Сайт находится в стадии разработки

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Хабарландыру

2018-03-31

Қазақ филологиясы ауыр қазаға ұшырады

Осы жылдың 30 наурызында қазақ ғылымы ауыр қайғыға душар болды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтын ұзақ жылдар бойы басқарған филология ғылымдарының докторы, профессор  Хұсайын Көбей Шахметұлы 74 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқастан өмірден озды.


 

К.Ш.Хұсайын 1945 жылы 27 наурызда көрнекті мәдениет қайраткері, драматург-жазушы Шахмет Хұсайын мен Халық әртісі Бикен Римованың отбасында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, 1968 жылдан бастап Көбей Шахметұлы Тіл білімі институтында жұмыс істеді: 1968-1971 жылдары аспирантурада оқыды, 1971-1978 жылдары кіші, кейін аға ғылыми қызметкер, 1978-1982 жылдар аралығында ғалым-хатшы, 1982-1992 жылдары жетекші ғылыми қызметкер, 1992-1995 жылдары директордың ғылым жөніндегі орынбасары және 1995-2009 жылдары аралығында ҚР БҒМ Тіл білімі институтының директоры лауазымдарын атқарды. К.Ш.Хұсайын өмірінің соңғы кезіне дейін Институттың бас ғылыми қызметкері болып жемісті еңбек етті.

К.Ш.Хұсайын директорлық еткен жылдар қазақ ғылымының қиын да жауапты кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл бұрынғы кеңес түркітану ғылымы мен қазақ тіл білімінің ірі дербес ұлттық қазақ тілтанымы мен отандық лингвистиканың орталығына айналған сәті еді. Осы жылдары К.Ш.Хұсайынның жетекшілігімен қазақ ғалымдарының әлемдік түркітану ғылымының жауһарлары қатарына қосылған классикалық еңбектері жарық көрді, атап айтсақ: «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1999 ж.), үлкен «Қазақша-орысша сөздік (2001 ж.), «Қазақ грамматикасы» (2003 ж.), «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (2000 ж.), «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (2003 ж.), «Орысша-қазақша сөздік» (2005 ж.) және 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі (2006-2011 жж.).  

К.Ш.Хұсайынның ғылыми еңбектері ішінен қазақ тілінің лексикология, фонетика, фоносемантика, лексикография салаларының теориялық мәселелеріне, терминология, мемлекеттік тілдің қолданылуы мен қазақ тіл білімінің тарихына арналған «В.В. Радлов и казахский язык» (1981 ж.),  «Звукоизобразительность номинации в казахском языке» (1988 ж.), «Проблемы фоносемантической деривации» (1998 ж.), «Дыбысбейнелеуіштік теориясының негіздері» (2009 ж.), «Қазақ-ағылшын фразеологиялық сөздігі» (2010 ж.), «Қазақша-ағылшынша лингвомәдени лексика сөздігі» (2011 ж.), «Дыбыс-звук, мағына-значение, сөз-слово» (2016 ж.) атты кітаптары халықаралық танымалдыққа ие болды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы Ғылыми кеңес пен докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңестік төрағасы, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі, «ҚР ҰҒА Хабаршысы» журналы редакция алқасының мүшесі, «Тілтаным» журналының жауапты редакторы, Жоғары аттестаттау  комиссиясы Төралқасының мүшесі ретінде К.Ш.Хұсайын  қазақ тілін зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға, тіл білімі мамандарын даярлауға, қазақ тілі білімі мен мемлекеттік тілді дамытуға орасан зор үлес қосты.

К.Ш.Хұсайын  Мәскеу, Ленинград, Чебоксары, Қазақ (Ресей), Бішкек (қырғызстан), Копенгаген (Дания), Анкара, Ыстамбұл, Измир (Түркия), Майнц, Франкфурт-на-Майне (Германия), Утрехт, Тилбург (Голландия), Прага (Чехия) және Бейжің, Үрімші (Қытай) қалаларында халықаралық ғылыми конференцияларда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баяндамалар жасады.

Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, республикамыздың жетекші ғалымдарының бірі, көрнекті түркітанушы әрі қазақ тілі білімінің маманы, қазақ линвистикасының ғылыми орталығы – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтын 15 жылға жуық басқарған Көбей Шахметұлы Хұсайынның бейнесі есімізде артында құнды ғылыми еңбектер мен ана тіліне және отанға қызмет көрсетудің жарқын үлгісі болып мәңгі сақталмақ.


 

Басқа тараулары