатпен келген қазіргі жазуды қимауымыз тіпті қисынсыз. Бұл мәселеде Байтұрсыновтың латын жазуына қарсылығын емес, неге қарсы болғандығын терең түсіну керек, — деді.

Түркиядағы Эге университетінің Түркі әлемін зерттеу институтының негізін қалаушы, академик Туркмен Фикрет түркі әліпбиінің 4-4,5 мың жылдық тарихы бар деп есептейді.

Конференцияда жасаған баяндамасында ол бүгінде түркі халықтары өте үлкен аумақта, әртүрлі мемлекеттер құрамында шашырай өмір сүріп жатқандықтан, әртүрлі әліпбиді қолданып жүргендерін айта келіп, ең көп қолданылатыны латын, кирилл әріптері екенін атап өтті.

Академик Туркмен Фикретдеректерді алға тартып:

—  Өткен ғасырдың алғашқы жартысында КСРО құрамындағы түркі халықтары бірнеше рет әліпби алмастыруға мәжбүр болды. КСРО-ның саясаты салдарынан 13 халық үш рет, 21 халық екі рет әліпби алмастырды, жеті тіл жоғалып кетті, — деді.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек қазіргі әліпбидегі кірме таңбалар төңірегінде талдау жасай келіп:

— Қазіргі әліпбиді «қазақ әліпбиі» емес, «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады. Ол әлдеқашан бір тілдің емес, қос тілдің әліпбиі болып орнығып алған, — деді.

Кірме таңбаларды ғалым «тілбұзар әріптер» депатады.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов латын әліпбиіне ауысудың ұтымды тұстарына тоқталды.

— Біз таңбалар әлемінде өмір сүреміз. Осы таңбалар әлемінің бір тұсында үйлесімсіздік, бұзушылық болса, рухани экологиялық апат келді деген сөз. Бұл мәселені терең зерттесе, талай сыр ашылатын секілді. Осы сияқты терең рухани-танымдық негізді жоғалтпау үшін, сақтау үшін біз тілімізді әліпбиге емес, әліпбиді тілімізге бейімдеуіміз керек. Ал қазір жұртшылық бұл мәселеге таңба ауыстыру ретінде ғана қарап жүрген сыңайы бар. Латын қарпіне көшуде таза технократтық бағыттар басымдық алып кететін секілді, сондықтан бұл жерде шешуші сөзді тіл фонологиясының, семантикасының мамандарына берген дұрыс деп санаймын, — дейді профессор Жантас Жақыпов.

С.Демирель атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова өз баяндамасындааты-жөнімізді қазақшаға көшіру мәселелері төңірегінде әңгіме қозғады:

— 1917 жылы ұлт көсемі — Әлихан Бөкейхан аты-жөнімізді қазақшалау жөнінде мәселе көтерген екен. Арада жүз жыл өтсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай келеді. Қазір қолданылып жүрген «ов», «ев»-пен аяқталатын форма алғаш орыс құжаттарындағы қазақ елшілерінен кезігеді. Бірақ бұл — қазақ елшілерінің өз ықтиярымен емес, Ресей отарлаушыларының олардың сыртынан жазып жіберуінен болған іс. Ауыз әдебиеті нұсқаларына үңілсек, қазақтар өз есімдерін әкесінің атымен қосып атап келген: «Базарбайұлы Төлеген», «Сырлыбайқызы Жібек» деген секілді… ХХ ғасыр басындағы зиялылар да осы үлгіні қолданған, мысалы,өткен ғасырдың 20-жылдарындағы баспасөзде авторлардың аты-жөні «Шонанұлы Телжан», «Әуезұлы Мұқтар» боп келеді. Бірақ, 30-жылдардың соңынан бұл үрдіс жойылып, қазақтардың аты-жөні «ов», «ев» арқылы жазыла бастады. Тек Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы, Әлкей Марғұлан секілді бірен-саран адамдар ғана аты-жөндерін орысшаға көшірмей, қазақша нұсқада сақтап қалған, — деді ол.

Сондай-ақ, жиында жаңа әліпбидің қазақ ұлтын біріктіру, түркі әлемімен тығыз байланыс орнату ісіндегі ролі, латын графикасына көшуді жүзеге асыруда кезең-кезеңмен атқарылатын міндеттер, т.б. мәселелер талқыланды.

Зерттеулер көрсеткендей, біздің облыс халқының 71,6 пайызы әліпбиді латын графикасына көшіруді қолдап отыр.

Индира ӨТЕМІС


 

Басқа тараулары