Сайт находится в стадии разработки

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Тұлға

2015-12-10

Сыздық Рәбиға Сәтіғалиқызы

Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық – филология ғылымдарының докторы, профессор.


 

Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері. 1924 ж. 17 тамызда Ақтөбе облысы, Ойыл қалашығында қызметкер отбасында туған. Әкесі Сәтіғали Құтқожин (1888-1937) 1920-1928 жылдары Ойыл аудандық байланыс бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 1928-1937 жылдары Ақтөбе қаласында, Табын (қазіргі Байғанин), Арал, Темір аудандарындағы байланыс бөлімдерін басқарған. 1937 жылы «халық жауы» деген атпен ұсталып, осы жылдың соңында Ақтөбе қаласында атылған. Р.Сыздық 1938-1940жж. Темір қаласындағы педучилищеде білім алып, 1940-1945жж. Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, педучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1944 ж. жедел түрде екі жылдық Ақтөбе Оқытушылар институтын, 1945ж. Абай атындағы Алматы педагогикалық институтына түсіп, 1947 ж. үздік бағамен (қызыл дипломмен) бітірген, 1947-1951жж. осы институттың аспирантурасында оқыған. 1951-1957 жж. Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, кейін редакция меңгерушісі, 1957 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында (қазірде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы) ғылыми қызметкер, Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, ал 1980-1994 жылдары бөлім меңгерушісі, 1994 жылдан бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. «Абай қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық (1959ж.), «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация (1971ж.) қорғады. Осы салада үш монография жариялады: «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971), «Абайдың сөз өрнегі» (1994). ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996).

Р.Сыздықтың диссертациялық зерттеу еңбектерінен өзге бағытта айналысқан тақырыптары:

  • қазақ әдеби тілінің бес ғасырлық (ХV – ХІХ) даму тарихы
  • қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштер тілі
  • тарихи лексикология
  • лингвистикалық стилистика
  • тіл мәдениеті және орфография
  • орфоэпия;

Бұл салалар бойынша «XV—XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968, 1984, 1993, 2000 жылдары жарық көрген), «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994), «Язык Жами'ат-тауарих Жалаири» (1989), «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы» (1991), «Сөз құдіреті» (1997), «Емле мен тыныс белгілері» (алғашқы басылымдардағы атауы «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш») (1959, 1947, 1996, 2000), «Сөз сазы» (1983, 1995, 2000), «Тілдік норма және оның қалыптануы» (2001), «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» (2009ж.) т.б. 27 кітап, 250-ден астам мақалалардың авторы.

Рәбиға Сыздық қазақ тіл білімі үшін «Лингвистикалық стилистика» деп аталатын жаңа саланың негізін салушы деп есептеледі. Мұны ғалымның «Абайдың сөз өрнегі», «Сөз құдіреті» атты монографиялары мен шәкірттері қорғаған диссертациялық жұмыстары дәлелдейді. Р.Сыздықованың бірнеше басылым көрген еңбектері республикамыздың жоғарғы оқу орындарының филология факультеттері студенттері үшін оқулық құралы ретінде пайдаланып келеді. Ғалымның жетекшілігімен 4 докторлық және 19 кандидаттық диссертация қорғалды. «Еңбегі сіңген ғылым қайраткері» атағымен, «Құрмет Белгісі» орденінімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, Мемлекеттік сыйлықтың, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері.


 

Басқа тараулары